"Тағы бір басым бағыт – сауда-экономикалық байланыстарды күшейту. Санкциялық қақтығыстар әлем экономикасына елеулі зардап тигізіп, келешек дамудың көкжиегін шектеп жатыр. Мұндай жағдайда бізге өзара сауда-экономикалық іс-қимылдың әлдеқайда икемді, жағымды динамика мен әлеуетті арттыруға бағытталған стратегиясын жолға қою керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Азия құрлығының қазіргі дамуы көп жағдайда ШЫҰ-ның жұмысымен байланысты екенін айтты.
"ШЫҰ елдерінің жаһандық жалпы ішкі өнімдегі үлесі 30%-ға жетіп отыр. Ұйымдағы елдердің сыртқы сауда көлемі 8 трлн доллардан асып отыр. Бұл бүкіл әлемдегі сауданың төрттен бір бөлігіне тең. Азиядағы жаңа тарихи экономикалық өсім көп жағдайда ШЫҰ арқасында болып жатқанын, бүкіл жаһандағы экономиканы тұрақтандырушы фактор болып отырғанын айтқым келеді. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ елдеріне өзінің ауқымды нарығына кеңірек жол ашып, тауар айналымын 3 трлн долларға дейін жеткізу ниетін құптайды", – деді Президент.