Қытай билігі тікелей эфир арқылы жүргізілетін электронды сауда мен онлайн-сауда платформаларын реттеуге қатысты екі маңызды құжатты жариялады. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тікелей эфирдегі онлайн сауда бойынша жаңа ережелерді Қытайдың нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы мен Интернет-ақпарат жөніндегі мемлекеттік кеңсесі бірлесіп әзірлеген. Бұл құжаттар бизнес қатысушылары үшін нақты міндеттер мен мінез-құлық талаптарын белгілейді.
Жаңа ережелерге сәйкес, стриминг платформаларында тікелей эфир жүргізетін операторлар мен маркетологтарға жалған жарнама жасауға, коммерциялық диффамацияға, сондай-ақ заңсыз тауарлар мен қызметтерді сатуға қатаң тыйым салынады.
Екінші құжат онлайн-сауда платформаларының қызметін реттеуге қатысты. Негізгі мақсат сатушылар мен тұтынушылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау делінген. Жаңа талаптарға сай, онлайн-сауда платформалары өз ішкі ережелерін пайдаланып, сатушылардың қызметіне негізсіз шектеулер енгізбеуі немесе орынсыз төлемдер талап етпеуі тиіс. Бұдан басқа тұтынушылардың құқықтарын шектеуге, шарттарды біржақты өзгертуге жол берілмейді.
Осы ережелердің тиімді орындалуын қамтамасыз ету үшін жауапты екі мемлекеттік орган өзара ақпарат алмасатын болады. Ал онлайн-платформалар талаптардың сақталуына өзіндік тексеру жүргізіп отыруы тиіс.