Қытай коронавируспен әлемді қайта алаңдата бастады

1345

Кейбір болжамдарға қарағанда, келесі жылы бұл мемлекетте COVID-тан 1 миллионнан астам адам қайтыс болуы мүмкін. 

Қытай коронавируспен әлемді қайта алаңдата бастады Фото: reuters.com

Бейжің алдағы екі аптада COVID-19 инфекциясын жұқтыру оқиғаларының ауыр жағдайларына тап болады. Мұны шетелдік және жергілікті респираторлық сарапшылар болжап отыр. Ал, Қытайдың күтпеген жерден аса қатал антивирустық саясаттан бас тартуының әлемдік экономикаға ықтимал зардаптары мен салдарлары қандай болуы мүмкін? Қазір бұл мәселелер де үлкен алаңдаушылыққа себепші, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ауқымды наразылықтардан кейін, 1, 4 млрд халқы бар ел осы айда өзінің "нөлдік-COVID" режимін бұза бастады. Бұл саясат ҚХР-ды үлкен экономикалық және психологиялық шығындарға ұшыратса да, вирустың таралуын үш жыл бойы айтарлықтай тежеп келді.

Дегенмен, карантиндік шектеулердің кенеттен босаңсуы Қытайда коронавирусқа шалдығу фактілерінің күрт өсуімен тұспа-тұс келіп отыр. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Қытайда осы індеттен келесі жылы миллионнан астам адам қайтыс болуы мүмкін.

Пандемия басталғалы Қытайда коронавирустан 5241 адам қайтыс болған. Global Times газеті респираторлық сарапшылар мен эпидемиологтарға сілтеме жасап хабарлағандай, бұл сан таяуда күрт өсуі ғажап емес.

"Біз тез әрекет етіп, ресурстарымыз бен клиникаларды жағдайы ауыр науқастарды емдеуге шұғыл дайындауымыз керек", - дейді Бейжің университетінің бірінші ауруханасының респираторлық маманы Ван Гуанфа аталған басылымға берген сұхбатында.

Сейсенбіде Қытайда коронавирус жұқтырудың ауыр жағдайлары 53-ке дейін өсті. Ал, дүйсенбіде мұндай оқиғалар 23-тен аспаған екен.

Вангтың болжамынша, COVID-тың жаңа толқыны қаңтардың аяғында шыңына жетіп, ақпанның аяғында немесе наурыздың басында қалыпты жағдайға оралуы ықтимал.

Халықаралық алаңдаушылық

Дүниежүзілік стандарттар бойынша Қытайдағы COVID-тан қайтыс болғандар санының растығы күмәнді. Осындай шақта елдің Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы пневмониядан және вирус жұқтырып, тыныс алу жеткіліксіздігінен жан тәсілім еткендер ғана COVID өліміне жатқызылатынын атап өтті.

Алайда Америкадағы Джонс Хопкинс университетінің патология кафедрасының ассистенті Бенджамин Мазердің ойынша, бұндай жіктеу "көп жағдайларды өткізіп жібереді", өйткені вакцина алған адамдардың, соның ішінде қытайлық екпені салдырғандардың, пневмониядан өлу ықтималдығы төмен.

Қанның ұюы, жүрек проблемалары мен сепсис - ағзаның инфекцияға экстремалдық реакциясы. Бұлар  бүкіл әлем бойынша COVID пациенттерінің сансыз өліміне себеп болды.

"2020 жылдың наурыз айындағы ойлау жүйесін қазір қолданудың мағынасы жоқ. Ол кезде тек COVID пневмониясы ғана адам өлтіруі мүмкін дедік. Алайда кейін тіпті вакцина ектіргендердің де медициналық асқынулардан зардап шеккенін білеміз", - дейді Мазер.

Сонымен қатар, Қытайдың ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы Америка Құрама Штаттары мен кейбір эпидемиологтардың вирустың мутациялану мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылықтарын жоққа шығарып, патогендік жаңа штаммдардың пайда болу ықтималдығы аз екенін айтып отыр.

Азия-Тынық мұхиты клиникалық микробиология және инфекция қоғамының президенті Пол Тамбиа болса, мұндай пікірді қолдайды.

"Бұл әлемге қауіп төндіреді деп ойламаймын. Вирустың кез-келгені өзге де адами вирустар сияқты әрекет етеді және қоршаған ортаға бейімделе алады", - дейді ол.

Дегенмен, әлемнің бірнеше жетекші ғалымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесшілері Reuters агенттігіне берген сұхбаттарында айтқандай, Қытайда басталуы мүмкін жойқын толқынға байланысты жаһандық COVID пандемиясының төтенше кезеңінің аяқталғанын жариялауға әлі ерте тәрізді. Ал, өткен аптада ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус бұл төтенше жағдайдың келесі жылы тәмамдалатынына "үміттенетінін" мәлімдеген еді.

Экономикалық әсер

Сейсенбіде АҚШ Қытайда вирус өршісе, оған көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Себебі Вашингтондағы әкімшіліктің ойынша, әлемнің екінші экономикасында инфекцияның бақылаусыз таралуы жаһандық өсімге әсер етуі мүмкін.

Экономистерді жақын арада алаңдатуы мүмкін маңызды мәселе - жұмысшылар мен жүк тасушы жүргізушілер ауырып қалса, зауыттардағы өндіріс пен логистиканың тұралау қаупі.

Дүниежүзілік банк сейсенбіде Қытайға қатысты биылғы және келесі жылға арналған өсім жайлы болжамын төмендетті. Бұған себепші түрлі факторлар қатарында COVID-ке қарсы шаралардың күрт босаңсуы да бар.

"Нөлдік-COVID" саясатынан бас тарту Қытайға қалай әсер ететіні әзірге толық белгісіз.  Бірақ қазірдің өзінде көптеген қалада интенсивтік терапия бөлімдері кеңейтіліп, арнайы емхана салу жұмыстары күшейтіліп жатыр. Кейбір ауруханалар пациенттерге толы болса, ендігі бір қалаларда дәрі-дәрмек пен қан тапшы.

Осыған қарамастан, бірқатар жергілікті әкімшіліктер локдаун ережелерін тиісті деңгейге дейін жеңілдетуді жалғастырып жатыр.

Коммунистік партияның, мемлекеттік мекемелердің және оңтүстік-батыстағы Чунцин қаласындағы кәсіпорындардың қызметкерлері жеңіл COVID симптомдары болса да, маска тағып жұмысқа шыға алады, деп хабарлайды China Daily мемлекеттік басылымы.

Өзге бір мәліметтерге қарағанда, түрлі провинциялардың бірнеше қаласында дәл осындай жеңілдіктер жайлы шешімдер қабылданған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу