Сәтсіздіктен басталған сәтті қадам
Ірі компанияда бірге жұмыс істейтін елордалық Ерболат Егінбаев пен Батима Нұрғожинова жол-көлік апатына ұшырайды. Оқиға осыдан 5-6 жыл бұрын болған. Апат Сарыарқа көшесі мен Қорғалжын тас жолының қиылысында орын алған.
Ерболат Егінбаевтың (төмендегі суретте) сөзінше, Сарыарқа көшесімен зулап келе жатқан жеңіл көлік Қорғалжын тасжолына жетіп, кері бұрылыс (разворот) жасау үшін көлік құралының сол жаққа бұрылу шамын жағады. Ал оның соңынан қатты жылдамдықпен екінші көлік зулап келе жатады. Алдыңғы машина сол жаққа бұрылады деп ойлаған соңғы көлік жылдамдықты азайтпаған күйі кері бұрылғалы тұрған көліктің бүйірінен кеп соғады. Көліктің жүргізуші отырған жағы жапырылып, жолаушылар жарақат алады.
Кері бұрылыстың салдарынан осындай сәтсіздікке ұшыраған Ерболат пен Батима келеңсіздіктің алдын алуды көздейді. Көліктің кері бұрылатынын көрсетіп, соңындағы жүргізушіге бағыт беретін арнайы белгіні іздейді. Бірақ таппайды. Сөйтсе әлемде мұндай белгі атымен жоқ екен. Осылайша жер бетінде жоқ белгіні өздері жасауға бел буады.
Жер бетінде жоқ белгі
Сәтсіздіктен кейін олар көліктің кері бұрылыс жасауын, оның белгілерінің бар-жоғын, салдарын өз беттерінше зерттей бастайды. Ерболат Егінбаев бұл іске біржола бет бұрып, кері бұрылу белгісіне патент алады. Мұндай белгінің әлем бойынша авторы да, үлгісі де жоқ екен. Сондықтан белгінің үлгісін жасауға тура келеді.
"Қазақстан бойынша патент алуға өтінім берген соң, алғашқы үлгісін жасадық. Ол шыныдан жасалды. Қарабайырлау боп шықты. Белгінің қандай болатынын да, қалай жұмыс істейтінін де білген жоқпыз. Алғашқы үлгіні көліктің артқы әйнегіне орналастырып, салон арқылы рульге дейін кабель тарттық. Белгіні өшіріп-жағатын тетікті рульге орнаттық. Бұл тым ыңғайсыз әрі әдемі емес еді. Десе де алғашқы белгінің дүниеге келгеніне қуандық", – дейді "Знак разворота" ЖШС директоры Батима Нұрғожинова.
Белгінің шамамен қандай болатынын ұғынған соң өнертапқыштар оны өндіретін отандық компания іздестіре бастайды.
"Бірнеше компанияға бардық. Бірақ ешқайсысы жөні түзу дүние жасап бере алмады. Жасағандары біздің талапқа сай болмай шықты. Біз белгінің қарапайым, ұғынықты әрі жеңіл болғанын қаладық. Жол қозғалысы стандарттарына сәйкес, белгі қызыл немесе қызғылт-сары түсті болуы керек. Сондай-ақ жыпылықтап тұруға тиіс. Яғни солға немесе оңға бұрылу шамына ұқсас болуы шарт. Дегенмен Қазақстанда мұндай белгіні жасату қымбатқа түсті. Бір белгінің бағасы 20 мың теңгені құраған соң, Қытайға арнайы барып, бір компаниямен келісімшартқа отырдық", – дейді Батима Нұрғожинова.
Оның айтуынша, патент иесі – Ерболат Егінбаев. Бірақ серіктестікке ерекше құқық берілген. Яғни серіктестіктің келісімінсіз патент иесі белгіні ешкімге бере алмайды.
Қытайлар сан соғып қалды
Аспанасты еліндегі компания кері бұрылу белгісінің қазақстандық өніммен салыстырғанда әлдеқайда жетілдірілген үлгісін жасап береді. Бұл аралықта Ерболат Егінбаев халықаралық патент алуға өтінім береді. Халықаралық патент бойынша Женевадан "өтінімді қабылдадық" деген ресми хат та келіпті. Бұйыртса, осы күзде ол да қолға тиеді дейді өнертапқыштар.
Батима Нұрғожинованың айтуынша, көп елде көліктер кері бұрылысты сол жақ арқылы жасайды. Дегенмен, бұл функцияны оң жақ арқылы жасайтын елдер де жоқ емес. Мәселен, Гонконгты алуға болады. Сондықтан, өнертапқыштар патентті кері бұрылу белгісіне емес, жалпы идеяға рәсімдеген екен. Идеяны патенттеп алғандықтан, бұған өзгелер қол сұға алмайды.
"Бізбен жұмыс істейтін қытайлық компания INN INTERNATIONAL LIMITED деп аталады. Ол Қытайдың Гуанджоу қаласында орналасқан. Олар біздің жобамызды көріп, бастарын шайқады. Ал жалпы идеяны патенттеп алғанымызды естігенде, өкініштен сандарын соқты", – дейді Батима Нұрғожинова.
Төрт айда өзін ақтайды
Қазір өнертапқыштар инвестор іздеуде. Өндірісті іске қосу үшін 300 мың доллар қажет.
"Біз бұл жобаны 2013 жылы қолға алдық. Сол уақыттан бері аз ақша жұмсалған жоқ. Біршама шаруа тындырылды. Зерттеу жұмыстарын да өз қаражатымызға жүргіздік. Биыл "Знак разворота" ЖШС-сын аштық", – дейді Батима Нұрғожинова.
Директордың айтуынша, жоба төрт айдың ішінде өзін ақтайды. Ал инвестордың 300 мың долларын 8-12 айдың ішінде қайтарып беруге мүмкіндік бар.
"Бұл – өзін-өзі ақтайтын жоба. Қазірдің өзінде әр ай сайын 10 мың дана белгі сатып алатын тұтынушы бар. Келісімдер де жасалып жатыр. Тіпті, Түркияның өзінен келісім жасауға ұсыныс түсті", – дейді серіктестік басшысы.
Оның сөзінше, қытайлық компания 500-1000 дана белгі жасауға құлықсыз. Ірі партиялар өндіруді құптайды. Бұл бір жағынан серіктестік үшін де тиімді. Белгінің саны қаншалықты көп болса, бағасы айтарлықтай арзандайды.
Бағасын тағы арзандатамыз
Серіктестік өкілдерінің сөзінше, белгінің бағасы 8-10 мың теңге аралығында болмақ. Дәл қазіргі бағасы – 10 мың теңге.
"Бағаны арзандатуға болады. Егер Қытаймен ірі тапсырыстар бойынша жұмыс істесек, онда дистрибьюторларға 7 мың теңгеден босатамыз. Олар өз бағасын қосады. Сонда орташа есеппен бір белгінің бағасы 8-10 мың теңге аралығында болмақ", – дейді серіктестік басшысы.
"Знак разворота" ЖШС-ның коммерциялық директоры Мұрат Нұрсейітовтің айтуынша, белгі ең алдымен қауіпсізік үшін керек. Ал қауіпсіздік үшін 8-10 мың теңге деген көп ақша емес.
"Біз кейде көліктің сәні үшін қыруар қаржы жұмсап, түрлі шамдар мен басқа да қондырғыларды орнатамыз. Ал бұл белгі олармен салыстырғанда әлдеқайда пайдалы. Сондықтан оны көлік тізгіндеген адамның бәріне қажетті дүние деп есептеймін. Мәселен, кері бұрылыс жасау барысында жол-көлік оқиғасы орын алды делік. Басқасын айтпағанда, тек техниканың бұзылған жерін сырлау үшін 25 мың теңге жұмсайсыз. Сәтсіздікке душар болғаннан гөрі, оның алдын алған тиімді ғой. Көліктің қирағаны ештеңе етпес. Денсаулыққа зақым келсе ше?! Бұл жобаның экономикалық негіздемесі осы бір қарапайым ғана мысалда жатыр", – дейді Мұрат Нұрсейітов.
Жол ережесіне қайшы емес
Осы уақытқа дейін кері бұрылу белгісінің сегіз үлгісі жасалған екен. Белгі уақыт өткен сайын жетілдірілу үстінде. Мәселен, алғашқыда белгіні іске қосатын пультта төрт тетік болған. Бұл жүргізуші үшін ыңғайсыз еді. Ең соңғы нұсқада бір ғана тетік бар.
"Белгіні әрдайым жетілдіре бермекпіз. Оны өшіріп-жағатын тетікті жүргізуші өзіне қолайлы жерге орналастыра алады. Сапаға көңіл бөліп отырмыз. Өйткені, белгі Қазақстанның ауа райына сәйкес болуы шарт. Мәселен, солтүстікте қыс қатты, оңтүстікте жаз ыстық. Сондықтан белгі -50 немесе +50 градусқа шыдас беруі керек", – дейді Батима Нұрғожинова.
Мұрат Нұрсейітовтің сөзінше, жобаны ішкі істер министрлігі де қолдап отыр. Өйткені, бұл белгі жол қозғалысы ережелеріне қайшы келмейді. Техникалық талаптарды да бұзбайды. Бұл ретте, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепехадан келген ресми хат та бар.
"Белгі қолданыстағы талаптарға сай келеді. Оны орнату көлікті қайта жабдықтау болып саналмайды. Яғни, кез келген адам ешкімнің рұқсатынсыз-ақ орната алады. Ол үшін жол полциясына немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті жоқ", – дейді Мұрат Нұрсейітов.
Мәселен, көлікке қосымша шамдар немесе басқа да қондырғыларды орнатуға болады. Бірақ, бұл көлікті қайта жабдықтау болып табылады. Сондықтан, оны орнату үшін құзырлы органның рұқсаты керек. Ол көліктің техқұжатында көрсетілуге тиіс.
"Кері бұрылу белгісін орнатқаны үшін жол полициясы көлікті тоқтатып, шағым айта алмайды", – дейді ол.
Бүгінде серіктестік Қазақстанның әрбір қаласында дилерлермен келісімшарттар жасауда.
"Олар өнімнің өткізілуіне ғана емес, сервистік қызмет көрсетуге де жауапты болмақ. Әр қалада сервистік қызмет көрсету желілері ашылады. Онда автоэлектриктердің көмегімен кері бұрылу белгілерін орнатуға болады. Ол үшін қосымша ақы төленетіні я төленбейтіні әлі нақтыланған жоқ. Бұл мәселе дистрибьюторлармен пысықталады", – дейді серіктестіктің коммерциялық директоры.
Әрбір оныншы апат – кері бұрылыстың салдары
Серіктестік белгінің тұтынушыларға қолжетімді болғанын қалайды. Сондықтан, сапаның жоғары, бағаның төмен болуына мән береді.
"Қауіпсіздік көлік жүргізушісі үшін бірінші орында тұруы керек. Ол үшін бұл белгіні заңдастыру қажет. Осыдан біраз уақыт бұрын балаларға арналған автокреслоны заңдастырдық қой. Сол секілді кері бұрылу белгісін де заңмен міндеттеу керек. Өйткені, біздің елдегі жолдағы әрбір оныншы апат кері бұрылыстың салдарынан орын алады. Бұл дегеніңіз бір жылда жасалатын жалпы жол-көлік оқиғасының 8 пайызы", – дейді Батима Нұрғожинова.
"Kompetenz" сақтандыру компаниясы ақпараттық-аналитикалық орталығының деректеріне сүйенсек, еліміздегі жол-көлік оқиғаларының жартысынан көбі жол қозғалысы ережелерін сақтамаудан туындайды екен. Бұл ретте, жылдамдықты сақтамау – 28%-ды, оңға немесе солға бұрылу, кері бұрылыс жасау – 8%, жолдың қарсы бағытына шығып кету 6%-ды құрайды.
Мұндай белгіні Қазақстанда да жасауға болады екен. Бірақ, өйткен жағдайда бағасы тым шарықтап кетпек. Ал серіктестік белгі бағасы тұтынушының қалтасын қақпағанын қалайды.
"Белгіні заңдастыру бағытындағы жұмыстар жүргізіледі. Қауіпсіздік үшін қажетті болғандықтан, қоғам да қолдайды деген ойдамын. Біз балаларға арналған автокреслоны заңдастыру арқылы оның қауіпсіздіктің кепілі екенін ұғындырдық. Кері бұрылу белгісінің қауіпсіздік үшін маңызды екенін де заңдастыру арқылы дәлелдай аламыз", – дейді Мұрат Нұрсейітов.
Батима Нұрғожинованың сөзінше, бұл белгіні Еуроодақ елдеріне міндетті норма ретінде де енгізуге болады. Осы орайда, серіктестік халықаралық патент алынған соң, Еуроодаққа ресми хат жолдауға ниетті.
Автоөндірушілер қолдап отыр
Серіктестік өкілдерінің сөзінше, жаңашылдықты Андрей Лаврентьев басқарып отырған қазақстандық автобизнес қауымдастығы қолдауда. Тіпті, тәжірибе ретінде жаңа көліктердің бір партиясына кері бұрылу белгілерін орнатуға да әзір екен.
"Белгі заңдастырылып, бұл істі авто өндірушілер қолдайтын болса айымыз оңынан тумақ. Ең бастысы жол-көлік апаттары едәуір азаймақ", – дейді Батима Нұрғожинова.
Оның сөзінше, белгіге ресейлік автоөндірушілер де қызығушылық танытуда. Арабтар мен түріктер, қытайлар тарапынан да қызығушылық зор көрінеді.
Батима Нұрғожинованың пікірінше, белгіні орнату автоөндірушілер үшін де пайдалы болмақ. Өйткені, кері бұрылу белгісі кез келген компанияның жаңашылдығы бола алады.
Отандық инвесторлар құлықсыз
Батима Нұрғожинова жаңа жобаға отандық инвесторлар қаржы құйғанын қалайды. Сонда бұл отандық өнім болмақ.
"Алайда, жергілікті инвесторлар құлықсыз. Олар жобаға бүгін ақша салса, ертең нәтижесін көргісі келеді. Бірақ, бәріне уақыт керек. Ал ресейліктер жобаны сол елдің атынан шығаруды ұсынып отыр. Түрлі бағдарламаларға қатысайық десек, компания шамамен үш жылдай нарықта жұмыс істеген болуы керек. Біздікі – стартап", – дейді серіктестік директоры.
Оның айтуынша, қазір көлік саны артып келеді. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда 4 миллион 300 мыңнан астам көлік бар. Демек, өнімге деген сұраныс та жоғары болмақ.
"Бүгінде ресейлік әлеуетті екі инвестормен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Инвестор табылса, жұмысқа бірден кірісеміз", – дейді директор.
Өндірісті Қазақстанда қолға алмақ
Серіктестік кері бұрылу белгілерін шығаратын өндірісті Қазақстанда ашуды жоспарлап отыр.
"Құрылғыларды шетелден сатып алып, белгілерді өзімізде шығарғымыз келеді. Оған мүмкіндік бар. Шикізат базасын да тауып алуға болады. Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың біріне орналассақ деген ой бар. Біз базар тәртібімен жүретін сатушы болғымыз келмейді. Міндетіміз – өз өндірісімізді ашу. Сонда жаңа жұмыс орындары құрылады. Бюджетке салықтық түсімдер түседі. Жалпы болжамымыз жақсы", – дейді Батима Нұрғожинова.
Сондай-ақ компания Қазақстаннан бөлек, шет ел нарықтарын да жаулап алғысы келеді.
"Шет мемлекеттермен де келіссөз жүргізілуде. Ерте ме, кеш пе бұл белгі заңдастырылады. Әлем елдерінің қызығушылығы жоғары. Халық та жылы қабылдап жатыр. Белгіні біздің көліктерімізден көріп, қызығатындар көп", – дейді Мұрат Нұрсейітов.
Жер бетінде жоқ белгіні қазақтардың ойлап табуының өзі үлкен нәтиже. Енді оны өндіріске енгізсек, жер-жаһан біздің елді басқа қырынан тани түсері хақ.
Фархат Әміренов