Қазақстан Қытайға қызық емес

Шығыстағы көршіміз Қазақстан шекарасына жүкті жиып қойып, Еуропаға еркін тасымалдап отыр.  

Қазақстан Қытайға қызық емес

28 қазанда Қазақстан мен Қытай шекарадағы жүк тасымалы бойынша келісімге келіп, көршіміз пойыздарды тәуліктік қабылдау санын көбейтетінін мәлім етті. Ал отандық кәсіпкерлер болса, мәселе шешілгенше шығынға белшесінен батып үлгерген.

Нәтижесінде нарық ойыншылары тауар құнын қымбаттатуға мәжбүр, ал бұл қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ салуда, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қытай шекарасында үш мың, Қазақстан жағында жеті мың вагон өте алмай тұр. Бұл үш күн бұрынғы мәлімет. Ал күні кеше ғана екі елдің құзырлы органдарының келіссөзі нәтижесінде Қытай шекарасында тұрған жүктің жартысы қазанның соңына дейін Қазақстанға жөнелтіледі деген ақпарат тарады. Қазан айының аяқталуына екі күн қалды, шекарадағы үш мың вагон жүктің жартысы ҚХР-дан Қазақстанға қалай өткізетіні белгісіз. Ал жыл бойы қордаланған мәселеден өндіріс көлемі азайып, компаниялар қызметкерлерін қысқартып, Қазақстан нарығында қымбатшылық сезіле бастады. Қытай тарапында әлбетте мұндай мәселе жоқ. Тіпті Еуропаға жүретін жүк пойыздары да азаймаған.  

ҚХР ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша 2021 жылдың алғашқы жеті айында Алашанькоу арқылы Еуропаға жүк тиелген 3 561 пойыз өтті. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы кеден басқармасының мәліметінше, көрсеткіш 35%-ға өскен. Қазір Германияның Дуйсбург қаласына ғана күн сайын Қытайдан төрт пойыз барады. Бұл алдағы уақытта көбеюі мүмкін. Өйткені теміржол Қытай үшін ең тиімді құрал болып тұр. Мәселен, Volvo вагондары Қытайға бір жарым ай теңіз жолының орнына 16 күнде жеткізіледі. Сонымен қатар Қытайда ҚХР-Еуропа бағытының арқасында жұмыс орындары да көбейген. 

ҚР Ұлттық тасымалдаушысының ҚХР-дағы өкілдігінің басшысы Ерік Әубәкіровтің БАҚ-қа берген сұхбатында Қытайда теміржол тасымалы сұранысқа ие екенін айтады.

"Осы себепті оған түсетін жүктеме жоғары. Әуе тасымалы қымбат және аз ғана жүкті тасымалдауға болады, теңіз жүктерінің құны жоғары және ұзақ уақыт алады. Ал автокөліктер, өздеріңіз білетіндей, уақытша тоқтатылды. Қытай тарапының негізгі сұранысы ЕО-дағы контейнерлік пойыздарға, үкімет оларға субсидия бөледі. Сондай-ақ Еуропа бағытына барлық трафиктің 90%-ы келеді, ал Орталық Азия бағытында – бар болғаны 10%", – дейді спикер.

Қытайдың Еуропаға ерекше көңіл бөліп отырғанын Алматы қалалық "Атамекен" Кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетов те растады. Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға транзитпен жөнелтілетін тауарлардың еркін өтуіне рұқсат етілген. Бірақ қазақстандық кәсіпкерлер тапсырыс берген жүктерін емін-еркін ала алмай отыр. 

"Соңғы екі айдан бері кәсіпкерлер Қытай тарапынан өткізу қабілетінің 5-6 есеге дерлік төмендегеніне шағымданады және ҚХР өкілдері оның объективті себептерін көрсетпейді. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алулар мен "Самұрық-Қазына" қорының сатып алуларының жекелеген қатысушылары зардап шегуде, өйткені олар өз міндеттемелерін шарттарда белгіленген мерзімде орындай алмайды. Олар күтпеген жағдайлар туралы анықтама алу үшін бізге жүгінеді. Осындай 50-ден астам өтініш бар. Қытаймен бұл жағдайды реттеу үшін үкіметке өтініштерді жеткіздік. Қазір Сыртқы істер министрлігі Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатыр", – деді Айтуар Қошмамбетов.

Шекарада жиылған жүкті бері өткізуге кедергі Қазақстанның экономикасына айтарлықтай сезіліп тұр. Киім-кешек пен аяқ киім, электроника, үй тоқыма бұйымдары, тіпті балалар ойыншықтарының бағасы өсіп жатыр. Мұның барлығын дерлік Қытайдағы зауыттар шығарады, жүктің шекарадағы тұрып қалуы,  порттар мен теміржол вокзалдарында кептеліс тауардың түпкілікті құнының сөзсіз өсуіне әкеледі. Бұған Қытай арқылы келетін жапониялық, кореялық тауарды қосыңыз. Олар да шекара кідіріп қала береді. Соңғы екі жылда қазақстандық экспедиторлар өз қызметтерінің құнын 40%-ға дерлік арттыруға мәжбүр болған. Алматыдағы "Строй-сити" құрылыс базарындағы сатушылардың айтуынша құрылыс материалдарының құнын биыл 10 рет қымбаттатуға мәжбүр болған. Ал бизнес жүк тасымалындағы кедергіден млрд-таған шығынға баттық деп отыр. Мысалы, алкогольсіз сусындар мен сок өндірушілер 10,7 млрд теңге шығын шектік", – дейді. 

"Жүктің кешігуі 100 күнге дейін жетуі мүмкін, бір бөлігі мамыр айынан бастап елге кіре алмайды. Бұл өнім құнының қымбаттауына әкеліп соғады", – дейді БАҚ-қа берген сұхбатында ҚР алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілер қауымдастығының директоры Әлия Мамытбаева.

Сусын өндірушілер сонымен қатар кейбір шикізатты да ала-алмай отырғанға ұқсайды. Нәтижесінде кейбір компаниялар өнім көлемі мен қызметкерлерін қысқаруға мәжбүр. Ал басқа елдерден алу өнім құнын қатты қымбаттатуға итермелейді. Мұндай қиыншылық Қазақстанның Қытаймен байланысы бар кез-келген саласында туындаған. 

Алматы қалалық "Атамекен" Кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, қалыптасқан кедергілер бірінші кезекте алматылық кәсіпкерлерге қиындық тудырады. Өйткені олардың көпшілігі Қытайдан тауар мен шикізат сатып алуға ден қойған, сонымен қатар елдің басқа өңірлеріне жөнелтумен айналысады. Мәселен, Қытайдан шикізат сатып алған жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласындағы 10 кәсіпорын палатадан көмек сұраған. Аталған  мәселе алдағы айларда шешілмесе, бұл қала экономикасына да ықпал етеді.  

"Халық тұтынатын тауарларға келетін болсақ, әзірге еш қиындық, шағымдар жоқ, өйткені жеткізушілер алдағы маусымға арналған киім-кешек пен басқа да тауарларға тапсырыс беруде. Алайда шекарадағы мәселе тағы 2-3 айға созылса, базарлар мен сауда үйлерінде кейбір тауарлардың тапшылығы немесе бағасы күрт көтерілуі мүмкін деген пікірді жоққа шығармаймыз", – деді палата басшысы. 

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу