Қытай Қазақстанның астығына сұранысты арттырды

3451

Қытайдың ірі компаниясы қазақстандық өнімдерге қызығып отыр.

Қытай Қазақстанның астығына сұранысты арттырды

"2019 жылдың 3 тамызында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қытайлық ірі "COFCO International" компаниясының өкілі Сунь Дэляньмен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қытай Халық Республикасына қазақстандық астық, майлы дақыл мен жем-шөпті жеткізу мәселелерін талқылады", деп жазады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

"COFCO" компаниялар тобына келесі бағыттар бойынша жұмыс істейтін 18 халықаралық компания кіреді. Атап айтар болсақ, олардың айналысатын салалары: ауыл шаруашылығы өнімдерін сату; ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу; қаржылық қызметтер, сақтандыру, банктік операциялар; коммерциялық және мемлекеттік ғимараттардың құрылысын қоса алғанда, жылжымайтын мүлік.

Айта кетерлігі, компанияның майлы дақылдарды өңдеу бойынша жылына максимум қуаттылығы 23 млн тоннаны құрайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, "COFCO" компаниясының агроөнім саудасының жыл сайынғы айналымы 150 млн тоннаны құрайды. Компанияның активі 13 млрд АҚШ долларына тең. Соның ішінде компания активтерінің 60%-ы Бразилия, Аргентина секілді шетелдерде.

Компанияда 100 мың қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 12 мың қызметкер әлемнің 35 елінде орналасқан компанияның халықаралық филиалдарында қызмет етеді.

Министрлік мәліметінше, "COFCO" компаниясы жаңа стратегияға сәйкес ҚХР халқын ғана емес, әлемнің басқа да елдерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге ниетті.

Қазіргі уақытта Қытайда Қытай кеспесін өндіру үшін жоғарыпротеинды сапалы қазақстандық бидайға сұраныс өсуде. Келешекте ҚХР-ның солтүстік-батыс бөлігінде сұраныстың одан әрі өсуі күтілуде.

Министр Сапархан Омаров Қазақстан аумағында зығыр өңдеу жобасына инвестиция салу мәселесін қарастыруды ұсынды. Бұл бағытта біздің республикамызда үлкен әлеует бар. Мысалы, өткен жылы 980 мың тоннадан астам зығыр экспортталды.

Қазақстандық тарап сондай-ақ "COFCO" компаниясымен бірлесіп, қазақстандық АӨК өнімдерінің жаңа өткізу нарықтарына шығуы үшін МҚҰ тартуға ұсыныс жасады.

Сонымен қатар, "COFCO"  қазақстандық компаниялармен жоңышқа импорты бойынша келіссөздер жүргізуге дайын.

ҚХР-ға сапар барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі COFCO ДК төрағасымен және компания бөлімшелерінің басшыларымен кездеседі.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу