Жаңа аспалы көпір Қытайдың солтүстік-шығысындағы Ляонин провинциясының Даньдун қаласы мен Солтүстік Кореяның Пхёнан-Пукто провинциясындағы Синыйджу қаласын байланыстырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көпірдің жүріс бөлігінің ені – 28,5 метр. Екі тіреу мұнарасы мен екі қатар аспалы тросқа негізделген нысан төрт жолақты көлік қозғалысына арналған. Оның су бетінен биіктігі 3 мың тоннаға дейін су ығыстыратын кемелердің кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин сәрсенбі күні көпірдің ашылуы екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, халықтар арасындағы байланысты жандандыратынын мәлімдеді.
Оның сөзінше, Қытай мен Солтүстік Корея – ортақ таулары мен өзендері жалғап жатқан достас көршілер. Ал Ялуцзян өзені арқылы өтетін жаңа көпір екі елдің көлік инфрақұрылымын байланыстыратын маңызды нысанға айналады.
Қытайдың Солтүстік Кореямен шекарасындағы ең ірі сауда порты – Даньдун. Бұған дейін өзен арқылы қатынайтын көлік қозғалысы Қытай мен КХДР достығының символы саналатын ескі көпір арқылы жүзеге асырылып келді. Ол автомобильдер мен пойыздардың өтуіне арналғанымен, жүк көліктеріне қатысты шектеулер болған. Атап айтқанда, көпірден бір бағытта салмағы 20 тоннадан аспайтын жүк көліктері ғана өте алатын.
Осы шектеулерді ескере отырып, Қытай мен Солтүстік Корея 2010 жылы қолданыстағы көпірден төмен қарай жаңа автомобиль көпірін салу жөнінде келісімге келген.