Қытайда дәл сайлау қарсаңында халық бас көтерді

3119

Алдағы жексенбіде шығыс көршіде "мәңгілік көшбасшы" пайда болуы мүмкін. Дегенмен Қытайда бүлік емес, тұрақтылықтың болуы Қазақстанға тиімдірек көрінеді. 

Қытайда дәл сайлау қарсаңында халық бас көтерді

Таяу күндері, 16 қазанда Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясының (ҚКП) ХХ съезі ашылады. Оның барысында ҚХР-дің қазіргі төрағасы Си Цзиньпин партияның лидері лауазымына өз кандидатурасын үшінші рет ұсынады деп күтілуде. Кеңес одағындағы сияқты, шың елінде де кім компартияны басқарса, бүкіл елдің басшысы сол болады. Тиісінше, Си үшінші рет ҚХР Төрағасы атанады. Жалпы халықаралық сарапшылар оның үшінші рет қайта сайланатынына көп күмәнданбайды. Бірақ олар осының салдарынан жұңғо елінде ұзақ жылдар үстемдік етіп келген 2 реттен артық сайланбау туралы қағида мен тыйым бұзылғалы тұрғанына назар аудартады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

CNN Си Цзиньпиннің қайта сайлануы қарсаңында Бейжіңде наразылық шаралары өткенін хабарлады.

Телеарнаның дерегінше, Си Цзиньпин мен оның саясатына қарсы акциялар ел астанасында әртүрлі нышанда өтіп жатыр. Мысалы, Twitterде жарияланған фотосуретте қаланың солтүстік-батысындағы эстакада ілінген баннерлер бейнеленген. CNN паш еткендей, оның бірінде: "Ереуілге шығыңыздар, диктатор және ұлт сатқыны Си Цзиньпинді алып тастаймыз" деп жазылған. Тағы бір ұран Қытайда әлі күнге дейін мұқият сақталатын коронавирусқа қарсы аса қатал шектеулерді жоюды талап етіп, көшеге шығуға үндеген. Көрші елдің пандемиядан қатты қорқатынын биылғы 14 қыркүйекте ҚХР лидері Астанаға сапармен келгенде қазақстандықтар да хабардар болды. Си Цзиньпин жүрген жердің бәрінде – әуежайда, қонақүйлерде, мейрамханаларда, Ақордада, өзге де орындарда барлық персоналдан ПЦР тест талап етілді, олар барлық уақытта бетперде тағып жүруге міндеттелді.

Си командасы әлі күнге "ковид зеро" саясатын ұстанады: егер кез келген қалада бірнеше адамнан коронавирус табылса, ол шаһар бірнеше миллион тұрғынымен қатаң карантинге жабылады, жұртқа көшеге шығуға тыйым салынады. Содан үйлерінде қатты ашығып, талықсыған адамдардың терезелерінен көмек сұрағанын әлемдік ақпарат құралдары жазды.

Бейжіңде кеше эстакада жақтан түтін көтерілген. Сондай-ақ куәгерлер дыбыс күшейткіштер арқылы қарсыласуға шақырған ұрандар трансляцияланғанын хабарлады. Наразылық шараларының қайда өткені хабарланбаған. Дегенмен Қытайдағы шетелдік журналистер әлеуметтік желіде орналастырылған фотолардың геотаңбалары (геометка) арқылы олардың ҚХР астанасындағы Хайдянь ауданында, Ситун көпірі жанында түсірілгенін анықтаған.

Америкалық телеарна журналистері оқиға орнына жеткенде, наразылық білдірушілердің қуып таратылғанын білген. Орнында тек қауіпсіздік қызметтерінің қызметккерлері ғана толып жүріпті. Жалпы ақпарат құралдары бұл күндері Бейжіңде, ірі қалаларда күштік құрылымдар патрулдері жиі көзге түсетінін байқады. Бірақ қытай билігі де, құқық қорғау органдары да бас көтеру оқиғаларына қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Ал ВВС Компартияның тарихи съезі қарсаңында Қытайда тазалау жүріп жатқанын жариялады. ҚХР жоғарғы басшылығы буынындағы бірнеше бастық ең жоғарғы жазаға кесілген. Көршіде өлім жазасы қолданылатыны белгілі. Оппозиция осы арқылы билік қарсыластарынан арылып жатыр деп сынады.

Қалай болғанда, Сидің үшінші рет билік басына келуіне Қытай жұртшылығының кедергі келтіре алуы неғайбыл. Бұл елде жалпыхалықтық сайлау жоқ.

Тарихқа үңілсек, ХХ ғасырдағы азаматтық соғыстан кейін Қытай Республикасы, яғни гоминьдан билігі тек Тайвань аралдарына бақылауын ғана сақтап қалды. Қазір ол аралдар Қытай Республикасы деген бейресми атауға ие. Ал құрлықтық Қытайда коммунистер 1949 жылы Қытай Халық Республикасын құрды. Соның алдында, 1945 жылы жаңа билік "Бірқатар тарихи мәлелелер туралы" тұңғыш қарарды қабылдады, сол арқылы қытайдың жаңа көсемі ретінде Мао Цзэдуннің авторитеті бекітілді. Ол 1949 жылға дейін батыстық демократияны аңсаған, бір тұлғаның диктатурасына қарсы шыққан оппозиция өкілдерінен елді толық тазалап шығып, ҚХР-ды жариялады. Коммунистер билігіне бас имегендер аяусыз басып жаншылды. Аталған қарарда "Мао Цзэдун жолдас басшылық еткен партиямыз бен бұқараның қалың тобы толығымен дұрыс күрес жүргізеді" деп бекітілді. Мұндай тоталитарлық қуғын-сүргіннің, қызыл қырғынның не екенін қазақ халқы жақсы біледі.

1981 жылы ҚХР-да екінші "тарихи резолюция" қабылданды, ол: "Мемлекет құрылғалы бергі партия тарихының кейбір мәселелері туралы" деп аталды. Оған бастамашы болған ҚХР-дың жаңа лидері Дэн Сяопин "Мәдени революция" терминін қалқан етіп, саяси оппозицияны, компартия саясатына келіспеген кез келген адамды атып-асуға, жаппай репрессиялауға бағытталған Мао саясатын қатты сынады. Оның тарихтағы рөлін қайта қарап, жаңа баға берді. Тарихшылар мұны Сталиннің қырғынын айыптаған Никита Хрущевтің Кеңес Одағы компартиясының ХХ съезіндегі "Жеке басқа табыну және оның салдарлары туралы" баяндамасымен салыстырады.

Дэн Сяопин шың елінде үлкен реформаларды бастады. Мысалы, Қытай басшыларына екі реттен артық сайлануға тыйым салды. Экономиканы реформалауға жол ашты. Мемлекет пен қоғам өмірінде ауқымды саяси жаңғырулар жүргізді. Мұны Горбачев тұсындағы жариялылық және демократия кезеңімен салыстыруға болар еді, бірақ КСРО-ның бірінші және соңғы президенті экономиканы құлдыратып, одақты күйретіп тынғаны мәлім. Ал әлем жұртшылығы әлі күнге тамсанатын "Қытай ғажайыбы" Дэн Сяопин тұсында басталды. Жұңғо елі ғаламат қарқынмен дамыды.

Одан кейін келген көшбасшылар Цзян Цзэминь, Ху Циньтао өз мерзімі түгесілген соң, тып-тыныш қана өз тағын басқаушылардың жаңа формациясына тапсырды.

Си Цзиньпин 2012 жылы ҚКП Орталық комитетінің бас хатшысы лауазымын иеленді, ал 2013 жылы ҚХР Төрағасына сайланды. 2017 жылдың қарашасында ол ҚКП ОК бас хатшысы болып қайта сайланды. Содан соң ол ел ардақ тұтатын Дэн Сяопиннің саяси мұрасын қайта қарауға кірісті. 2018 жылы Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиынының депутаттары ҚХР конституциясына түзетулерді мақұлдады. Оған сәйкес, енді іс басындағы ҚХР төрағасына әрбір 5 жыл сайын еш шектеусіз қайта сайлана беруіне рұқсат етілді. Бұрынғы шектеулердің бәрі жойылды.

Нәтижесінде, Си Цзиньпин өмір бойы Қытайды басқару құқығына ие болды.

Қытай тарихын зерттеуші эксперт-магистр, қытайтанушы Александр Габуевтің тұжырымдауынша, Қытайда кәрілер ғана емес, жастарының да бір бөлігі есімін қатты ұлықтайтын Дэн Сяопин өсиетіне сәйкес, билік бір ұрпақтан екіншісіне жоспарлы түрде табысталып тұруға тиіс. Өйткені ескі, аға ұрпақ жаңа ұрпаққа билігі мен дүниетанымын таңбауы қажет. Сонда ел ағын судай ұдайы жаңғырып, мемлекет тың қуат алып, "аспанасты елі" тоқтаусыз алға озады.

Енді міне, Қытай алдағы жексенбіде билік транзитінен бас тартқалы тұр. "Алтыншы ұрпаққа" бесінші буын билігін жүргізе беретін болады.

Бұл аз болғандай, былтырғы қарашада билеуші партия өз пленумында жаңа қарар қабылдап, Си Цзиньпинді Дэн Сяопиннен де биік көтеріп, Мао Цзэдунмен теңестірді. Бұған қоса, А.Габуевтің түсіндіруінше, Си өзін даралайтын символдық жаңа мәртебеге ие болды: партияда және Орталық комитетте оған қатысты "Діңгек" деген термин қолданылады. Мұны енді Қазақстандағы "Елбасы" ұғымымен салыстыруға болатындай. Яғни, Си қазір "бүкіл партияның және орталық комитеттің діңгегі". Қарарда оның беделін "мүлтіксіз қорғау және оның бірыңғай орталықтандырылған басшылығын сақтау" талабы белгіленген.

Сондықтан қытайлар көшеге шығып, қанша наразылық білдірсе де, билікке қарсы қауқар қыла алмауы мүмкін. Себебі билік "діңгекті" бар күшімен қорғайтын болады.

Қытайтанушы, халықаралық саясат эксперті Ярослав Шевченко Си Цзиньпиннің "коренизация", яғни Қытайдағы азшылық ұлттардың мүддесін ескеру, жергілікті кадрлар мен басқарушыларды даярлау саясатынан да бойын аулақ салғанына назар аудартады.

"Салдарынан ұйғырлар мен қазақтарды мәжбүрлі түрде қытайландыруға қызмет ететін лагерлер пайда болды. Бұл жаппай мемлекеттік шовинизмнің жайлағанын білдірмесе керек, Қытай өз елі мен жерінің тұтастығы үшін күресуде. Осы жолда ҚХР азшылық ұлттар мен ұлыстарды хань этносына ерікті түрде интеграциялап, кіріктіруге күш салуда. Бірақ ерікті ассимиляциялану процесі кедергілерге жолықса, онда қытайлық мемлекеттік машина оны аяусыз басып-жаншып тастайды", – деді Ярослав Шевченко.

Ал экономистер Қытай ғажайыбы шегіне таяғаныны жөнінде болжам айтуда. Reuters агенттігі ҚХР экономикасы алаңдатып отырғанын жеткізді. Таяуда жарияланған қорытынды есептер көрсеткендей, ҚХР-дің ЖІӨ-сі 2022 жылдың I тоқсанында 4,8%-ға өсіпті. Ал жартыжылдық қорытындысында өсім небәрі 2,5% болған. Шығыс көршіде өнеркәсіптік өндіріс те құлдырап жатыр. Экономика қарқынын жоғалтып, баяулады.

Құлаққа тосын естілуі мүмкін, бірақ Қазақстан үшін Қытай көршісінде тұрақтылық пен даму болғаны тиімдірек. Себебі 1 миллиард 460 миллион халқы бар алпауыт елде зұлматты заман басталса, оның кесір-кесапаты көрші елдерді мұхиттың алапат толқындарындай басуы мүмкін.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу