Қытайға шұбат ұнтағын өткізуге мүмкіндік туды

Оңтүстік көршімізге  қымыз ұнтағын экспорттау үшін құжат дайындалып жатыр. 

Қытайға шұбат ұнтағын өткізуге мүмкіндік туды

Дүниежүзілік стандарттау күніне орай елордада Қытай нарығына шығу жолдарын талқылаған форум өтіп жатыр. Қазақстандық экспорттаушы кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың, ұлттық компания өкілдері қатысқан шарада Қытай экспортына жол ашатын сертификаттар мен стандарттар туралы әңгіме өрбіді.

Қазақстан стандарттау және сертификаттау орталығы бас директорының орынбасары Еркежан Әмірханованың айтуынша, Қытай табиғи шикізаттардан бөлек қымыз бен шұбат сияқты ұлттық өнімдерімізге де қызығушылық таныта бастапты.

"Қытай нарығына шұбат пен қымыз ұнтағын кіргізгісі келетін экспорттаушылар бар. Қытай тарапынан да бұл өнімдерге қызығушылық жоғары.  Түркістан облысында қытайлық инвесторлардың қатысуымен шұбат ұнтағын шығаратын Golden Camel Group LTD ЖШС құрылған. Өндіріс түгелдей Қытайдың сүт өндірушілер қауымдастығының стандарттарына негізделді. Біз ол өнімді Қытайға экспорттау үшін дипломатиялық каналдар арқылы тиісті құжаттармен алмастық.  Ақыры рұқсат беріліп, қазақстандық компания "құрғақ шұбатты" Қытайға жеткізу құқығына ие болды. Әзірге бұл уақытша құжат. Біздің қолымыздағы стандарт негізінде Қытайдың ұлттық стандарты жасалып жатыр.  Яғни, бұл стандарттың Қытайдағы мәртебесі артады деген сөз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаулысына да бұл өнім енгізілді. Яғни құрғақ шұбатқа Қытай нарығының құлпы ашылды деген сөз", – дейді орталық өкілі.

Ол, сондай-ақ келешекте қымыз ұнтағын да осы тәсілмен экспорттауға болатынын айтады.

"Қымыз ұнтағына да сұраныс бар.  Қытайда жалпы бие сүтіне қатысты стандарт жоқ болып шықты. Қытай үшін қымыз деген өте ерекше өнім. Жалпы халқы сүт өнімдерін аз тұтынады. Бірақ соңғы жылдары қызығушылық артып келеді. Қытайды қойып біздің өзімізде қымыздың ұлттық стандарты 2018 жылы ғана қабылданған. Біз көршілерімізге сол стандартты қытай тіліне аударып ұсындық.  Қазір оны Қытайдың денсаулық сақтау министрлігі талдап жатыр.  Біздегі тамақ өнімдерінің стандарттары Кедендік одақтың техникалық регламенттеріне негізделген.  Қытай тарапы біз ұсынған стандартты қалай қабылдайтыны белгісіз. Бірақ қызығушылықтың жоғары екенін ескерсек, қазіргі талпынысымыздан оң нәтиже шығатын түрі бар", – дейді Еркежан Әмірханова.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу