Қытай Қазақстанның өнімдерінен жаппай бас тартып жатыр

3771

Үкімет шың еліне енді бидай жеткізуді де тоқтатуға мәжбүр.

Қытай Қазақстанның өнімдерінен жаппай бас тартып жатыр

Н.Назарбаев Қытайды "Қазақстанның алып мұхитына" теңеп, оның ұлан-ғайыр нарығы игерілетінін мәлімдеген еді. Ал 2022 жылғы 14 қыркүйекте Қазақстанға мемлекеттік сапар жасаған Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин қазақ-қытай қарым-қатынастарының жаңа "алтын 30 жылдығының" басталғанын жариялады.

Бірақ бұл мәлімдемелерге кәсіпкерлер күмән келтіреді. Себебі Қытай тарапынан шектеулер көп болып тұр.

Мысалы, таяуда "ҚТЖ-Жүк тасымалы" компаниясының бас директоры Владимир Петров жүк жөнелтушілермен кеңес барысында ҚХР-ға биылғы жылы астық тасушы вагондармен бидай жөнелту сол бойы қалпына келтірілмейтінін жариялап, үмітін үзді. 

2022 жылдың 8 айында "ҚТЖ-ЖК" компаниясы жалпы ауқымы 5,7 млн тонн астық тасыпты. Соның ішінде республика ішіндегі тасымал 1,2 млн тоннадан, экспорт – 4,4 млн тоннадан асты.

Ағымдағы қыркүйек айының 15 күнінде 296,4 мың тонна бидай жөнелтілген. Соның ішінде ішкі тұтыныс үшін 111,9 мың тоннасы (өсім былтырғы ұқсас мерзімдегіден 117%), экспортқа – 184,5 мың тоннасы (-22% құлдырады) артылды. 

Қазақстан Батыс елдеріне ас атасының шикізатын экспорттауды еселеп ұлғайта алды: 2022 жылғы 7 айда Еуропа 183,3 мың тонна қазақ бидайын сатып алған, бұл өткен жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 2,1 есе артық.

Биылғы 8 айда ұн мен кебектің 1,6 млн тоннасы (өсім 114%) теміржолмен тасылды. Оның 1,1 млн тоннасы (126%) экспортқа кеткен. Қыркүйектің 15 күнінде вагондарға ұн мен кебектің 115,3 мың тоннасы (120%) артылса, соның 28 мыңын (минус 36%) еліміздің өзі тұтынған, ал шетелге 87,3 мың тоннасы (былтырғы ұқсас кезеңдегіден 166% көп) шығарылған. 

Негізі, күз ең көп астық сатылатын шақ саналады. Оның үстіне бидай мен ұнды сыртқа шығаруға қойған жазғы шектеуін Үкімет алып тастады. Владимир Петров шектеу жойылғандықтан, бидай мен ұн экспорттаушылар өнім жөнелту үшін жаппай астық тасушы вагондарды, контейнерлерді сұрата бастағанын хабарлады. 

Алайда бұл думаннан Қытай қалыс қалады. 

"ҚТЖ-ЖТ" осы қыркүйек айына экспорттаушылардан ҚХР-ға жалпы көлемі 147,3 мың тонна бидай жеткізу туралы өтінішіне келісімін беріпті. Оның 124,3 мың тоннасы "Достық", қалған 19,4 мың тоннасы "Алтынкөл" шекаралық өтпесі арқылы жіберіледі деп жоспарланды.

Дегенмен шың елі қыркүйекте соның тек 18,6 мың тоннасын өткізген. Жоспар 26% ғана орындалды. 

"Қытайдағы ахуал тамыз айында күрт нашарлады. Егер жыл басынан Қытай жағында ешқандай пойыздарымыз бөгелмеген болса, ал бүгінде 70 пойызымыз қытай шекарасында қозғалыссыз қаңтарылып тұр. Оның арасында 36 контейнерлік пойыз бар. Оның 25-іне астық тиелген. Біз қытай тарапымен бірнеше келіссөздер жүргіздік. Біздің тобымыз шекараға сапарлады. Алашанькоу қытай темір жол станциясында жол бөлімі директорымен сөйлестік. Қытай тарапы астық және басқа да ауыл шаруашылығы жүктері ҚХР кедендік заңнамасы бойынша тексеру және талдау үшін міндетті жүктерге жататынын мәлімдеді. Сондықтан олар әрбір контейнерді асықпай, 100% тексеруін жалғастырды. Пойыздағы әрбір контейнерден алынған сынамалар Үрімшідегі лабораторияға жіберіледі. Ол сынаманы талдау 5-7 күнді құрайды", – деп қапаланды Владимир Петров. 

Бұл ретте Қазақстанда вагондар тапшы.

Осыған байланысты "ҚТЖ-Жүк тасымалы" компаниясы ауыл шаруашылығы жүктері тиелетін контейнерлерді Қытайға жөнелтуге қатысты қазан айына өтініштер қабылдаудан бас тартты. 

Компания басшысы биылғы жыл соңына дейін ҚХР-ға астық тасымалдаушы вагондармен (зерновоз) ауыл шаруашылығы жүктерін жеткізу жоспарланып отырмағанын хабарлады. Жүк тасымалының бұл форматына Қытай бір жыл бұрын тыйым салып тастапты. Сонда контейнермен ғана тасымал қалып еді. Енді оның жолын да тұсап отыр.

Компанияның бас директоры В.Петров егер қандай да бір ілгерілеушіліктер бола қалса, онда шығыс көршіге астықты контейнерлермен жеткізу мәселесіне 10 қазанда оралуға болатынын қосты. Әйтпесе, биыл контейнерлік тасымал да тосылады. 

"ҚТЖ-ЖТ" Ақтау порты әрі кетсе айына 200-250 мың тонна астық экспортын ғана өткізе алатынын, одан арттыруға қауқар-қуаты жетпейтінін ескертті. 

Жалпы алғанда, теміржол компаниясы Үкімет белгілеген 6-6,5 миллион тонна астық пен ұн экспортын келесі жылғы сәуір-мамырға дейін игеруді болжап отыр.

Қынжылтатыны сол, әлемді асырамақ түгіл, өз халқымыз да бидай мен ұннан тарығып жатады. Салдарынан биыл барлық дерлік өңірде нан қымбаттады. Диірменшілер еліміздің солтүстігінен оңтүстігіне бидай жеткізуде қиындықтар барын жариялады. 

В.Петров мұндай проблема барын мойындап, оның шешіліп жатқанына сендірді. Атап айтқанда, Шу станциясы ауданындағы ескі, тозған жолдарда жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Нәтижесінде, жүк пойыздарының жылдамдығы артады.  

"Пойыз жүргізушілері жылдамдықты арттыра бастады. Қазан айында жүріс көңілдірек болып, жүйтки жөнелеміз деген үміт бар", – деді компания басшысы. Ол бидай мен ұн экспортына емес, оларды ішкі сұраныс үшін тасымалдауға басымдық берілетінін нықтады.

Ал Қазақстанның астық тасымалдаушы вагондарының (зерновоз) басым көпшілігі "Астық Транс" қолында. Сондықтан Қазақстан темір жолы оған да осы басымдықты ұстануды ұсынды. Қылышын сүйретіп қаһарлы қыс келе жатқанда, Қазақстан алдымен өз халқын ең басты тамақпен қамтып үлгеруі керек.   

Eldala порталының хабарлауынша, "Астық Транс" компаниясының коммерциялық жұмыс жөніндегі вице-президенті Жандос Қуанышев ұқсас шараны қабылдағандарын растады. Бидайды солтүстіктен оңтүстікке тасымалдау үшін астық тасушы вагондардың жеке квотасын бөлген. Олар тек осы мақсатқа ғана пайдаланылуға тиіс.

"Ішкі нарықты молықтыру және инфляцияны ұстап тұру – біздің басымдығымыз. Біз ішкі республикалық тасымалдарға тарифті де экспортқа қарағанда 4 есе төмен ұстап тұрмыз. Бұл тасымал өзіндік құнын да ақтамайды", – деді Жандос Қуанышев.

Ал шың еліне қайта оралсақ, жасыратыны жоқ, күрішті басты жеңсік асы санайтын қытайлар бидайды сонша көп тұтынбайды. Жлына шамамен 8 млн тоннасын жейді. Оны байырғы серіктестері Канада, Фрация, АҚШ-тан сатып алуда. Қазақстандық жеткізушілерге пысқырмайтыны содан.

Әйтсе де, сарапшылар Қытай нарығынан бас тартуға болмайтынын алға тартады. "Атамекен" ұлттық палатасының Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеевтің пайымдауынша, мысалы, органикалық өнімді Қытай нарығына шығарудың әлеуеті зор. Сұраныс мол. Ол Украинадағы соғыс ұзап, санкция салдарынан Ресей аумағы арқылы жүк тасу күрделенгендіктен, өнімді алысқа экспорттау тиімсіз деді. 

"Себебі логистика, төлем және басқа да проблемалар туындап жатыр. Қытайға органикалық өнімді экспорттауға дайын кәсіпкерлер бар. Қазір біз шығарып жатқан және экспорттап жатқан көлем аз, бірақ болашақта әлеуеті зор болады. Сондықтан мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Бұл саудадан ешкім ұтылмайды", – деді Ербол Есенеев.

QazTrade АҚ Зерттеу және консалтинг департаментінің директоры Өжет Шегірбаевтың мәліметінше, сонау 2019 жылдың қыркүйегінен бастап осы уақытқа дейін органикалық өнімді экспорттау саласында қытайлық тараппен ешбір меморандум жасалмаған. Алдымен Қазақстанның АШМ және ҚХР Мемлекеттік кеден басқармасы меморандумға қол қоюы керек. Содан кейін Қытай нарығына шығатын жол ашылады. Сөйтіп АШМ қандай өнімдер экспортталатынын Сыртқы істер министрлігі арқылы Қытайға жібереді. Сол себепті мемлекеттік органдардың белсенді қызметі керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу