Қытай мыстың қымбаттауына жағдай жасады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3739

Ірі шикізат тұтынушының дамуы жөніндегі болжамдардың жақсаруы бағаға әсер етті.

Қытай мыстың қымбаттауына жағдай жасады

25 шілдеде Лондонда өткен сауда-саттық қорытындысы бойынша 2017 жылдың желтоқсанында жеткізілетін мыс құны тоннасына 6200 доллардан асып түсті. Бұл соңғы екі жылда болған рекордтық баға. Дәл мұндай баға 2015 жылдың мамырында тіркелген еді, ол кезде мыс бағасы тоннасына 6300 долларды құраған. Доллар бағамы төмендеп, Қытайдағы металлға деген сұраныстың артуына орай мыс бағасы көтеріліп келеді.

25 шілдеде Bloomberg агенттігі сауалнама алған экономистер 2017 жылдың III және IV тоқсанында Қытай ЖІӨ-нің өсуі туралы болжамын 0,1 пайыздық тармаққа, 6,7% және 6,6%-ға көтерді. Еске сала кетсек, Қытай әлем бойынша ірі шикізат тұтынушы ел болып табылады.

Сондай-ақ  доллар бағамының төмендеуі де металл бағаларына тиімді әсер етті. Мақаланы жазу кезінде америкалық валюта еуроға қатысты 1,1638 долларға дейін арзандады. Салыстырсақ, 2016 жылдың желтоқсан айында еуро 1,0435 долларға дейін төмендеген еді.

Чили мен Перудегі кеніштерде орын алған еңбек жанжалы да мыс бағасының белгіленуіне оң әсерін тигізді.Бұдан бұрындары да мұндай жағдай тауардың жеткізілуінде үзілістердің орын алуына әкелген болатын. Дәлірек айтсақ, 21 шілдеде Antofagasta  ірі мыс өндіруші компаниясына тиесілі Чилидегі Zaldivar шахтасының жұмыскерлері компания басшылығы ұсынған жаңа ұжымдық еңбек шартының нұсқасын қабыл алмады.  Перуде тау-кен жұмысшыларының ереуілі екі тәулікке созылды.

Кейінірек Antofagasta мен Barrick Gold Corp. компаниялары Zaldívar кенішінде ереуілдің пайда болу қаупінің алдын-алғаны белгілі болды, бірақ өнімді жеткізуде үзіліс орнау қаупі әлі де сақталып тұр. Ауқымы жағынан әлемдегі екінші мыс кеніші – Freeport McMoRan Inc.  компаниясының Индонезиядағы Грассберг кен орнында төртінші ай қатарынан ереуіл жалғасып келеді. Осының бәрі мыс бағасы мен мыс өндіруші компаниялар акцияларының қымбаттауына жол ашып отыр.

Нақтырақ айтсақ, 25 шілдеде өткен сауда-саттықта Лондон қор биржасында Kaz Minerals акцияларының құны бірден 9,28%-ға немесе 59 пенске өсіп, 695 пенсті құрады. Мыс компаниясының акциялары соңғы рет 2013 жылдың ақпанында осыншалық қымбат бағаланған еді. Kaz Minerals компаниясының капиталы 3,1 млрд фунтты құрады. Ал Қазақстан қор биржасында әлемдік сауда алаңдары арасында уақыт айырмашылығы үлкен болғандықтан айтарлықтай өсім байқалмады. 25 шілдеде өткен сауда-саттықтың қорытындысы бойынша бағалы қағаздар 5,5%-ға, яғни 2750 теңгеге дейін қымбаттады. Компания әзірше 2017 жылдың ІІ тоқсанының өндірістік нәтижелерін жариялаған жоқ.

ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қытай Қазақстаннан 81,9 мың тонна рафинадталған мыс пен 442 млн долларға өңделмеген мыс қорытпасын импорттаған. Одан кейінгі ірі тұтынушы БАӘ атанды, оған 221,8 млн долларға 40 мың тонна мыс экспортталды (2016 жылдың осы кезеңінде мүлде алмаған). Үшінші орынды Түркия иеленіп отыр, оған 138,5 млн долларға 24,6 мың тонна мыс жеткізілген.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу