Жетісу жеріне табан тірейтін шетелдіктердің ойы бөлек болса да, арманы бір. Олардың барлығы "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағын май шелпекке айналдырғысы келеді.
Бұрнағы күні аймаққа Қытай Халық Республикасы бас консулдығының Қазақстан Республикасындағы сауда жөніндегі консулы және "Beijinq Lonhua Yang Guang Investment Co. Ltd" компаниясы мен "Лунянь Жетісу" ЖШС өкілдері келді. Ресми түрде өткен басқосуда "НТК Лунюань" Қытай және "Дос Жетісу" компанияларының бірлесуімен жүзеге асырылатын жоба жайында әңгіме өрбіді.
Қонақтар Талдықорған қаласының "Шығыс" шағын ауданындағы индустриалды аймаққа барып, аталған өндіріс ошағындағы құрылыс жұмыстары жүретін орынды көрді және жаңадан салынатын ет өңдеу комбинатының іргетасын қалады. Айта кетейік, аталған жобаның жалпы ауданы 25 гектар, соның 5 гектары ет комбинатына, қалғаны мал бордақылау алаңына арналған. Бұл жоба ірі қара мал өсіріп, халал стандарттарына сай сапалы ет өнімдерінің барлық түрін дайындайтын кешенді өндіріс ошағы болмақ.
"Жоба ауыл шаруашылығын индустрияландыруға, мал шаруашылығының дамуына және шаруалардың тұрақты табыс табуына ықпал етеді. Жобаның құрылысы наурыз айының соңында басталып, бірінші қыркүйекке дейін жалғасады. Барлығы 3 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы жылына 10 мың бас ірі қараны ет комбинатына дайындап, өткізеді. Мал сою және технологиялық желілері жылына елу мың бас ірі қараны союға мүмкіндік береді", – дейді "Лунянь Жетісу" ЖШС құрылтайшысы Болат Әбілов.
Келген қонақтардың іштеріне бүккен сыры бар екен. Ол туралы Лю Хун ЮЭ сөз арасында сыналап отырып жеткізді.
"Біз сіздердің қоғамдарыңыздың жақсаруына өз үлесімізді қосып, ауыл-аймақтарға балабақша салғымыз келеді", – деді консул. Бірақ ол балғындарға қандай бағдарлама бойынша тәлім-тәрбие беретіні туралы сөз қозғаған жоқ.
Қазақстанға келген қытайдың Боротола-моңғол автономиялы облысы делегациясының екпіні тіпті күшті. Облыс губернаторы Бадымаланың сөзінше, олар Алматы облысы мен Боротола-моңғол облысын жалғап жатқан "Достық" және "Алашаңқай" кедендері арасындағы 13 шақырым бейтарап аймаққа өз қаржысымен сауда орталығын салып, сол арқылы Қазақстанда өндірілген тауарларды тиімді бағада қытай тұтынушыларына саудалағысы келеді.
"Егер ұсынысымыз қолдау тауып жатса, Үшарал қаласы мен "Достық" кедені арасындағы автожол мен теміржолды және Алакөл жағалауындағы туристік нысандарды өз қаржымызбен тегін салып беруге дайынбыз", – деді ол.
Оларды нендей жоспар қызықтырып отырғаны әзірше беймәлім. Бірақ "Алмақтың салмағы бар" дегендей, ертең қаржысын құйып, қаңқайтып құрылыс салып алғаннан кейін "айтқанымызды орындайсың" деп табандап отырып алмасына кім кепіл?
Біз осыған дейін "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" транзиттік темір жолының Татарстан астанасы Қазан қаласынан өтетінін білмей келіппіз. Мұны "Алтынкөл" халықаралық темір жол бекетіндегі Татарстанның Менделеев ауданынан келген кәсіпкер айтты.
Тарихтың талай талқысынан бірге өткен татар туысқандар "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағына мүдделі екен. Олар құрғақ порттағы логистикалық орталық пен индустриялық орталықтың қызмет деңгейін білуге келіпті.
Жалпы Татарстанда 45 аудан бар. Ал Менделеев ауданының басшысы Валерий Чершинцев 300 мыңнан астам халық тұратын ауданның Ресейдегі ең ірі өндіріс ошағы шоғырланған өңір екенін нақты мысалдармен саралап жеткізді.
"Ауданымызда химия өндірісі ерекше дамыған. Жаркенттік ауыл шаруашылық өндірісіне қажетті тыңайтқыштар да осы қалада өндіріледі", – деді ол.
Оның сөзінен "ексең орасың, берсең аласың" деген кісілікті сезіндік. "құрғақ портың қызығынан құр қалдырмасаңдар қант қызылшасын өсіретін сортты тұқым мен тыңайтқыштың жақсысын жіберіп тұрамыз", деген емеурінді аңғардық.
Қонақтардың меселін қайтарғысы келмеген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қазақы дәстүрмен жылы жауап берді.
"Сіздерге біздің елде, соның ішінде облысымызда мол мүмкіндік ашылып отыр деуге болады. Екіжақты келіссөздер нәтижесін берсе, келешекте құрғақ порты арқылы өз өнімдеріңізді Қытай нарығына еркін шығара аласыздар. Ол үшін бізде барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар алдағы уақытта екі елдің мәдени-рухани байланысын арттырамыз деген ойдамыз", – деді ол.
Қажет Андас