Қытай мен Ираннан келген азаматтар карантинге жатқызылады – Елжан Біртанов

4829

Үкімет резервінен коронавирусқа қарсы қаражат бөлінді.

Қытай мен Ираннан келген азаматтар карантинге жатқызылады – Елжан Біртанов Фото: primeminister.kz

Наурыз айының алғашқы күнінен бастап Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің 4-сатысына көшті. Осы арқылы министрлік коронавирус қаупі жоғары бірінші санаттағы елдердің тізімін кеңейтті. Бұл туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.

"Бірінші санаттағы елдер қатарына Қытай Халық Республикасы, соның ішінде Гонконг, Тайвань, Макао және Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия жатады", – деді Денсаулық сақтау министрі.

Оның сөзінше, Қытай мен Ираннан келген азаматтар міндетті түрде 14 күндік карантинге жатқызылады және ауруханадан шыққаннан кейін 10 күн медициналық бақылауда болады. 

"Бірінші санатта елдерден келген азаматтар 14 күнге тұрғылықты жері бойынша карантинге орналастырылады. Бірақ санитарлық қызметтің шешімі бойынша бұл адамдар медициналық ұйымдағы карантинге ауыстырылуы мүмкін", – деді Елжан Біртанов.

Министрдің мәлімдеуінше, елімізде 30 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясы бойынша медициналық бақылауға алынды. Инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты олардың басым бөлігі бақылаудан босатылды. Қазір 6 474 адам назарда тұр. 

Министр жыл басынан бері 1 миллионнан астам адам коронавирус инфекциясына тексерілгенін айтты.

"6 қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін дене қызуы көтеріліп, жедел респираторлық-вирустық инфекциямен ауырған 186 адам ауруханаға жатқызылды. Науқастардың 166-сы жазылып шықты. Қалған 20-сы  стационарда ем алып жатыр. Олардан коронавирус инфекциясы табылған жоқ. Сырқаттардан алынған сынамалар Ресей, Қытай және отандық өндірістің тест-жүйелері арқылы зерттелді. Барлық тесттерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы валидациялады. Күні бүгінге дейін 967 адам зертханалық тексеруден өтті. Оның ішінде 544 адам Қытай Халық Республикасы мен Жапониядан келген. 423 адам коронавирус күдігімен ауруханаға жатқызылған немесе науқастармен байланыста болған", – деді 
Елжан Біртанов.

Оның сөзінше, үкімет резервінен коронавирусқа қарсы қаражат бөлінді.

"Тест-жүйелерінің, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, сондай-ақ жеке қорғану құралдарының қоры жасалды", – деді денсаулық сақтау министрі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу