"Қытайдың қаптауына" қойылған соңғы кедергі құлатыла ма?

7395

Үкіметтің ҚХР азаматтарының Қазақстанға визасыз, яғни еш рұқсатсыз енуіне жол ашу қадамы қоғамды қатты тіксінтті. 

"Қытайдың қаптауына" қойылған соңғы кедергі құлатыла ма? Фото: yandex.kz

Барша түркі тілдес халықтар хәкім һәм әулие санайтын қасиетті тұлға, аты аңызға айналған софы, Орталық Азияға хақ ислам дінін таратушы Сүлеймен Бақырғани "ақырзаман боларда қара қытай қаптайды" деп ұрпағына өсиет қалдырып кетіпті. Содан бері бұл елдің қазақ жеріне көз сұғын қадауы қазақтың үрейін ұшыратыны жасырын емес. Тәуелсіздік жылдары екі ел арасында тату көршілік қатынастар орнады. Дегенмен, сонау ғұн, сақ бабаларымыздан жалғасқан қауіп сейілер емес.

Түркі бабаларымыздың қауіп қылып айтқаны шын қатерге айналып кетпеуі үшін Қазақстан отыз жылдан астам уақыттан бері Қазақстанға қытайлық алапат миграцияны барынша шектеп келді. ҚХР Азаматтық әкімшілік министрлігінің дерегінше, 2018 жылдың өзінде бұл елде отбасын құра алмаған 240 миллионнан астам адам болған. Содан бері өспесе, кемуі неғайбыл. Қазақстанда бойдақ қытайларға қыз тауып берумен айналысқысы келіп, жарнама жасап көрген жеңгетайлық агенттіктер қоғам мен құзырлы органдар қаһарына ұшырап, жабылып тынды. Ал қытайлық жалғызбасты еркектердің Қазақстанға қаптап келуіне визалық кедергілер тосқауыл болды.

Енді Қазақстан билігі отыз жылдан астам уақыттан бері өзінің тиімділігін көрсеткен визалық тетіктен бас тартқалы тұр. Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен Қытай халық республикасының үкіметтері арасындағы "Визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы" Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

"Келісімнің мәтіндері арасында алшақтық туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін басым күшке ие болады", – деп жазылған құжатта.

Қолданыстағы тәжірибе бойынша Қазақстанға келгісі келетін кез келген Қытай азаматы виза алуға міндетті. Тиісінше, қазақстандық құзырлы органдар олар елге енбес бұрын әрқайсысын жеке тексереді. Егер күдік тудырса, виза бермей қояды.

Жаңа келісім жобасына сәйкес, ҚХР азаматтарына виза алу қажет болмайды. Шекарада паспортын көрсетсе, жеткілікті. Құжаттың ұсынатын жаңашылдықтары келесідей:

  • Қазақстан азаматы – Қытайға, ҚХР азаматы – Қазақстанға жеке істері бойынша, туризм, ем қабылдау, халықаралық тасымалдарды, транзитті жүзеге асыру, сондай-ақ іскерлік мақсатта, соның ішінде келісім-шарттар жасасу, келіссөз жүргізу, консультациялық қызмет көрсету және басқа да бизнес үшін визасыз, еркін келе алады.
  • Қытай азаматы Қазақстанда мемлекеттік шекарамызды кесіп өткеннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде еркін жүріп-тұра алады;
  • Егер бұл уақытты азсынса, күнтізбелік 180 күн (жарты жыл) ішінде жалпы жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспайтын уақыт бойы бір мәрте немесе көп мәрте келуіне, уақытша болуына рұқсат, бұл үшін де визалық талаптардан босатылады.
  • Егер үш айдан да ұзақ уақытқа қалуға ниет білдірсе, оған да рұқсат, бірақ бұл жағдайда ол Қазақстан аумағына кірер алдында визаға өтініш беруге тиіс.

Келісім жобасындағы мына жайт назар аудартады: Қытай жағы өзіне кірген қазақстандықтардан ҚХР-да мигрант болып қалып қоймай, кері оралатынын растайтын құжат талап етпек.

Осы мақсатта Қытай аумағына визасыз кіргісі келетін Қазақстан азаматтарынан: біріншіден, Қазақстан паспорты, екіншіден, "Қазақстан Республикасына қайтып оралуға арналған куәлік" болуы міндетті. Әйтпесе, ҚХР өзіне кіргізбей қояды.

Ал Қазақстанға кіру үшін қытайларда "ҚХР азаматының жартылай қызметтік паспорты" немесе "ҚХР азаматының әдеттегі паспорты" және уақытша жол жүру құжаты болса, жеткілікті екен.

Қазақстан билігінің бұл қадамы түрлі пікір туғызды. Билікке жақын сарапшылардың бірі мұны тіпті "жеңіс" деп дәріптеп жатыр. Бірқатар сарапшы мұны керісінше, "шегініс" санайды.

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Қаукенов Facebook парақшасында мұны "Қазақстанның кезекті дипломатиялық жеңісі" деп атады.

"Осының есебінен, қазақстандық паспорт өзінің визасыз мүмкіндіктеріне Қытайды қосып отыр. Жалпы, Қазақстан қытайларға 14 күн бойы елімізде визасыз болудың мүмкіндігін бұрыннан ұсынып қойды. Қайталап айтамын: ҚХР азаматтары 2022 жылдың маусымынан бері Қазақстанда 14 күн визасыз жүру құқығын иеленген. Ал қазақстандықтарға қытай визасын алу міндетті болды. Оның үстіне оны алу да күрделі: банктен – жарты жыл ішінде шотындағы қаражаттардың қозғалысы туралы анықтама, прокуратурадан – сотталмағаны туралы анықтама, жылжымайтын мүлкінің бары туралы анықтама, жұмыс орнынан, жеке кәсіпкерлігінің бары туралы анықтама алу және басқасы керек. Бұларға айларға созылатын ұзынсонар кезек қосылады. Себебі, бізден Қытайға бизнесі бойынша қаптаған адам өтеді. Енді қазақстандықтар Қытайға туристік, іскерлік мақсатта 30 күнге визасыз бара алады", – деді Ә.Қаукенов.

Ол мұны "Қытай тарапынан жасалып отырған өте жағымды қадам" деп санайды. Бұл, оның пікірінше, қазақстандық бизнестің барыс-келісін күрт арттырады, ҚХР нарығы қазақстандық тауарлармен толығады, отандық кәсіпкерлер "Қытайдан сенімді инвесторлар тартады".

Ол ҚХР жақтан бері қарай өтетіндер саны қаптауы мүмкін екенін жоққа шығармады. Сондықтан "инфрақұрылымды шекараға қарай тартуды" ұсынды, себебі, қазақ-қытай экономикалық қызметі жанданады. Демек, ҚСЗИ өкілінің айтуынша, бұл "жандану" жердегі логистикалық мүмкіндіктермен нығайтылуы қажет.

Экономист ғалым Марат Ерғозин бұл қадамның қытайлық инвесторлардың күрт артуына серпін беретініне күмәнданады.

"Мұндай дәлелді келтіріп жүргендер не аңқау, не елді алдаусыратады. Мысалы, ТМД елдері арасында ҚХР-мен Беларусь 2018 жылы визасыз режим енгізді. Бұл инвестицияның күрт артуына әкелді ме? Жоқ. Керісінше, күрт құлдырады. Қытайдың Беларусь экономикасына құйған инвестициясы 2015 жылы рекордтық 341 миллион долларға жетті. Содан бері тек тоқтаусыз құлдырауда. Қазіргі кезде небары жүз миллионның айналасында. Себебі, Қытайдың инвестиция құю саясаты басқаша. Бір жағынан, ол сол елдегі саяси режимге баса назар аударады. Екінші жағынан, шың елінің қытай диаспорасы көп елдерге көбірек инвестиция салатынын байқауға болады. Қазақстанға инвестиция саламын деген қытай инвесторларының қолынан ешкім қағып отырған жоқ, оларға және отбасыларына АХҚО арқылы ұзақ жылға виза онсыз да беріліп жатыр. Ендеше визасыз режимді олар қажет етпейді", – деді экономист.

Оның мәліметінше, Қытаймен бүгінде әлемдегі 72 ел ғана визасыз режимге келіскен. Бірақ дамыған елдердің басым көпшілігі жұңғо елімен визалық тәртіпті сақтап қалды. Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек.

Жалпы, Қазақстан визасыз режим енгізетін Қытайдың тұңғыш көршісіне айналғалы тұр.

Бір қызығы, депутат болғанға дейін саясаттанушы Айдос Сарым: "Қытайдың қанша көршісі бар, соның барлығы да Қытайдан қорқады" деген пікір білдірген еді.

"Тарихтағы текетірестер, соғыстар, баршаға түсініксіз өркениеттің тірлігі Қытайға үмітпен емес, күдікпен қарауға мәжбүрлейді. Тарих сүрлеуі Қытайдың барша көршісін, барша айналасын Қытайдың әрбір қадамынан қауіп, әрбір сөзінен сес іздеуге итермелейді. Қытайлықтар мен Қытай үкіметі қанша жерден адалмыз, тазамыз, пәкпіз десе де, оларға сенетін көрші жоқ екені анық. Осы сенімсіздік Қытай экономикасын, Қытайдың экономикалық экспансиясын табиғи түрде тежеп келеді", – деген еді Айдос Сарым.

Әрине, бұл үрей басым бөлігінде негізсіз болуы да ғажап емес. Қытай өз назарын Африканы экспансиялауға шоғырландырып жатқаны белгілі. Бірақ қазақстандық қоғамның алаңдаушылығын да ескерген жөн.

Қытайшы маман, Carnegie Endowment for International Peace ғылыми қызметкері Темур Умаров Орталық Азия үшін Қытай ыңғайлы серіктес екенін айтады. Өйткені Батыс пен Ресейден айырмашылығы сол, инвестициялары үшін саяси талаптар қоймайды.

"Бірақ билік транзиті өткен соң, 2019 жылы Қазақстанда, Жаңаөзен, Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Қарағанды, Шымкент және басқасында Қытайға қарсы толқулар болғанын ұмытпаған жөн. Оған "Қытайдан 55 зауыт Қазақстанға көшіріледі" деген әңгіме түрткі болды. Қытайлық арзанқол жұмыс күшінің қаптауы, Қытай алдындағы мемлекеттік қарыздың артуы, қытайлық кәсіпорындардың және тауарлардың көбеюі, тіпті Шыңжаң қазақтарының қудалануы да Қазақстан халқының наразылығын тудырып жүр. Назарбаев билігі қоғамдағы бұл алаңдаушылықты жақсы түсінді, өз саясатын да соған қарап құрды. Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаев Қытаймен арадағы шекараны бекітіп алғанын үлкен дәреже, жетістік көретін. Қытай экспансиясына қатысты үрей ары қарай қордалануда. Бұған биліктің өзі де кінәлі. Олар ҚХР-мен қатынастардағы проблемалар мен мүмкіндіктердің теңгерімі туралы халықпен диалог құрмайды. Міне, тағы да алдын ала түсіндіру жұмыстарынсыз Қытаймен арадағы визалық режимді жойғалы тұр", – деді қытайтанушы.

Сарапшылар жаңа Қазақстан билігінің бұл тосын қадамының тәуекелдері де барын ескертеді. Олай болса, асығып, аптықпай, дамыған елдердің Қытайға қатысты сыртқы саясатын да басшылыққа алып, аңдап басқан жөн сияқты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу