Қытай тауарлары күрт қымбаттауы мүмкін

4205

Тасымалдаушылар кедендегі кезекке "жан бітірудің" жолын ұсынды. 

Қытай тауарлары күрт қымбаттауы мүмкін

Таяуда Қытай халық республикасы Қазақстанмен ортақ шекарасындағы өткізу бекеттерін жабатынын жариялағаны мәлім. Қазақстанның кеденге жауапты органы – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпаратты растап, шығыс көрші Қазақстанмен арадағы автомобильдік өткізу пункттерін уақытша жапқанын мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, бұл "Қытайдағы мерекелік күндерге байланысты" болды.

Он мыңға жуық көлік кезегін күтіп тұр

Атап өтетін жайт, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Бас басқармасының бұйрығына сәйкес, 2021 жылға арналған мемлекеттік мерекелер кестесі 2 мерекелік аптадан тұрады, бұлар қытайдың "Жаңа жылы" (Көктем мейрамы деген атпен де белгілі) және "ҚХР құрылған күн". Яғни, осы айда шың елінің азаттыққа қол жеткізген күні тура бір апта бойы – 1–7 қазан аралығында тойланатын болады. Бұл мерекелік аптада қытай жұртының басым көпшілігі демалады, соның ішінде кедендердің біразында қызметкер қалмайды.

"Мерекеге орай қазақстандық-қытайлық шекарада "Нұр Жолы", "Бақты", "Достық" автомобильдік өткізу пункттері 1–3 қазан аралығында жабық болады. Бұған қоса, "Бақты" өткізу пунктті қытай тарапынан дезинфекциялық жабдықтарды қысқы маусымға дайындау іс-шараларына байланысты 4 қазан күні де жабық болады. Шекараны кесіп өтуді қалайтын тасымалдаушылардан көрші елдегі мерекелік іс-шараларды ескере отырып, өз маршрутін алдын ала жоспарлауды сұраймыз", – деген хабар таратқан болатын Мемкірістер комитеті.  

Аталған мерзім өтті, бірақ тасымалдаушылардың айтуынша, Қытайға көліктер дер кезінде бәрібір өте алмауда. Оның үстіне "Қалжат" және "Майқапшағай" өткізу бекеттері қытай жағынан жабық тұр.

Ал жұмысына қайта кірісті деген қалған екі өткізу бекетінен шың еліне ену қиямет-қайымға айналып кеткен көрінеді.

Мемкірістер органының дерегінше, 5 қазандағы жағдай бойынша "Нұр Жолы" өткізу пунктінің аумағында 44 көлік жинақталып қалған. Электронды кезекте тағы 9 853 көлік құралы тіркеліп, өту кезегін күтуде. Айтқандай, 1 қазан күні жабылғанда, бұл сан аздау болатын: өткізу пунктінің территориясында 29, ал электронды кезекте 9 851 көлік тұрған еді.

Ал қазақ-қытай шекарасындағы "Бақтыда" қазіргі кезде 192 жүк көлігі жинақталып тұр. Бұған дейінгі саны 187 болатын.

Отандық тасымалдаушылар жеке дәліз ашуды сұрайды

Елордадағы "Астаналық" (Артем), "Орталық базар" және қытайлық арзан киім-кешек, халық көп тұтынатын заттарды сатумен айналысатын сауда желілеріне тауар жеткізетін экономикалық оператор-компанияның өкілі Руслан Ермекбаев тауарлар қымбаттап жатқанын айтты.

"Бұған Қытайдың шекараны жапқаны қатты ықпал етуде. Бұрынғы жылдары саудагерлер, сауда орындары кеден жабылудың қарсаңында ертерек әрі жапатармағай тауар алғызып алатын. Ал биыл осы дата қарсаңында сонша үлкен тапсырыс түспеді. Біразы қолда барды өткізуге тырысатынын жеткізді. Өйткені бұрынғыдай кәсіпкерлерде көп қаражат жоқ. Қытайдан тауар жеткізу қиындады. Тек мерекеге ғана емес, сондай-ақ індеттің таралуына байланысты да көрші шекараны жиі бұғаттайтын болды. Тасымалдаушылар болса, шектен шығып барады, тарифтерін еселеп көтерді. Мұның бәрі тауарлар бағасының өсуіне әкеледі", – дейді ол.

Тасымал, көлік-экспедициялық қызметтер көрсетумен айналысатын "Kravto Logistics" компаниясының басшысы Георгий Кравченко көлік кәсіпорындарының баға көтеруге мәжбүр екенін айтады.

"Өзіңіз білесіз, ҚХР карантин шараларына байланысты жүк машиналарының өз аумағына кіруін шектеді. Сол себепті тасымалға сұраныс күрт артты. Бұл Қытайдан Қазақстанға, Ресейге және басқа елдерге тауар жеткізу құнының қымбаттауына соқтырды. Бұрындары 1 бірлік жүк көлігін жалдау 1 000–1 500 доллар ғана тұратын. Ал 2021 жылғы қыркүйектен бері тасымалдаудың нарықтағы құны 1 бірлік жүк көлігі үшін 45 мың долларға дейін шарықтады", – деді ол.

Компания басшысы бұл қымбатшылықтың Қазақстанда сатылатын бүкіл қытай тауарларының бағасына әсер еткенін білдірді.

"Салдарынан, елімізде киім, аяқ киім, тұрмыстық заттар, халық тұтынатын тауарлар, құрамдас бөлшектер, тіпті зауыт-кәсіпорындарға қажетті жабдықтарға дейін бағасы көтеріліп жатыр. Бұл тұйықтан қалай шығуға болады? Біз бұл мәселенің дағдарысқа қарсы шешімін ұсынғымыз келеді: халық пен бизнеске керекті, әлеуметтік маңызды тауарларды карантинге дейінгі тарифтермен, нақты айтсақ, 1 бірлік автокөлік үшін 1 мың доллар жалдау бағасымен жеткізуге дайынбыз. Оның орнына меморгандардан не сұраймыз? Қытайға кіруіміз үшін бізге жеке дәліз ұсынса деген жалғыз тілегіміз бар", – дейді Г.Кравченко.

Тасымалдаушылар осы мәселені бағынышты ведомстволарымен және мүдделі меморгандармен бірге пысықтауды сұрап, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа ұсыныс жолдады.

Ал әзірше Қытаймен арадағы өткізу бекеттерінен қазақстандық тасымалдаушылар шетелдік, транзиттік алып жүк көліктерімен бірдей өтуге мәжбүр. Содан әлгінде айтылған 9 853 көлік шекарадан "там-тұмдап" өткенше, кезек бірнеше күнге созылуы мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу