Қытай-Орталық Азия бағытындағы теміржол жүк тасымалының жаңа бағыты ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, бұл бағыт Қытайдағы жүк пойыздарының тұрақты қозғалыс кестесіне енген. Жаңа маршруттың бастапқы нүктесі Солтүстік Қытайдағы Тяньцзинь қаласы деп белгіленген.
Белгілі болғандай, Тяньцзиньнен Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдеріне алғашқы жүк пойызы жолға шыққан. Пойыз автокөлік бөлшектері, механикалық жабдықтар және басқа да тауарлармен тиелген. Ол мемлекеттік шекараны Алашанькоу өткізу бекеті арқылы кесіп өтеді.
Тяньцзинь қаласы "Жібек жолының экономикалық белдеуі" үшін маңызды тораптардың бірі болып саналады. Бұған дейін де Тяньцзинь-Орталық Азия бағыты іске қосылған еді. Ол Хоргос өткізу бекеті арқылы өтеді.
Қазір осы бағыт бойынша Тяньцзиньнен Орталық Азияға аптасына бір жүк пойызы тұрақты түрде қатынайды. Бұл бағыт трансшекаралық саудадағы жеткізу тізбектерін қамтамасыз етеді. Ол Алматы, Ташкент және басқа да өңірлерді қамтиды.
Тяньцзинь мен Орталық Азия елдерін байланыстыратын құрлықтағы тасымал дәліздері алдағы уақытта кеңейе түсетіні белгілі болды.