Қытайдың Alibaba маркетплейсі қазақстандық тауарларды жарытпады

2456

Соған қарамастан, мемлекет қытайлық платформаның "алтын аккаунттарын" көтерме сатып алуға қайта кіріскенін жариялады.

Қытайдың Alibaba маркетплейсі қазақстандық тауарларды жарытпады Фото: osnmedia.ru

2024 жылғы 1 тамыздан бастап, бағдарлама операторы – Сауда және интеграция министрлігінің "QazTrade" АҚ-ы отандық шағын және орта бизнесті қытайлық Alibaba.com платформасына шығару бойынша бағдарламаның екінші кезеңін іске қосты.

Бұл ретте отандық экспорттаушылардың тауарларын ілгерілету үшін Қазақстан қытайлық "онлайн-базардың" кәсіпкерлерге арналған "Gold Supplier" мәртебесін сатып алады. Содан соң оларды қазақстандық бизнеске тек бір жылдық мерзімге тегін таратады. Ол мерзім біткен соң платформадағы мәртебесінің құнын оның өзіне төлеуге тура келеді.

"Gold Supplier немесе "Алтын жеткізуші" премиум статусы жаһандық аудиторияға қол жеткізуге, Alibaba.com платформасында өндірушінің танымалдығы мен имиджін арттыруға және ең бастысы – сатылымды арттыруға мүмкіндік береді", – деп сендірді QazTrade квазимемлекеттік компаниясының өкілдері.

Бірақ бұрынғы кезеңде Alibaba-ға шыққан отандық бизнесмендердің одан көңілі қалып үлгергендей. Олардың айтуынша, тіпті "алтын" статустың өзі көп тиімділік бермейді. "B2B", яғни бизнес пен бизнес арасындағы байланысты орнатуға тиіс қытайлық бұл платформада іскерлік жандардан, дилерлерден, өнімді сатып алушылардан гөрі спам жолдаушылар көп көрінеді.  

Мысалы, Жоңғар Алатауында, 1 725 метр биіктікте орналасқан омарталарында дәмі тіл үйірер бал және ара шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын "Tek Tau" ЖШС-нің тауарларына елімізде де сұраныс жоғары. Соған қарамастан, компания 2022 жылы экспортты мемлекеттік қолдаудың осы бағдарламасына қатысыпты.  

"Сонда біз платформаға тіркеліп, "Алтын жеткізуші" мәртебесін иелендік. Шамамен 500-дей ғана сұрау түсті. Платформа қытайлық болғандықтан, сұраныс та негізінен Қытайдан түсті. Африка елдерінен бірлі-жарым ұсыныс болды. Ақыр соңында негізгі бір контрактіні бекіттік. Тағы бір жеткізуші де бізді Alibaba.com арқылы тауып, еш ескертпестен, өндірісімізді тексеруге сау ете қалды. Маркетплейспен жұмыс кезінде спам көп түседі. Олардың арасынан салмақтыларын мұқият іріктеп отыратын бір адам керек", – дейді компания өкілі Виктория Сидельникова.

Қазіргі кезде алматылық компания Қытайдың Үрімші қаласында шағын дүкенін ұстап, сол арқылы көрші елде төл өнімін өзі өткізеді.

Сарапшылардың түсіндіруінше, Alibaba.com қанша жерден алтын болсаң да, әрбір аккаунттан үздіксіз белсенділікті талап етеді. Платформада пысық болмаса, өз өнімін ақылы түрде ілгерілетіп отырмаса, аккаун "көлеңкеге" кетіп, дилерлерге көрінбей қалуы мүмкін. Өйткені "Алибаба" да кез келген әлеуметтік желі сияқты жұмыс істейді. Енжар екенсің, парақшаңды жаңалықтармен жаңартып отырмайтын көрінесің, оның үстіне түскен сұраныстарға ұдайы жауап бермейсің бе, онда ысырылып, өзгелерге орын бер дейді.

Бірақ белсенділік те қазақстандық кәсіпкерлерге бұл тұғырнамада ірі табыс әкелмеуі мүмкін. Қытайлық онлайн-платформадағы отандық компанияларға ең көп дегенде, айына мыңға жетпейтін сұрау түседі екен. Оның үлкен бөлігі тағы да еріккендердің ермек етіп жолдаған сұрақтары, қытайлық фирмалардың жарнамалық жөнелтілімдері сияқты спам болып шығуы ғажап емес.

Мұндай жағдайда бағдарлама операторы QazTrade насихаттап жүргендей, "жаңа нарықтарды ашудың, өнімнің бүкіл әлемдегі танымалдылығын арттырудың, шикізаттық емес экспорттың көлемін өсірудің" мүмкін болуы неғайбыл.

Тіпті байсалды контрагентті, өнімді өз еліне таратушы шетелдік делдалды тапқанның өзінде ол мемлекетке қандай да бір өнімді жеткізуге тосқауыл қойылған болып шығып жатады. Өйткені Қазақстанның шетелге экспортының 70 пайызға жуығы Ресей арқылы өтеді, ал, бұл ел барған сайын оқшауланып, оның территориясымен жүк жөнелту мұңға айналуда.

Бұған қоса, жаһандық нарық "Қазақстанда жасалған" өнімге сезікпен қарайды, себебі, республикада сапа саласын былық жайлаған, СЭС қызметі тоқыраған, сапаны тексеретін бақылаушы ұйымдар құзырынан айрылып, түрлі шектеумен аяқ-қолы байлап маталған.

Сондай-ақ кеңес заманынан бері Қазақстан территориясында түрлі дерттер ошақтарының қалыптасуы шетелдік жеткізушілерді үрейлендіреді. Мысалы, кеше Қостанай облысының Приречное ауылында отыз шақты сиырдың "Сібір жарасынан" (күйдіргіден) өлгені анықталып, ауылда және "Алтай" фермасында карантин жарияланды. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы қоздырғышты дифференциалды диагностикалау үшін зерттеуге кірісті.

Салдарынан, әлемде көптеген ел қазақстандық етті сатып алудан аяқ тартады. Бірінші кезеңде "Алибабада" "Алтын жеткізуші" мәртебесін алған қостанайлық Beef Export Group компаниясы өз өнімін каталогта орналастырғалы бергі бір жылда Қытай, Ресей, Өзбекстан, Еуроодақ, Африка, Австралия елдерінен шамамен 1 мыңдай сұрау алыпты.

"Бірақ біз өз өнімімізді барлық елдерге бірдей жөнелте алмаймыз, өйткені Қазақстан мен біраз ел арасында тиісті келісім жоқ. Болашақта ондай кедергілер жойылса, отандық өнімнің өрісі ашылар еді. Мысалы, Қытайдан шамамен 100 контрактілік ұсыныс алдық. Олар бізбен жұмыс істеуге дайын болды. Алайда ол кезде Қытай нарығы біз үшін жабық болды", – дейді компания өкілі Роман Брусенцов.

ҚХР Қазақстаннан ет импорттауға 2005 жылдан бері қойып келген тыйымын тек 2024 жылы жойды.

Сауда министрлігінің хабарлауынша, биылғы 1 тамызда басталған екінші кезең аясында отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қытайлық платформада жұмыс істеу және тауарларды жылжыту бойынша оқыту, өнімді экспорттау кезінде толық сервистік қызмет көрсету және сүйемелдеу көзделген.

Егер бірінші кезеңде Alibaba.com платформасына шығару үшін 70-120 кәсіпорын іріктелсе, енді бұл жолы олардың саны 30-бен ғана шектелді. Олардан қазақстандық резидент болу және шикізаттық емес өнім өндіру талап етіледі.

"Бизнестің бұл бағдарламаларға қатысуы тегін. Екінші кезеңге қатысуға өтінімдер 1–31 тамыз аралығында қабылданады. Alibaba.com платформасына шығу бағдарламасына өтініш беру үшін мына сілтеме бойынша өтуіңізді сұраймыз: https://forms.gle/9XGGUzKYZBhSRQHv6. Толық ақпарат алу үшін байланыстар: + 7 778 674 88 47 Алуа, +7 775 371 04 27 Нұрсұлтан", – деп мәлім етті QazTrade.

Жалпы алғанда, Қазақстанда шағын және орта бизнес кәсіпорындарының халықаралық B2B маркетплейсіне – "Alibaba"-ға шығару 2020 жылы басталды. Мұндай қызмет экспортқа бағдарланған отандық тауар өндірушілерді қолдау шарасы ретінде мемлекеттік бюджет есебінен ұсынылады.

Бағдарлама операторы QazTrade мәліметінше, өткен үш жыл ішінде 200-ден астам компания "Gold Supplier" (Алтын жеткізуші) мәртебесіне ие болды. Ханзу елінің бұл платформасында "алтын аккаунт" құны шамамен 3 мың доллардан асады.

Alibaba Group стратегиялық даму жөніндегі вице-президенті Крис Зоудың дерегінше, Alibaba.com маркетплейсінде әлемнің түкпір-түкпірінен және 40 индустриядан 230 мың "алтын" мәртебелі жеткізуші, 5 900 кіші санатты жеткізуші және 200 миллионнан астам тауар ұсынылады. Күн сайын платформада сатып алушылардың 400 мыңнан астам сұранысы орналастырылады. Оның ішінде қазақстандық тауарларға сұраныс жоғары деп айту қиын екен. Отандық өндіруші күніне емес, айына 1 мың сұрау алса, соның өзі жетістік саналады.

Содан болар, Сауда министрлігінің мәліметінше, 2020-2023 жылдар аралығында, бағдарлама басталғалы қазақстандық экспорттаушылар Alibaba платформасы арқылы жалпы көлемі 300 миллион доллардан астам қаржыға өнім өткізе алыпты. Бұл аз ба, көп пе? Салыстырғанда, Қазақстан Қытайға тек бір ғана жылда, 2023 жылы электронды емес, дәстүрлі тәсілмен 14,7 миллиард доллардың өнімін экспорттай алды.  

Қазақстандық тауарлардың ілгерілеуіне тасымал құнының қымбаттығы, түсінікті логистиканың, орнықты каргоның жолға қойылмауы, қазақстандық кәсіпорындардың толық жүктелмеуі, салдарынан мол әрі тұрақты жеткізілімдерді кепілдендіре алмауы сияқты көптеген фактор кері ықпал ететін көрінеді.

Соған қарамастан, шенеуніктер мемқолдау бір құрал ретінде "Алибабаның" қымбат алтын аккаунттарын сатып алуды жалғастырмақ. Сауда ведомствосының басшысы мұны электрондық сауданы дамытудың бір бағыты ретінде дамытуға ниетті.

"Кейбір электрондық сауда алаңдарында қазақстандық өнімдер үшін арнайы бөлімдер құрылды, іздеу нәтижелерін шығаруда қазақстандық тауарларға басымдық беріледі. Қытайдың Alibaba және JD.com маркетплейстерінде ұлттық павильондар ашылды. Бүгінгі таңда Alibaba платформасында 7 500 отандық тауар, JD.com-да тауарлардың 30 түрі ұсынылған", – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу