Қытай әлемнің автомобиль державасына айналып, электромобиль өндірісінде лидерлікке жылдар бойы ұмтылды. Сол үшін миллиардтаған доллар субсидия шығындады, өзге де мемлекеттік шараларды қолданды. Қытай бұл бағытта мақсатына жетті деуге болады, тіпті арманын асыра орындады. Бірақ жергілікті көлік жасаушылар қазір үлкен проблемаға душар болып отыр.
Жақында "Рейтер" агенттігі жүргізген зерттеу қорытындысына қарағанда, Қытайда автомобиль шығаратын отандық брендтер тым көбейіп кеткен. Олар өндірген машиналарды әлемнің ең ірі автомобиль нарығы (Қытайдың өзі) "жұта алмай" жатыр. Неліктен? Өйткені, өндірушілер тұтынушылардың сұранысын емес, мемлекеттік саясаттың ығына жығылып, "темір тұлпарды" тым көп жасаған. Нәтиже сол – көптеген автоөндірушілер қазір кірістен қағыла бастады.
Мәселен, бүгінде жергілікті нарықта қытайлық электромобильдердің бағасы 10 мың долларға да жетпейді. Керісінше, АҚШ-та мұндай көлікті 35 мыңнан төмен бағаға сататын компаниялар некен-саяқ. Ал Чендуда жергілікті зауытта құрастырылған Audi құны 50 пайызға түссе, жол талғамайтын жеті орындық FAW 60 пайызға арзандап, 22300 долларға сатылып жатыр.
Өткен айда Қытайда жарияланған салалық зерттеуге жүгінсек, қытайлық дилерлердің көбі де табыс табу мүмкіндігінен айрыла бастаған. Себебі, салондарында көлік көп, демек, бағаны түсіру қажет. Өтпей тұрған автомашиналар Zcar тәрізді көлеңкелі спекулянттардың да қолына өтіп жатыр. Сол алып-сатарлардың кейбірі көлікті TikTok сияқты әлеуметтік платформаларда сатылымға шығарады. Өзгелері, тіпті бір метр жүрмесе де, "қолданылған тауар" ретінде шетелге жіберіледі.
"Рейтердің" тағы бір мәліметіне жүгінсек, Қытайда кейбір машиналар арам шөп басқан "автомобиль зираттарында" жатыр. Қытайдың автоөндірушілері мұндай жағдайға қалай жетті? Салалық мамандар мен сарапшылардың пікірінше, елдің автонарығында көлік түрлерінің шектен тыс көбеюіне ең алдымен мемлекеттік саясат себепші. Сол саясатқа сәйкес, сату мен нарықтағы үлесті арттыру арқылы адамдарды жұмыспен қамту және экономикалық өсімді қамтамасыз ету кіріс пен тұрақты бәсекеден жоғары тұруы керек. Осындай саясатқа бағынышты жергілікті билік органдары өндіріс ошағы ашылсын, салық түссін деген ұстаныммен автонөндірушілерге арзан жер мен субсидия береді.
"Бейжіңнен бұл стратегиялық сала екендігі туралы нұсқау келгенде, әрбір провинцияның губернаторы автокөлік зауытын ашуды қалайды. Себебі олар партиямен жақсы қатынаста болғысы келеді. Түптеп келгенде, бұның нәтижесінде автомобиль секторына инвестиция екі есеге артады", – дейді австралиялық макроэкономика комментаторы және бұрын Қытайдың EV стартапында жұмыс істеген Руперт Митчелл.
"Рейтер" агенттігі мен өзге де журналистер бұл сараптама үшін осы саланың 20 өкілі арасында сауалнама жүргізген. Олардың қатарында дилерлер, клиенттер, сарапшылар, өндірістік кәсіпорын басшылары бар.
Бұған қоса, зерттеуге көлік сату туралы мыңдаған жарнама, жүздеген үкіметтік құжат, ақпарат құралдарында жарияланған материалдар және тұтынушылардың шағымдары қолданылыпты. Дегенмен, Қытайдың өнеркәсіп және сауда министрліктері автосектор алдында тұрған қиындықтар мен шектен тыс ұсыныстарға үкімет саясатының қатысы туралы сұрақтарға әзірге жауап бермей отыр.
Бұған дейін Қытай саясаткерлері арзан импортқа алаңдаған америкалық және еуропалық шенеуніктердің шектен тыс автоөндіріс қуаты туралы айыптауларын жоққа шығарған еді. Алайда, кейінгі кездері Қытайдың ресми өкілдері электромобиль, күн энергиясы сияқты секторларда баға соғысын тежеуге уәде беріп жүр. Ал жазда төраға Си Цзиньпин провинциялық шенеуніктерді электромобиль мен жасанды интеллект сияқты бірнеше салаға ғана инвестиция салып жатыр деп сынады.
AlixPartners консалтингтік компаниясының болжамынша, 2030 жылға дейін Қытайдағы 129 электромобиль және гибрид өндіруші брендтің 15-і ғана қаржылық өміршеңдігін сақтай алады.
Көлік бағасына қатысты соғыс Қытайда 3 жылдан бері жалғасып келеді. Кейбір сарапшылардың ойынша, тығырықтан шығатын бір ғана жол бар – көптеген автоөндірушілерге банкрот болуға рұқсат ету керек. Бірақ кейбір қытайлық шенеуніктер бұған қарсы. Себебі банкроттық салдарынан талай адам жұмыстан айрылып, тұтынушылық шығындар төмендеп кетуі мүмкін.