Қытай қартайып барады

1259

Бұл елде 60-тан асқандар саны қазірдің өзінде 300 миллионға жақындап қалды. Компартия оларды асыраудың жолын іздеп жатыр. 

Қытай қартайып барады Фото: reuters.com

Қытай халқының қартаюы Бейжің саясатының алдағы онжылдықтағы ішкі тұтынуды ұлғайту мен қарызды шектеу жөніндегі негізгі мақсаттарына қауіп төндіріп отыр. Және де бұл жағдай экономиканың ұзақ мерзімдік өсу перспективалары үшін үлкен қиындық тудырады деген болжам бар.

Қытайдың 60-тағы және одан асқан тұрғындарының саны 2023 жылы 296,97 миллионға жетті. Бұл – ҚХР-дің жалпы халқының шамамен 21,1 пайызы. Салыстырып көрсек, Қытайда 2022 жылы мұндай жастағы адамдардың қатары 280,04 миллионды құраған. Ел осылайша тез қартайып жатқандықтан, зейнетақы жүйесі елеулі реформаларсыз бұл өсімге ілесе алмайды деген алаңдаушылық туындап отыр.

ҚЫТАЙДЫҢ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Қытайдың зейнетақы жүйесі мемлекет басқаратын базалық зейнетақы жүйесін қоса алғанда, үш тіректен тұрады.

Екіншісі – жұмыс берушінің қызметкерлерге арналған ерікті зейнетақы жоспары, ал үшіншісі – жеке ерікті зейнетақы схемалары.

Корпоративтік және жеке схемалар әлі дамымаған, дейді ғалымдар, ал мемлекеттік схема қазірдің өзінде айтарлықтай қаржылық қысымға ұшырап отыр. Ол негізінен жалпыұлттық схема ретінде емес, провинциялық деңгейде басқарылады.

Елдің солтүстігіндегі үкіметтер экономикасы әлсірегендіктен және жылдар бойы халықтың көптеп кетуіне байланысты ең үлкен зейнетақы тапшылығын бастан кешіп жатыр.

Қытай аймақтар арасындағы теңсіздікті жою үшін 2018 жылы зейнетақы қорларын Гуандунь сияқты жағалаудағы бай провинциялардан Хэйлунцзян және Ляонинь тәрізді жерлерге көшіруге арналған қор құрды.

Қытайдың провинциялық деңгейдегі юрисдикцияларының шамамен үштен бірінде зейнетақы тапшылығы байқалып отыр. Ал, елдің мемлекеттік ғылым академиясының болжамынша, 2035 жылға қарай мемлекеттік зейнетақы жүйесінде ақша таусылуы мүмкін.

Зейнетақы сарапшыларының пікірінше, Қытайдың мемлекеттік зейнетақы шығындары қазірдің өзінде оның жалпы ішкі өнімінің 5 пайызынан асып кеткен.

ҚЫТАЙЛАР ЗЕЙНЕТАҚЫНЫ ҚАШАН АЛАДЫ?

Қытайда ерлер 60 жаста, ақ жағалы немесе қызметкер әйелдер 55-те, ал зауыттарда жұмыс істейтін әйелдер 50 жаста зейнеткерлікке шығып, пенсия ала бастайды.

Қытай тұрғындарының өмір ұзақтығы 1960 жылы шамамен 44 жас еді. 2021 жылға қарай 78 жасқа дейін өсті. Бұл - Америка Құрама Штаттарындағы көрсеткіштерден де жоғары. Ал 2050 жылға қарай қытайлықтар 80 жастан астам ғұмыр кешеді деген болжам бар.

Қытайдың 1,409 миллиард халқының 20 пайыздан астамы - 60 жастан асқан адамдар.

Қытайда әлемдегі ең үлкен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі бар: мемлекеттік БАҚ-тың хабарлауынша, 2022 жылдың аяғында шамамен 1,05 миллиард қытайлық өзінің ұлттық базалық зейнетақысына жарна төлеген немесе одан пенсия алған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша, 2020 жылы Қытайдағы орташа айлық зейнетақы төлемі шамамен 170 юаньға (23,62 доллар) жеткен.

Салыстырып көрсек, АҚШ-та үкімет қаржыландыратын әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламасы 2024 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша айына орта есеппен $1,907 төледі.

Орташа америкалық жұмысшы орташа қытайлық жұмысшының жалақысынан үш еседен артық алады.

ҚЫТАЙ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫР МА?

Қытайдың мемлекеттік кеңесі 2022 жылы қартайып бара жатқан халықты қолдау жоспарын ұсынды. Оған қарттар үйлерінің санын көбейту мен адамдардың қаржылық өнімдерге инвестиция салуын жеңілдетуді көздейтін жаңа жеке зейнетақы схемасын құру кіреді.

Алайда зейнетақы реформасы баяу жүргізіліп жатыр.

Қытай ресми түрде 2020 және 2021 жылдары заң бойынша зейнеткерлікке шығу жасының ұлғайтылатынын жариялады. Бірақ бұл мәселеге қатысты қосымша мәлімет берілмей отыр.

Дегенмен, көптеген азаматтар әлеуметтік желілерде кез келген ықтимал өзгерістерге ашуы мен алаңдаушылығын білдіріп келеді.

2002 жылы еңбекке жарамды он қытайлық 1 зейнеткерге қолдау көрсеткен. Ал, 2021 жылы 1 қартты асырауға  5 жас адам еңбек етіпті. 2030 сол жұмыскерлердің саны 4-ке, 2050 жылы 2-ге дейін төмендеуі мүмкін", - дейді Macquarie компаниясының бас экономисі Ларри Ху "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу