Қытай көліктеріне неге сұраныс артып отыр?

4254

Қазір еліміздің бас қалалары Астана мен Алматыда қытай көліктерінен көз сүрінеді.  

Қытай көліктеріне неге сұраныс артып отыр? Фото: Илья Ким

Қазақстанның көлік нарығын аспан асты елінің автомобильдері құдды жаулап алған дерсің... Расында солай ма? Неліктен қытай брендтеріне сұраныс артып отыр?

Нақты деректерге сүйенсек, биылғы жылдың жеті айында елімізде ең танымал Hyundai, Chevrolet и Kia сынды автобрендттердің сатылымы анағұрлым азайған. Есесіне,  қытайлық көліктердің сатылым қарқыны күшейіп отырған сыңайлы.

Қазақстан автомобильдері одағы (ҚАО), автокөлік дилерлері 2023 жылы 200 мыңға жуық жаңа автокөлікті сатып, алдыңғы жылмен салыстырғанда +60% жоғары нәтижеге қол жеткізген керемет көрсеткішті биыл да ұстап қалғанын айтып отыр.  Бірқатар сарапшылар көлік сатылымы 2024 жылы төмендейді деген сенімде болған еді. Бірақ жеті айдың қорытындысы, әзірге жаңа автокөліктерді сатудың жоғары шегі сақталып, былтырғыдан сәл 1%-дай аз айырмашылық болғанын көрсетті. Осы арада нарықты өткен жыл деңгейінде ұстап тұруға қытайлық көліктердің үлесі көп екенін байқайсың. 

Қазақстан автомобиль одағының мәліметінше, 2024 жылдың жеті айында Chery және Haval автокөліктері сатылымының өсімі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 50%-ды құраса, ал Jac тіпті екі есе өскен. Жоғарыда аталған брендтерден басқа, сатылым көшбасшыларының ондығына Jetour, Changan және Geely сынды көліктер де кіріп отырғаны көрінеді. 

Қазақстан автомобиль одағының басшысы Анар Мақашеваның айтуынша, қазір үлкен өсім көрсетіп отырған қытай брендтері, былтырғы жылдың есепті мерзімінде  нарыққа енді шықса керек немесе өз көлемін жаңадан өсіре бастаған болуы керек.

Дегенмен, абсолютті көрсеткіштер бойынша сатылымдарды алатын болсақ, алғашқы үштіктегі Hyundai,  Chevrolet және Kia – 2023 жылдың сатылымымен салыстырғанда, яғни өткен жылдың жеті айында бұл көліктердің нарықтағы жалпы үлесі 65%-ды құраса, биыл есепті мерзім соңында 45%-ды құрап, төмендегеніне қарамастан, барынша өз позицияларын сақтап қалуға тырысуда. Айталық,  2023 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Hyundai бүкіл нарықтың 26 пайызын иеленсе, қазір оның үлесі 22 пайызға жетіп жығылған. Ал Chevrolet-тің үлесі 25%-дан 10%-ға дейін құлаған, осылайша, оның сатылымы 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60%-ға дейін төмендеген. Былтыр сатылымы бойынша екінші орынды еншілеген болатын. Қазір Chevrolet-тің орнына Kia бренді көтерілген. Бір қызығы, Kia көлігінің сатылымы бар-жоғы  8,3% төмендепті.

Бұл үш бренд те Қазақстанда локализацияланған. KAS мәліметтері бойынша, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Allur  Chevrolet және Kia құрастыратын Allur –  38 691 автокөлік, ал Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Almaty – 19 330  автокөлік құрастырып шыққан. Осы деректерді алға тарта отырып, Анар Мақашева елімізге импортталып жатқан қытайлық брендтер біздің нарықты жаулап алды деп айтуға әлі ерте екенін ескертеді.

"Отандық тауар өндірушілер алдағы уақытта да жетекші позицияларды сақтайды. Қазір қазақстандық өндірушілер уақытша статистикалық құлдырауды бастан кешіруде, өйткені өткен жылы олардың көрсеткіштері өте жоғары болды. Бұл  әртүрлі себептермен нарықта кешіктірілген сұраныстың болуына байланысты болды, оны өндірушілер 2023 жылы қанағаттандыра алды. Ал 2024 жылы нарық стандартты сатылыммен қалыпты жағдайға оралады. Сондықтан салыстыру кезінде құлдыраудың байқалуы заңдылық.  Бірақ іс жүзінде отандық брендтер де жетекші орынға ие", – деп сендіріп отыр ҚАО президенті.

Қазақстанда жерсіндірілген автокөліктердің, оның ішінде, Chevrolet және Kia сияқты бренділер өндірісі мен сатылымының төмендеуіне негізгі себепті Allur өндіруші компаниясы өкілдері  жеткізу тізбегіндегі елеулі өзгерістермен, атап айтқанда жинақтаушы бөлшектерді жеткізудегі кідірістермен байланыстырып отыр. Мақашова да бұл сөзді қостай отырып, жинақтаушы бөлшектердің  кешігуінен бөлек, кейбір отандық өндірушілерде уақытша сақтау қоймаларына (УСҚ) қатысты қиындықтар туып отырғанын айтады.

ҚАО президентінің айтуынша, екі айға жуық уақыт бойы Hyundai зауыты машина жиынтықтарын жеткізу проблемалары салдарынан екі ауысымның орнына бір ауысым жұмыс істеген, яғни жиынтықтарды бір уақытша сақтау қоймаларынан екіншісіне тасымалдауға тура келген. Жағдай тек тамыз айында реттеліпті, осы айдан бастап өндіруші машина шығару көлемінің орнын толтыруға ниетті.

Десек те, ел нарығына қытай көліктерінің қаптап келуіне не себеп деген мәселеге оралсақ, "қытайлықтар" сатуды ынталандыратын қаржылық өнімдердің әртүрлі пакеттерін ұсына отырып, бюджеттік сегменттегі қолжетімділіктің арқасында өз үлесін арттыруда екен. Өйткені, нарықтағы тауашаны біреу толтыруы керек еді, мұны қытайлық көлік брендтері толтырып жатыр, олар қарапайым бюджеттік, сапалы әрі бағасы қолжетімді.

"Бүгін қазақстандық сатып алушылар ҚХР-дың көптеген автомобильдері өздерінің аса беделді бәсекелестерінен еш кем түспейтінін біліп алды. Қытайлық брендтердің танымалдылығы автомобильдердің технологиясына және баға мен сапа арасындағы оңтайлы теңгерімге байланысты артып келеді. Ақылға қонымды ақшаға қытайлық өндірушілер дизайны стильді, жайлы, белсенді қауіпсіздікті қамтамасыз ететін опциялардың кең ауқымын, сондай-ақ озық технологиялық шешімдерді ұсынып отыр. Сонымен қатар тартымды кепілдік шарттары, уәкілетті дилерлік орталықтардың кең желісі және қосалқы бөлшектер түпнұсқасының көптеп болуы сияқты артықшылықтарын да атауға болады. Сонымен қатар, қытайлық брендтерге тартымды және пайдалы қаржылық бағдарламалар бар. Міне, осының бәрі қытай көліктерінің ел нарығын жаулап, сатып алушылар сұранысын арттыруға ықпал етіп отыр дегенге саяды", қытай брендтерін сатумен айналысатын компания өкілдері. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу