Қытайдан тауар алғызатындарға тағы бір соққы тиетін болды

5073

Жалпы құны 200 еуродан асатын шетелдік тапсырыстарға 5% баж және 16% ҚҚС төлеуге тура келеді.

Қытайдан тауар алғызатындарға тағы бір соққы тиетін болды Фото: canva

Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне сыртқы электрондық сауда жөнінде өзгерістер енгізу туралы хаттама қолданысқа енгізіледі.

Одақ заңнамасы бойынша бұл хаттама ЕАЭО-ның ұлтүстілік органы – Еуразиялық экономикалық комиссия мүше-мемлекеттерден ішкі рәсімдерді орындап болғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап қана күшіне енеді.

Яғни, тұрмысы төмендеп, қалтасы жұқарғандықтан амалсыз арзан тауарды шетелдік, негізінен қытайлық маркетплейстардан іздейтін бұқараның жағдайын нашарлататын, Мәскеудің мүддесін ілгерілететін құжатты қабылдауға Қазақстанның асықпауына болатын еді.

Алайда қазақстандық шабан шенеуніктер мен жайбасар депутаттар бұл тұрғыда керемет ұшқырлық танытыпты. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитетінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасы осы хаттаманы ратификациялау рәсімін өзгеден озып, 2025 жылдың қазан айының басында аяқтап тастады.

Қазақстан одақтың құжатын қабылдауда асығыстық танытқанымен оны қазақстандықтардың орындауын жеңілдететін құжаттарды қабылдауда одақтың шенеуніктері әбжілдік танытпай отыр. Uchet.kz түсіндіруінше, жаңа кедендік реттеу күшіне енуі үшін Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) электрондық коммерция тауарларына қатысты бірқатар актілерді қабылдауы қажет.

Оның үстіне енді ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттер өздерінің ұлттық кеден заңнамасын аталған хаттаманың ережелеріне сәйкестендіруі шарт. Соның ішінде бұл рәсімді Қазақстан да жүзеге асырып жатыр.

Бұл жұмысты одақтық комиссия да, сондай-ақ жекелеген мүше мемлекеттер де әзірге аяқтамағаны белгілі болды. Тиісінше, ЕЭК электрондық саудаға қатысты жаңа кедендік реттеуді енгізудің нақты күні туралы ақпаратты әзірге жариялаған жоқ.

Бірақ оның биыл енгізілетіні даусыз. Ендеше жаңа реттеуге қандай тауарлар ілігеді және мұндай тауарларды кім декларациялауға міндетті болады?

Мемкірістер органының мәліметінше, жаңа кедендік реттеу тек жеке тұлғалардың шетелдік интернет алаңдардан, яғни, ЕАЭО-ға кірмейтін мемлекеттердің онлайн дүкендерінен сатып алған тауарларына ғана қолданылады. Мысалы, бұларға Қытайдан, Америкадан, Еуропалық Одақ елдерінен және басқа мемлекеттерден келген тапсырыстар мен сәлемдемелердің бәрі жатады.

Осы арқылы Ресей өз маркетплейстарының мүддесін ілгерілетіп, қазақстандықтардың, ресейліктердің, қырғызстандықтардың, беларустердің және армяндардың тауарларды тек солардан сатып алуын ынталандырып отыр.

Өйткені МКК түсініктемесінде көрсетілгендей, егер сатып алулар, тапсырыстар Wildberries, Ozon сияқты ресейлік маркетплейстардан жасалса, жаңа шектеулер оларға таралмайды.

Жаңа ережелердің "жаңашылдығы" неде?

Қазіргі уақытта қазақстандықтардың Amazon, Alibaba, 1688, Taobao, Tmall, Pinduoduo, Poizon және басқа шетелдік интернет сауда алаңдарынан сатып алатын тауарлары "халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жіберілетін және тасымалдаушылар арқылы жеткізілетін жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарлары" категориясына жатқызылады. Егер ол заттарды тұрмыста тұтынатын болсаңыз, ары қарай Қазақстанда саудаға қоймасаңыз, онда алым-салықты да төлеудің қажеті жоқ болатын.

Алайда бұл жағдай Ресейді қанағаттандырмады. Өйткені соның кесірінен ресейлік маркетплейстар қытайлық бақталастарына бәсекеде оңбай ұтылып жатыр. Мәскеу жағдайды одақтың шектеуі арқылы өз пайдасына шешіп отыр.

Аталған хаттамаға сәйкес, ЕАЭО-ға мүше емес шет елдердің интернет сауда алаңдарынан сатып алынатын тауарлар "жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарлары" санатынан енді "электрондық сауда тауарлары" санатына көшіріліп, қайта жіктеледі.

ҚР Мемкірістер комитеті жаңа реттеуге көшу минималды өзгерістермен және сәлемдеме-тапсырыс алушылар үшін айтарлықтай қолайсыздықсыз жүзеге асырылады деп күтіліп отырғанын жеткізді.

Салықшылардың сендіруінше, "электрондық сауда тауарлары" секілді жаңа ұғымдар, кедендік декларацияның жаңа түрі, жаңа баж алымы және тіпті нарықтың жаңа қатысушысы – "электрондық сауда операторы енгізіліп жатқанымен, сәлемдеме-тапсырыс алу процесі қарапайым адамдар үшін қатты өзгермейді.

Қалайша?

Мемкірістер комитетінің мәліметінше, алушылар үшін барлық кедендік рәсімдерді электрондық сауда операторлары орындайды. Олардың арасында – "Қазпошта" АҚ, DHL, FedEx және басқасы бар.

Олар азаматтар атынан қажетті декларацияларды тапсырады және сәлемдемелерді жеке тұлғалардың атынан өздері рәсімдейді. Бірақ бұл үшін енді қосымша ақы алуы да ғажап емес.

Белгілі болғандай, 1 жылдан астам уақыттан бері Қазақстанда электрондық коммерцияны кедендік реттеуді сынақтан өткізу бойынша пилоттық жоба (эксперимент) жүргізілуде. Оның мақсаты – ықтимал проблемаларды анықтау және оларды шешу жолдарын табу.

Сынаққа ҚР Мемлекеттік кіріс комитетімен бірлесіп, "Қазпошта" АҚ мен "DHL Kazakhstan" ЖШС қатысуда. Эксперимент барысында жүргізілген кедендік операциялар, соның ішінде декларацияның жаңа түрін тапсыру – жеке тұлғалардың сәлемдеме-тапсырыстарды алу процесіне үлкен әсер етпегені мәлімделді.

Электрондық сауда тауарларын декларациялауда қандай алымдар төленеді?

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) "жеке пайдалануға арналған тауарларға" көзделген 200 еуро көлеміндегі бажсыз шекті әзірше "электрондық сауда тауарлары" үшін де сақтау туралы шешім қабылдады. Бірақ болашақта ол шек-лимит жойылуы да мүмкін.

Сондықтан егер қытайлық және өзге шетелдік маркетплейстардан сатып алған тауарларының жалпы құны 200 еуродан аспаса, онда жеке тұлғалар сол бұрынғыдай кедендік баждар мен салықтарды төлеуге міндеттелмейді.

Егер тауарлардың құны 200 еуродан асса, онда сатып алушылар – Қазақстан азаматы "электрондық сауда тауарларына қатысты кедендік бажды" төлеуге тиіс болады. Бұл баж мөлшері тауар құнының 5%-ын құрайды деп жоспарлануда. Бұған қоса, қазақстандықтар 16% ҚҚС (қосылған құн салығын) да төлеуге міндеттеледі.

Бұған дейін қолданыста болатын ескі ережелер бойынша егер жеке мақсатта пайдалануға арналған тауарлардың жалпы құны 200 еуро шегінен асып кетсе, онда азаматтар асып кеткен сома үшін ғана 15% бірыңғай ставкамен баж төлейтін. Мұнда салмақ нормасынан асып кеткенінің әрбір келісі үшін төлем 2 еуродан кем емес.

Басқаша айтқанда, бүгінде мұндай тауарлар үшін бір жағынан, бажсыз құн шегі (стоимостный беспошлинный порог), екінші жағынан, 31 келіден аспайтын салмақ шегі қолданылады.

Шетелден тауар алғызатындар біраз жылдан бері бұл шектеуге үйреніп алды. Ал, жаңа ереже бойынша салмақ шегі алып тасталады, тек құны жөнінен (200 еуро) шек қана қалдырылды.

Болашақта ол "табалдырық" алып тасталса, онда қазақстандықтарға шетелдік онлайн сауда алаңдарынан сатып алатын барлық тауары үшін баж бен ҚҚС төлеуге тура келеді. Салдарынан, арзан деп алғызған тауары Қазақстанға кіргенде қатты қымбаттап шыға келеді.

Қолданыстағы ережеден жаңасының тағы бір ерекшелігі: қазіргісі 200 еуродан асып кеткен сомадан ғана баж алымын төлеуді талап етеді. Жаңа кедендік реттеуде 200 еуродан қымбат тауардың бүкіл құнына салық салынады. Бұл Қазақстанда халық кең тұтынатын азық-түліктік емес тауарлардың ары қарай күрт қымбаттауына соқтыруы мүмкін.

Атап өтетін жайт, Қаржы министрінің 2025 жылғы 11 қарашадағы №690 бұйрығымен Еуразиялық одаққа мүше елдерден жеке тұлғалардың тауарларды импорттауының да жаңа шегі белгіленді. Бұл құжат 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

Бұйрықпен "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына кәсіпкерлік қызмет мақсатында жеке тұлғалар импорттайтын тауарларды, оның ішінде акцизделетін тауарларды жатқызу өлшемшарттарын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына салық салынатын тауарлар импортының мөлшерін түзету қағидалары" бекітілді.

Жаңа қағидаларға сәйкес, биылдан бастап, төмендегі жаңа шектеулерді сақтамаған қазақстандықтардың ЕАЭО-ға мүше 4 мемлекеттен әкелген тауары "бизнес" деп танылып, ол үшін алым-салықтар төлеу талап етілетін болады.

Сонымен Қазақстан азаматтарының Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан тауарларды әкелуі мынадай жағдайларда "кәсіпкерлік қызмет мақсатында жүзеге асырылған" болып танылады:

• Біріншіден, мұндай тауарлардың құны 360 айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы – 1 557 000 теңгеден) асса;

• Екіншіден, 1 жыл ішінде мынадай мөлшерде тауарлар әкелсе:

• жүннен жасалған бұйымдар, оның ішінде бас киімдер – бір адамға бір атаудағы 1 заттан артық;

• ұялы телефон – бір адамға 2 бірліктен артық;

• планшет – бір адамға 2 бірліктен артық;

• стационарлық, портативті (портативті) компьютер және оған керек-жарақтар – бір адамға 2 бірліктен артық;

• зергерлік бұйымдар – бір адамға 5 астам зат;

• велосипед – бір адамға 1 бірліктен артық;

• балалар арбасы – бір адамға 2 бірліктен артық;

• көлік құралдары, оның ішінде жиналмаған түрінде – 1 бірліктен артық.

Яғни, мысалы, бір жыл ішінде көрші Ресейден не Қырғызстаннан екі көлік сатып алсаңыз, қанша жерден оны жеке мақсатта ғана пайдалансаңыз да, бұл әрекетіңіз биылдан бастап "көлеңкелі бизнес" ретінде бағаланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу