Қытайда вирустың тағы бір жаңа түрі тарап жатыр

1121

Елдің солтүстігінде HMPV вирусын жұқтыру оқиғаларының көбеюі интернетте алаңдаушылық тудырды. Бірақ сарапшылар covid тәрізді тағы бір пандемияның басталу қаупі төмен деп отыр.

Қытайда вирустың тағы бір жаңа түрі тарап жатыр Фото: rbc.ru

Адамның метапневмовирусы (HMPV) – тұмау немесе суық тию сияқты белгілерімен сипатталатын респираторлық ауру.  Бірақ ол асқынса, әсіресе қарт адамдарды, жас балалар және иммунитеті төмен адамдарды бронхит немесе пневмония сияқты қауіпті ауруларға душар етуі мүмкін.

Бұл инфекция респираторлық синцитиальды вируспен (RSV) бір топқа жатады және 2001 жылы Нидерландыда алғаш рет анықталған. Оның ошақтары суық мезгілдерде айқындалады.

Неліктен HMPV жаңалықтар легінен орын алды?

Жергілікті биліктің хабарлауынша, Қытайдың солтүстігінде, әсіресе балалар арасында бұл ауруға шалдығу жағдайлары көбейіп кеткен.

Елдің ауруларды бақылау орталығы (CDC) халыққа денсаулық пен гигиена бойынша сақтық шараларын бұзбауды ескертіп, "ауруханалар науқастарға лық толды", "тағы бір covid тәрізді пандемия қаупі төнді" деген хабар-ошарларды жоққа шығарып отыр.

"Тыныс алу жолдарының инфекциялары қысқы маусымда шарықтау шегіне жетеді. Бұл ауру өткен жылғымен салыстырғанда сондай ауыр емес және ол аз масштабта таралып жатыр", – деді жұма күні Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мао Нин.

Бұл вирусқа шалдығу оқиғаларының айқын өсуі ішінара HMPV-ның оңай анықталуына және оны танитын жаңа технологиядың пайда болуына байланысты тәрізді, дейді сарапшылар The Guardian газетіне берген сұхбатында.

"Менің ойымша, біз қазір індеттерге сақтықпен қараймыз. Бәріміз аса қырағымыз", – дейді Австралиядағы Флиндерс университетінің қоғамдық денсаулық сақтау бойынша аға оқытушысы доктор Жаклин Стивенс.

HMPV қаншалықты қауіпті?

"HMPV белгілері суық тиюге немесе тұмауға ұқсайды және ол "тұмау" ұғымының кең анықтамасына кіретін және жиі кездесетін көп вирустың бірі. Бірақ бұл вирус Covid-19 немесе тұмау сияқты хабарлануы тиіс ауру емес", – дейді Стивенс.

Стивенстің сөзінше, мұндай ауру адамды бірнеше күн бойы үрейлендіргенімен, бірнеше күн демалған, өзін қалпына келтірген науқас кейін жақсы болып кетеді екен.

Оның алдында кімдер осал?

HMPV егде жастағы адамдарды, өте кішкентай балаларды және иммунитеті төмен адамдарды бронхит және пневмония сияқты аса ауыр ауруларға шалдықтыруы мүмкін.

"Бұл  ауру, әрине, қатты науқастандыруы мүмкін, сондықтан адамдар оның бар екенін білуі маңызды", – дейді Брисбендегі Mater Health Services агенттігінің жұқпалы аурулар жөніндегі директоры және профессор Пол Гриффин.

Гриффиннің сөзінше, қазір HMPV-ді жұқтырмау үшін адамдарды құлағдар етуден басқа ештеңе істей алмаймыз. Бұл вирусқа қарсы ешқандай вакцина немесе препарат жоқ, бірақ кейбір екпелер әзірленіп жатыр екен.

Біз қаншалықты алаңдауымыз керек?

Сарапшылардың пікірінше, HMPV вирусы Covid-19 сияқты емес, өйткені ол ондаған жылдар бұрын пайда болғандықтан, әлем халықтарында оған қарсы иммунитет қалыптасқан тәрізді. Covid-19 болса, бұрын-соңды адамдарға жұқпаған ауру болғандықтан, жаһандық пандемияға ұласып кетті.

"Менің ойымша, біз бұл вирустың пандемиясына алаңдауға тиісті емеспіз. Дегенмен оны жұқтыру оқиғаларының көбеюі мен әсері айтарлықтай. Осынау аурудың таралуын азайту үшін [пандемиядан] жақсы сабақ алуымыз керек. Әсіресе,  HMPV-ге қарсы вакциналар немесе препараттар жоқ кезде қырағы болуға тиіспіз", – дейді Гриффин.

Енді не істеуіміз керек?

"Бірнеше жыл бойы [коронавирус кезінде] біз сандарды азайту үшін сақтық шараларын жақсы қолдандық. Бірақ мен, әрине, covid кезіндегідей қатаң шектеулерге қайта оралуды ұсынбаймын.  Дегенмен, үйде болу, жөтелу мен түшкіру этикетін және қол гигиенасын сақтау қыс мезгілінде өте маңызды", – дейді Гртффин тағы бір сөзінде.

Екі сарапшы да адамдарды ауырған кезде жұмысқа бармауға шақырды. Ал Стивенстің ойынша, бұл ауруды жұқтыруға жол бермеу үшін адамдар көпшіліктің ортасында маска тағып жүргені абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу