Қытай Ресей мен Украинаны бейбітшілікке көндіре ала ма?

1627

Си Цзиньпин таяуда Мәскеуге барып, Путинмен кездесіп қана қоймай, Зеленскиймен виртуалдық келіссөздер жүргізуі мүмкін. 

Қытай Ресей мен Украинаны бейбітшілікке көндіре ала ма? Фото: yandex.kz

Қытай төрағасы Си Цзиньпин жақында Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі деген болжам бар. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қытай Украинада бейбітшілік орнатудың 12 тармақтан тұратын жоспарын ұсынғаннан кейін, бірнеше апта өткенде Украина президенті Владимир Зеленскиймен виртуалдық кездесу өткізбек.

Қытай сыртқы істер министрлігі екі жақпен де байланыста екенін айтқанымен, Сидің Путинмен де, Зеленскиймен де келіссөздер жүргізу жоспарын растамады. Соған қарамастан, Қытай тайталасушы тараптарды келіссөз үстеліне отырғызуға тырысуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

Қытай мен басқа елдер Украинадағы бейбітшіліктің болашағын қарастырғанда назарға алынатын кейбір мәселелерге тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Қытай неге арағайындық етуге әрекеттеніп жатыр?

Қытай дәстүрлі түрде басқа елдердің, әсіресе, алыстағы қақтығыстарға араласпау принципін ұстанады.

Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше, өткен аптада Бейжіңде Сауд Арабиясы мен Иран бітімгершілік келісім жасағаннан кейін, Си Цзиньпиннің басшылығымен Қытай өзін жауапты ұлы держава ретінде көрсетуді қалайтынын растап берді.  

"Қытай жаһандық сахнада ықпал ету тұрғысынан кем дегенде АҚШ-пен теңдес мемлекет ретінде көрінгісі келеді", – дейді Гонконг қалалық университетінің заң профессоры Ван Цзянью.

Қытай, сонымен бірге, Украина мәселесінде шабуылды бастаған Ресей жағына шықты деген сынды теріске шығаруға ынталы. Бұған қоса, Бейжің  Ресейдің көрші елге басып кіруін "арнайы әскери операция" деп атап жүр.

Сарапшылардың пікірінше, бейбіт келісім жасау – оңайға түспейді. Бірақ бұл Қытайға мол табыс әкелетін қымбат әрекет.

Қытайдың бейбітшілік жайлы ұсынысы қандай?

Қытай "Украина дағдарысын саяси жолмен шешу" туралы 12 тармақтан тұратын құжатында соғысушы тараптарды атысты тоқтату үшін біртіндеп деэскалацияға келісуге шақырды.

Бұл жоспар бейбіт тұрғындарды қорғауды және барлық елдің егемендігін құрметтеуді талап еткенімен, Қытай Ресейді басқыншылық үшін айыптаудан бас тартып келеді.

Бейжіңнің жоспарын Ресей де, Украина да жылы қабылдады. Ал АҚШ пен НАТО-ның бұған күмәні бар.

Ресей әскері Украина аумағынан шығарылғаннан кейін ғана бейбіт реттеуді қарастыратынын айтқан Киев Қытайдың жоспарымен толық келіспестен, оны жартылай ғана қарастыруға дайын. Зеленскийдің Мәскеуге қояр негізгі талабы – РФ әскерін 1991 жылы Кеңес одағы құлағаннан кейін белгіленген шекараның ар жағына әкету.

Ресей болса, қытайлық жоспар "нақты зерттеуді" талап ететінін айтып, әзірге бейбітшіліктің нышанын көріп тұрмағанын айтады.

АҚШ-тың мәлімдеуінше, Қытай өзін бейтарап әрі бейбітшілікке ұмтылушы ел ретінде танытқанымен, Ресейдің соғыс туралы "жалған әңгімесіне"  иланғандай көрініп, Мәскеуге тіпті ажал қаруын жөнелту мәселесін қарастырып жатыр. Алайда Қытай мұны жоққа шығарып келеді.

НАТО да Қытайдың Украина мәселесіндегі делдалдығына аса сенбейді.

Қытай қандай рөл ойнай алады?

Бірқатар бақылаушының пікірінше, Қытайға Сауд Арабиясы мен Иранға қарағанда, Ресей мен Украинаны келіссөз үстеліне отырғызу қиынға соқпақ.

"Сауд Арабиясы мен Иран, шын мәнінде, сөйлесіп қарым-қатынастарын жақсартқысы келді, ал Ресей мен Украинада әзірге ондай ықылас жоқ", - дейді Вашингтонда орналасқан Стимсон орталығының Қытай бағдарламасының директоры Юн Сун.

Дегенмен, Юнның сөзінше, Си алдағы келіссөздерге серпін бере алады.

Өткен жылы қарулы қақтығыс басталғаннан кейінгі апталарда НАТО-ның мүшесі Түркияның Ыстанбұлда диалог өткізу әрекеті нәтижесіз аяқталып, Украина мен Ресей лидерлерін беттестірудің күрделі шаруа екені айқындалды.

Қытайда ықпал ететін қандай тетік бар?

Кейбір сарапшылар Қытай Түркияға қарағанда арағайындық үшін жақсырақ жағдайда деп санайды. Себебі Бейжіңнің Ресейге ықпал ету тетігі көбірек екен.

Қытай – Ресейдің ең маңызды одақтасы және де ҚХР ресейлік мұнайды сатып алып, Батыс бас тартқан ресейлік тауарларға нарығын ұсынып отыр.

Оксфорд университетінің Ресей жөніндегі сарапшысы Самуэль Раманидің айтуынша, Қытайдың Украинаға да ықпал ететін тетіктері бар. Ол – соғыстан қираған қалаларды қайта салуға қолдау.

Қытай 2014 жылы Ресей Қырымға басып кіргеннен кейін, Украинамен сауда-саттықты кеңейтіп, аннексияланған түбекті Ресейдікі деп мойындамады.

"Ең бастысы, Зеленский Қытайды Ресейді қаруландыра бастайтындай жағдайға дейін арандатқысы келмейді",– дейді Рамани.

Қытай адал арағайын бола ала ма?

Қытай Ресеймен тығыз байланыста. Сондықтан Бейжіңнің арағайындық рөліне күмән бар. Ресей қарулы күштері Украинаға басып кірерден бірнеше күн бұрын Бейжің мен Мәскеу "шексіз" серіктестіктерін жариялады.

Қытай соғыстың басынан бері тараптарды бейбітшілікке шақырып келеді. Ал, Мәскеудің мәлімдеуінше, НАТО шығысқа қарай кеңейіп, Ресейге қауіп төндірді, батыс мемлекеттері болса, Украинаны танктермен, зымырандармен қамтамасыз ету арқылы соғыс отын тіпті өршітті. Ресейдің бұндай ұстанымын Қытай қолдады.

Германияның Маршалл қорының аға ғылыми қызметкері Эндрю Смоллдың айтуынша, Қытай бейбітшілікке үлесін қосып жатқандай көрінгісі келгенімен, Путинге соғысты тоқтату туралы қысым жасап, Ресеймен қарым-қатынасын құрбан етуге дайын емес.

"Бейжің өз күшін пайдаланбады және Ресейді ештеңеге мәжбүрлемейді", - дейді Смолл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу