Қытай медициналық бетперделерді Қазақстаннан сатып алмақ (Видео)

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл індеттен қорғанудың бірден-бір жолы респираторлық құралдар екенін айтып отыр. 

Қытай медициналық бетперделерді Қазақстаннан сатып алмақ (Видео)

Вирустық инфекция салдарынан Қытайда бетперде тапшылығы байқалады. Сондықтан көрші ел үкіметі кәсіпкерлерге өзге мемлекеттегі респиратор шығаратын кәсіпорындармен байланыс орнатып, жедел түрде бетперделер жеткізу туралы тапсырма берген. Бұл туралы қазақстандық Dolce Farm компаниясымен келісімшарт жасасқан қытайлық кәсіпкерлер мәлімдеді.

"Қытайлық әріптестеріміз СИ деп аталатын респираторларға ірі көлемде тапсырыс бермек. Оның нақты көлемін атау үшін отандық компаниялардың сұранысын анықтап алуымыз керек. Тек содан соң көрші елге жіберетін бет  перделердің нақты саны белгілі болады. Неге қарапайым бет перде емес? Себебі дәріханалардағы респираторлар вирустық инфекциядан қорғай алмайды. Ал СИ бетперделері төрт қабаттан тұрады. Оның екеуі қорғаныс қабаты. Пропилен бөлігі ұсақ бөлшектерден қорғаса, дем алу үлпегі вирустық инфекциядан сақтайды.Қарапайым респераторларды жиі ауыстыру керек болса, аталған бет перде 4 сағатқа дейін вирустан қорғай алады",-дейді қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорынның директоры Елена Ан.

Сонымен қатар кәсіпорын басшысы коронавирустық инфекция салдарынан бетперде жетіспеушілігіне байланысты зауыт үш ауысымда жұмыс істеп жатқанын айтты.

"Күніне 10-15 мыңға жуық бетперде шығарамыз. Енді өндіріс көлемін үш есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Себебі респираторларға сұраныс он есе өсті. Сонымен қатар бізден өнім алуға келген әріптестерімізге ыңғайлы шарттар бойынша жұмыс жасауға дайынбыз",-деді Елена Ан.

Ал экспорт бойынша менеджер, респираторларды таңдау және қолдану бойынша маман Рафик Жарылқасыновтың айтуынша, біздің елде еуропалық және америкалық стандарттармен шығарылатын респираторлар бар.

"Қазақстандық стандарт жоқ. Сондықтан біз АҚШ, Еуропа стандарттарымен өнім шығарамыз. Қазақстанда қазір FFB-2, FFB-3, N-95, N-98 стандарттарымен жасалған маска, респераторлар сұранысқа ие болып тұр. Өйткені әдеттегі маска вирустан қорғамайды. Олар жеңіл жағдайларда қолданады.Мына стандартталған маскаларды туберкулезге ғана қолданып келді. Енді Қытайдағы вирустың күшеюіне байланысты жаппай осы респираторларға көшу қажет. Әсіресе, шекара, кедендегі қызметкерлер жаппай пайдалануы керек. Қазір ол вирусқа ем жоқ, бірден-бір керек құрал бетперде, яғни қорғаныс",- дейді Рафик Жарылқасынов.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл індеттен қорғанудың бірден-бір жолы респираторлық құралдар екенін хабарлауда.Қазіргі кезде Қытайдан тараған коронавирустан 80-ге жуық адам қаза тауып, 2 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Аталған ел үкіметі халыққа көшеде бетпердесіз жүруге тыйым салды.

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу