Қытай үкіметі балалардың телефон қолдануын шектеуге ниетті

1179

Бұл ереже күшіне енетін болса, 18-ге толмағандар смартфонды күніне екі сағаттан артық қолдана алмайды. 

Қытай үкіметі балалардың телефон қолдануын шектеуге ниетті Фото: manyposts.ru

Қытайдың киберкеңістік жөніндегі реттеуші органы 18-ге толмаған балалардың смартфон қолдануына күніне екі сағат қана рұқсат беруді ұсынды. Алайда бұл шектеу идеясы технологиялық компаниялардың акцияларының құлдырауына әкеп соққан.

Қытайдың киберкеңістік әкімшілігі (ҚКӘ) байланыс провайдерлерінің 18 жасқа толмаған пайдаланушылардың сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ға дейін  мобильдік интернетке кіруіне тыйым салатын "шағын режим" бағдарламасын енгізгенін қалап отыр.

"Сондай-ақ, провайдерлер, ұсынылған реформаларға сәйкес, уақыт шектеулерін белгілеуі керек", – дейді ҚКӘ.

Бұл режим күшіне енетін болса, 16 жастан 18 жасқа дейінгі пайдаланушыларға күніне екі сағат, 8 бен 16 жас аралығындағы балаларға бір сағат, ал сегіз жасқа дейінгілерге сегіз минут уақыт берілуі мүмкін.

Инвесторлар риза емес

ҚКӘ бұл жобаның қыркүйектің 2-іне дейін қоғамдық пікір үшін ашық екенін мәлімдегеннен кейін, Гонконг биржасында қытайлық технологиялық фирмалардың акциялары арзандады.

Bilibili мен Kuaishou индекстері сәйкесінше 6,98%-ға және 3,53%-ға төмендесе, WeChat әлеуметтік желі платформасын басқаратын Tencent Holdings компаниясының құнды қағаздарының нарқы 2,99%-ға түскен.

Шанхайдағы "Шенлунь" заңгерлік фирмасының заңгері Ся Хайлунның сөзінше, ҚКӘ-нің жаңа ережесі интернет-компаниялардың бас ауруына айналайын деп отыр.

"Жаңа нормативтік талаптарды дұрыс енгізу үшін көп күш пен қосымша қаражат жұмсалады және де бұл ережені орындамау мүмкіндігі өте жоғары. Сондықтан көптеген интернет-компаниялар кәмелетке толмағандардың интернет пайдалануына тікелей тыйым салуды қарастыруы мүмкін", – дейді Хайлунь "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Айта кетсек, соңғы жылдары Қытай жастары арасында миопия (көру функциясының нашарлауы) мен интернетке тәуелділік күшейіп келеді. Бұл проблема ата-аналармен бірге билікті де алаңдата бастаған.

2021 жылы Коммунистік үкімет 18 жасқа толмаған видеоойыншылар үшін коменданттық сағат енгізді. Бұл Tencent сияқты ойын алпауыттарының бизнесіне үлкен соққы болып тиген.

Bilibili, Kuaishou және ByteDance сияқты видеобөлісу платформалары 2019 жылдан бері қолданушылардың контентке қол жетімділігін және пайдалану ұзақтығын шектейтін "жасөспірімдер режимдерін" ұсынды.

ByteDance компаниясының TikTok тәрізді Douyin қосымшасы болса, жасөспірімдердің осы желіні 40 минуттан артық пайдалануына тыйым салып отыр.

Тағы айта кететін жайт -  ҚКӘ-нің жаңа ережелері Бейжің технология саласына көп жылдық қысымның аяқталғанын аңғартып, оның дамуына қолдау көрсететінін жариялағаннан кейін белгілі болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу