Қытайда ұшатын автомобиль зауытының құрылысы басталды

1309

Бұл кәсіпорын елдің барлық провинцияларында "төмен биіктіктер экономикасы" деген жаңа бизнес түрі қарқын алған шақта салынып жатыр. 

 Қытайда ұшатын автомобиль зауытының құрылысы басталды Фото: reuters

Қытайдың Гуандун провинциясының әкімшілік орталығы Гуанчжоу қаласында ұшатын автомобильдер зауытының құрылысы басталды. Оның бірінші кезегі материалдық, бояу, біріктіру және құрастырудың жалпы процестерін қамтитын төрт цехтан тұрады.

Бұл өндірістік база электромобиль шығаратын XPENG компаниясының еншілес кәсіпорны Xpeng Aeroht фирмасының тапсырысы бойынша салынып жатыр. Ол "ұшатын автомобильдерді жаппай шығаратын алғашқы кәсіпорын" ретінде жарияланды.

Компания сайтында сипатталғандай, бұл автомобиль екі бөліктен тұрады: жер модулі мен әуе модулінен. Жердегі модуль әуе модулін тасымалдайды және екі модуль автоматты түрде бөлініп, біріге алады. Бұған қоса, жердегі модуль ауа модулін қайта зарядтауға қабілетті екен.

Жылына 100 мың машина

Жаңа зауыттың бірінші кезегі 180 000 шаршы метр аумақта бой көтермек. Және де ол жыл сайын Land Aircraft Carrier деп аталатын ебелекті көліктің 100 мың данасын шығаруды жоспарлап отыр.

"Құрылысы аяқталғаннан кейін бұл зауыт бірнеше маңызды артықшылықтарға ие болады: біріншіден, бақыланатын шығындарымен; екіншіден, жоғары тиімділігімен; үшіншіден, өндіріс сапасының тұрақтылығымен. Бұл дегеніміз барлық өндірістің бақылауымызда болатынын, компаниямыздың клиенттерге рентабельді өнім жеткізетінін білдіреді", - дейді Xpeng Aeroht вице-президенті Цю Мингюань.

Қыркүйек айында пилотталған ұшу сынағын аяқтаған Land Aircraft Carrier жыл соңына дейін сатылымға шығуды жоспарлап отыр және оның бағасы шамамен 2 миллион юань (шамамен 280 520 АҚШ доллары) деңгейінде белгіленді, деп хабарлайды Xpeng Aeroht.

Ұшатын автомобиль жеке қолданыспен бірге құтқару операциялары мен экскурсиялық шолулар тәрізді түрлі қоғамдық мұқтаждықтарға да пайдаланылады.

"Бұрын ұшақтарды басқару қиын еді. Оны үйренуге 20-30 сағат немесе одан да көп уақыт кететін. Алайда, ұшатын автомобиль жүргізуді бес минутта үйреніп, небары үш сағатта ол бойынша сарапшы болуға мүмкіндік бар. Себебі оның бір таяқты басқару жүйесі ұшақ басқарудың барлық дәстүрлі логикасын өзгертіп отыр", - дейді тағы бір сөзінде Цю.

"Төмен биіктіктер экономикасы"

Айта кетсек, бұл зауыттың құрылысы Қытайдың барлық провинцияларында "төмен биіктіктер экономикасы" деген жаңа бизнес түрі қарқын алған шақта басталып отыр.

Қытайдың А-сыныбындағы акциялар алаңында тіркелген 70 шақты компания қазір ұшатын автомобильдермен байланысты кәсіппен айналысады. Салалық шолушылардың есебінше, ұшатын автомобильдер нарығының көлемі 2023 жылы 22 миллиард долларға жетіп, жылдық көрсеткіш бойынша 30 пайызға жуық өсіп келеді.

Global Times газетінің хабарлауынша, Қытайда 1000 метрден төмен әуе кеңістігінде жұмыс істейтін салаларды қамтитын "төмен биіктіктер экономикасы" қарыштап дамып келеді. Қыркүйектің соңындағы жағдай бойынша, Қытайда 2,05 миллион дрон мен сол дрондарды пайдаланатын 17 мыңнан астам сертификатталған компания тіркеліпті. Жұма күні CCTV мемлекеттік телеарнасы хабарлағандай, ұшқышсыз аппараттар көбінесе сәлемдемелерді жедел жеткізу, туризм, әуе спорты сияқты жаңа қосымшаларда көбірек қолданылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу