Алматы облысында CITIC Construction серіктестерімен астықты терең өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр, оның қуаты бірінші кезеңде – 300 мың тонна, екінші кезеңде – 600 мың тонна болмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Зауыт мальтоза, фруктоза сироптарын, кристалды фруктоза және бидайдан жасалған басқа да жоғары өңделген өнімдерді шығарады.
Компания басшысының айтуынша, құрамында қанты бар өнімдер – бұл бірінші кезең, екіншісінде терең өңделген өнімдер шығарылады. CITIC Construction зауыт құрылысын 2025 жылы бастауды жоспарлап отыр.
Xinjiang Tianye Water Conservation and Irrigation су үнемдеу технологиясымен ШҰАА алқаптарының шамамен 70% қамтамасыз етеді. Компания Қазақстанмен тамшылатып суару технологиясын бөлісуге дайын, соның арқасында тыңайтқыштар мен суды аз пайдалануға және көбірек өнім алуға болады. Серік Жұманғарин Қазақстанда жаңбырлатқыш машиналары мен тамшылатып суару жүйелерін өндіруді жолға қоюды ұсынды, мұндай жобаларды мемлекет тарапынан қолдауға болатынын және өткізу нарығы қамтамасыз етілетінін атап өтті.
ШҰАА-дағы қант қызылшасын өңдейтін ең ірі COFCO Sugar Holding компаниясы "жартылай құрғақ қант" өндіру бойынша озық технологияны енгізді. Ол екі бағытта жұмыс істейді: қант өнімдерін өндіру және қызанақты өңдеу. Қазақстанда қызанақты өңдеу желісі енгізілді, бірақ қазір өндірісті қант бөлігі бойынша да кеңейту жоспарда бар. Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы вице-министріне компаниямен бірге Қазақстанда томат пастасы өндірісін құру мүмкіндігін пысықтауды және қазақстандық қант зауыттарының қызметімен таныстыруды тапсырды.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын Debont Agriculture Machinery, мұнай-химия техникасын шығаратын Jinymeng, CNCEC Қытай ұлттық химия-инжиниринг корпорациясы және құрылыс пен тұрмыстық қоқыстарды қайта өңдеуге мамандандырылған Baosheng International Co., өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Сол күні вице-премьер ШҰАА өнеркәсібі мен технологияларының дамуына ықпал еткен "Тоутунхэ" арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысты.