22 ақпанда Шэньси провинциясының губернаторы Чжао Ган "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биыл Алматы қаласындағы жаңа логистикалық кешен (ГТС-2), Мәскеу облысындағы Селятино станциясында орналасатын CRK Terminal логистикалық орталығы және Әзербайжандағы Алят портының терминалы сияқты 3 ірі жоба іске қосылады", – деп жазылған компания хабарламасында.
Ал биыл Шэньси провинциясы Қытай – Еуропа бағытындағы контейнерлік пойыздарды дамытуға 2,5 млрд юань инвестиция бөледі.
Сонымен қатар, Қазақстан аумағы арқылы транзитпен 3 000 контейнерлік пойызды жөнелту жоспарланған.
Кездесу барысында биылғы жылдың маңызды оқиғалары да талқыланды.
"Қытайдың Қазақстандағы туризм жылын қолдау аясында Сиань – Алматы бағыты бойынша алғашқы жолаушылар туристік пойызы іске қосылады. Бұдан бөлек, Қытай – Еуропа бағыты бойынша Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (ТМТМ) арқылы мерейтойлық контейнерлік пойызды жөнелту рәсіміне дайындық туралы айтты", – дейді акционерлік қоғам.