Қытайдағы адам шошырлық ауқымға жеткен коронавирус Қазақстанға қауіпті ме

2305

Шығыс көршіде желтоқсан айында ғана 250 миллион сырқат тіркелген. Биылғы 2022 жыл – адамзат COVID-2019 пандемиясын жеңген жылға айналуға тиіс еді. Бүкіл жаһан жұртшылығы осыдан үміттенді. Ол үміт ақталмаған секілді. 

Қытайдағы адам шошырлық ауқымға жеткен коронавирус Қазақстанға қауіпті ме Фото: news.myseldon.com

Дүниежүзінің бірқатар елінде, соның ішінде Қазақстанда да дерт қайта бас көтергенге ұқсайды.Бас санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тағуға тағы да кеңес бере бастады. Келесі жылы елде "алып сайлау аламаны" келе жатыр. Алдын алу шаралары қабылданбаса, Сенат, Мәжіліс, мәслихат және әкімдер сайлауы барысында пандемия өршуі ықтимал. Сондықтан кандидаттарға үгіт-насихат барысында үлкен аудитория жинауға рұқсат етілмейтіні белгілі болды. Біраз іс-шаралар онлайн форматқа көшірілуі мүмкін.  Қазірден Ақорда, Парламент, Үкімет, меморгандардағы жиын-жиналыстарға қатысушыларға маска тағу қайтадан міндетті талап болды.

Әлемде жағдай күрделене бастағандай. Бір тәулікте Жапонияда – 149 665, Оңтүстік Кореяда – 58 448, Францияда – 40 744, Гонконгта – 21 255 адам короновирусқа шалдыққан. Халықаралық сарапшылар, әсіресе, ҚХР-да ахуал аса күрделі деп дабыл қағып жатыр.  

Қытай Халық республикасы – zero covid policy, яғни коронавирус пандемиясына қарсы "нөлдік төзбеушілік" саясатын ұстанған соңғы ел болып қалды. Оған жақын жатқан құрлық-елдер Австралия мен Жаңа Зеландия да осы қатал саясатты ұстанды. Бірақ биылғы жыл ортасында олар да қатаң шаралардан бас тартқан.

Шың елі соңғы болып, таяуда, 7 желтоқсанда берілді. Сол күні Қытай компартиясы Орталық комитетінің саяси бюросындағы кездесудің құжаттары жарияланды. "Біз эпидемиямен күресті және елді әлеуметтік-экономикалық дамыту ісін жақсырақ өзара үйлестіруге тиіспіз", – делінген онда. Сонымен бірге екі жылдан бері құжаттан құжатта жалықпай қайталанып, тәптіштей жазылып келген "дунтай цинлин" (жаңа жұқтыруларды жоққа теңестіруге бағытталған қозғалыс) ұғымы бұл жолы ауызға алынбады. Вирустың таралуына нөлдік төзбеушілікті ҚХР басшылығы осылай атайтын.

Яғни, кері кете бастаған Қытай экономикасын жандандыру, дем беру үшін билік қатыгез саясаттан іргесін аулақ салуға бет қойды.  

7 желтоқсанда саяси бюромен бірге, ҚХР Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы елде үш жылға жуық уақыт күшінде болған санитарлық режимнің қалай әлсіретілетіні туралы егжей-тегжейлі түсіндірме жариялады. Атап айтқанда, азаматтардың басым көпшілігі үшін міндетті ПТР тестілеулер жойылды. Өйткені ҚХР азаматтары ол тестілеуден үнемі өтіп тұруға міндеттелді және онсыз ешқайда аттап аяқ баса алмайтын. Билік карантин енгізе алатын аумақтар да шектелді: тұтас қала, немесе орам-квартал жабылмайды. Дертке шалдыққандарды  үйінде қалып, емделуіне мүмкіндік берілді.

Бұған қуанған қытайлар жеңісті тойлап, улап, шулап көшеге шықты. Жыл соңында шың елі шаттық пен думанға бөленді. Содан бері жиырма күнге жуық уақыт өтті.

Financial Times және басқа да халықаралық агенттіктер 20 күн ішінде 250 млн қытай коронавирус жұқтырғанын жариялады. Оның сарапшысы Сунь Юйдің (Sun Yu) хабарлауынша, бұл цифр компартияның жабық отырысында жарияланған.

"Қытай шенеуніктерінің бағалауынша, Бейжің үш жылға жуық ұзаған карантинді тосыннан алып тастаған соң, желтоқсан айының 20 күнінде коронавирусқа шамамен 250 миллион адам немесе ел халқының 18%-ы шалдықты. Мысалы, тек бір тәулікте, сейсенбіде 37 миллион жаңа сырқат (халқының 2,6%-ы) тіркелген. Бұл ақпаратты Қытайдың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы директорының орынбасары Сунь Ян жариялағанын 2 дереккөз растады. Сунь елде коронавирустың таралу жылдамдығы қатты қарқын алғанын, мысалы, Бейжің мен Сычуань тұрғындарының жартысынан астамы дертке душар болғанын мәлімдеді", – деп жазады Файнәншл Таймс.

Әрине, ҚХР ресми мәліметтері еш сырды сыртқа шығармайды: онда бәрі тамаша, індет толық бақылауда. Бұл елдің Денсаулық сақтау жөніндегі мемкомиссиясының ресми дерегінше, желтоқсан айының 20 күнінде небары 62 592 сырқат тіркелген. Сонымен бірге, өткен аптадан бастап, Қытай коронавирус жұқтырғандар туралы мәліметтер жариялауды тоқтатты. Пандемияның жаңа толқыны туралы ресми мәліметтер алуды қойған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бейжіңді бұл мәселеде ашық болуға, сырқаттанғандарды дұрыс санауға және індетке қатысты ахуалдың қаншалықты ауыр екенін нақты айтуға шақырды.

Жалпы, 250 миллион науқас туралы ақпарат шындыққа жақын болуы да ықтимал. Биліктің ауруларға үйлерінде емделуіне рұқсат еткеніне қарамастан, Financial Times жазуынша, ҚХР астанасының және басқа да қалалардың ауруханаларын жатып емделуді қажет ететін науқастар толқыны жапты: жан сақтау және жедел жәрдем бөлімдері лық толған.

Оның үстіне мемкомиссияның басшысы Ма Сяовэй отырыс өткізіп, аурухана басшыларынан шұғыл жәрдем бөлімдерінің шектен тыс толуының жай-жапсарын анықтап, пациенттерді стационарларға көшіруді талап еткен. Ол сондай-ақ орта және ірі ауруханаларды негізінен ахуалы аса ауыр науқастарды қабылдауға үндепті. Сонымен бірге, ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ма Сяовэй өлім-жітімнің күрт өскені үшін аурухана басшыларын құзырлы органдар жауапқа тартпайтынына уәде еткен. Шетелдік басылымдар Бейжіңдегі крематорийлер мүрделерді жағып үлгермей жатқанын жеткізді.  

Осы елдің іргесінде Қазақстан орналасқан. Бас мемлекеттік санитар әзірге дабыл қағып отырған жоқ. Қытайдағы жағдайға қатысты да ләм-мим деп халыққа жария тіс жармады. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Василий Власов алғашқылар қатарында көршідегі ауыр ахуалға назар аудартты.

"Кез келген дамыған, демократиялық елде қанша адамның коронавируске шалдыққанын, қанша адам қайтыс болғанын жалпы өлім-жітім көрсеткіштерімен, тәуелсіз дереккөздердің ақпаратымен салыстыра отырып, анықтауға болады. Ал Қытайда мұның бірі жоқ. ҚХР денсаулық сақтау жүйесі жабық жұмыс істейді. Бұл елде интернет те әлеммен тікелей байланыспаған, батыстық әлеуметтік желілер оларда істемейді. Бәрі қытайлық, бәрі Қытай басшылығының бақылауында. Сондықтан біз қазір онда миллиондаған адам вирус жұқтырды деп айта аламыз. Бірақ оны тексеру қиын. Нақты деректерді біз ешқашан біле алмауымыз мүмкін. Біз тек сырқаттардың өте көп екенінен қауіп қыла аламыз", – деді ғалым.

2020 жылдан бері әлемде пандемиямен күрестің екі ғана тәсілі болды. Қытай жаңа жұқтыру оқиғаларына жол бермеу үшін қатаң тұсау шараларын қолданды. Ал Қазақстан екінші жолды ұстанды: коронавирустік шектеулерді бірте-бірте әлсіретті. Осы арқылы халық жаңа вируспен "бірге" тіршілік етуге үйренді. Бірақ сонымен бірге вирустан көз жұмғандар да көп болды. Қазақстанда коронавирустен 13 694 адам қайтыс болған (ҚХР-да ресми дерек бойынша 2020 жылдан бері 5 241 адам өлді).    

"Қытайда жүзеге асырылған zero COVID саясаты адамгершілікке жатпайды, тым қатыгез. Оның үстіне ол Қытайға тым қымбатқа түсті, экономикасына соққы берді. Дәл осындай саясатты ұстанған Австралия мен Жаңа Зеландия коронавирус омикрон штамына көшкенде, қатаң карантиннен бас тартты. Оларда да аурушаңдық күрт өсті, бірақ ол ешқандай апатқа соқтырмады. Себебі, бұл елдерде азаматтардың көбі вакцинацияланған, әрі денсаулық сақтау жүйесі тиімді жұмыс істейді, озық. Ал Қытайдың жайы басқа. Біріншіден, қытайлықтар саны көп, демек, карантин жойылысымен, лезде бір-екі емес, ондаған, тіпті жүздеген миллион адам ауыра бастады. Екіншіден, ҚХР-да өзінің жеңіл вакцинасы қолданылады, батыстың вакцинасы жоқ. Халықтың шағын ғана бөлігі ревакцинацияланған: жаңылмасам, шамамен 40%. Бірақ қытайдың бұл статистикасы да жалған болуы мүмкін, оларда қосып жазу көп. Тіпті Қытай үкіметі де ревакцинацияда жоғарғы жетістікке жеткенін мәлімдемеді", – деді В.Власов.

Өйткені шың елі екпе егумен толық қамтуға емес, вирустың таралуына тосқауыл қоюға басымдық берді.

"Салдарынан Қытай қатаң саясаты кесірінен халыққа өз бойында дертке қарсы бірте-бірте табиғи иммунитет қалыптастыруына мүмкіндік бермеді. Соның кесірінен, алып елдің орасан зор көлемдегі тұрғыны карантиннің жойылуына әлсіреген иммунитетпен кірді. Яғни, ҚХР осы жылдар бойы инфекцияны тоқтатқан жоқ, тек тосқауылдаумен келді. Ал адам популяциясында табиғи иммунитет болмаса, онда 2020 жылы Еуропада болғандай қасірет туындайтыны даусыз. Вирус тез жұғады, оған қарсы ешкімде иммунитет жоқ, содан онымен контактіде болғандардың барлығы дерлік ауырады. 1,4 миллиард халқы бар мемлекетте жүздеген миллион адам індет жұқтырса, тіпті оның 99%ы ауруды жеңіл өткергеннің өзінде, қалған 1% ауыр сырқаттар ауруханаға бір мезгілде түскенде, елдің медициналық мекемелерінде апат тудыруға сол да жетіп жатыр. Тиісінше медұйымдар сапалы көмек көрсете алмайды", – деген байламын айтты медицина ғылымдарының докторы.

Яғни, 2020 жылы Батыста болған жағдай енді жұңғо елінде қайталануда. Бұл жағдай әлемде, әсіресе Қытаймен шектес елдерде індеттің қайта ушығуына соқтырады деген қауіп те жоқ емес. Бірақ вакцинациялану деңгейі жоғары елдер үлкен апаттан аман қалуы мүмкін. Ғалым дәл осы жағдай коронавирустың дельта штамы кезінде туындағанда, қорқынышты пандемия әлемді екінші рет жабатын еді дегенді айтты. Ал қазіргі омикрон штамы сапалы вакцина салғызған адамдардың арасында көп өлім-жітім тудырмауы, жеңіл өтуі ықтимал.

2022 жылғы 23 желтоқсандағы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпенің I компонентімен 10 854 663 адам егілген. Вакцинаның II компонентін 10 619 826 адам салғызыпты. Ревакцинацияланғандар саны – 5 720 317. Яғни, 14 жасқа дейінгі балаларды және жүктілерді қоспағанда, вакцинациялануға ұсынылған шамамен 13 миллион адамның 81%-дайы толық екпе алып болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу