Қытайлықтар Lada 4х4-ке құмар екен

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
16034

Өткен жылы 1 480 бірлік техника экспортталып, ұлттық экономикаға 5,8 млрд теңге кіріс кірді.

Қытайлықтар Lada 4х4-ке құмар екен

Былтыр еліміздің 6 автозауыты 19 086 бірлік су жаңа техника шығарды. Қолданысқа берілген жеңіл және жүк көліктері мен автобустардың жалпы құны 139, 5 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде автоөнеркәсіп саласының көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда 3 есе артты.  

Өндірілген көліктің 51,1%-ы (5 912 көлік құралы) "СарыарқаАвтоӨндіріс" ЖШС-ға (71,3 млрд) тиесілі болды. Айта кетейік, компания "Hyundai" көлігімен қатар Ravon және Chevrolet Niva көліктерінің өндірісін жолға қойды. "Азия Авто" кәсіпорны 30,6% (11 412 көлік құралы) көрсеткішпен  (42,7 млрд) екінші орыннан көрінді. "Камаз инжиниринг" Қазақстан-Ресей бірлескен компаниясы 9,8%-ға қол жеткізіп, (820 жүк көлігі) үштікті (13,6 млрд) тұйықтады. Ал Hyundai Trans Auto, СемАЗ, Daewoo Bus Kazakhstan сынды басқа автоөндірушілер жабылып жүріп 8,6%-ды (942 жүк көлігі мен автобус) еңсерді. Сөйтіп 12 млрд табыс тапты. Қазақстан автобизнес қауымдастығы өткен жылдың қорытындысын шығарғанда осындай ақпарат таратты.

Мұндағылардың мәліметінше, сатылған әр үшінші көлік Қазақстанда құрастырылған. Бір жылда 1 480 бірлік техника экспортталып, ұлттық экономикаға 5,8 млрд теңге кіріс кірген. Hyundai Trans Auto Ресейге, Беларусьқа, Қырғызстанға жүк көліктерін сатқан. Қытай бізден 1 205 Lada 4х4 көлігін, ал Ресей мен Тәжікстан 66 JAC S3 автомашинасын сатып алған.

2017 жылы ел азаматтары ресми дилерлердің қызметіне жүгініп, су жаңа жеңіл автокөлік рәсімдеу үшін 1,12 млрд доллар шығындаған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 5,8%-ға көп көрсеткіш.

2017 жыл автоөндірушілер мен нарық қатысушыларының үмітін ақтаған жыл болды. Себебі былтыр "Қазақстанның даму банкі" АҚ мемлекеттік бағдарлама аясында автонесиелендіруге 10 млрд теңге бөлді. Сонымен қатар 2017 жылы ескі көліктерді қолданыстан шығару бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Іс барысында пайдалану мерзімі аяқталған 47 111 автокөлік утилизацияға жіберілді. Бағдарлама қатысушыларына төленген қаржылай өтемақының жалпы сомасы 5,98 млрд теңгені құрады.

2017 жыл  BMW компаниясы импортер ретінде Қазақстанға 4 BMW i3 электромобилін әкеліп сатты. Ал Қостанайда JAC iEV6e және iEV7 электромобильдері құрастырылып, 6 млн теңгеден саудаланды. Негізі электромобильдердің бағасы қымбат. Мысалы Алматыда ең арзан электрокар 28 млн теңге тұрады.

Таяуда елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел азаматтары жаппай электромобильге ауысуы тиіс екенін айтты.

"Келешекте біз Алматы мен Астанада тек электромобильмен жүретін жағдайға жетуіміз керек", – деді президент.

Бұл бағыттағы жұмыс басталып та кетті. Үкімет украиндық E-line компаниясының электромобильдерін қуаттандыратын 109 бекет салуға 303,7 млн теңге бөлді. Алдағы уақытта Астана, Алматы қалаларына – 100, Астана-Бурабай тас жолына – 9 бекет салынады. 2018 жылдың соңында елімізде 350 бекет болады.

Қазақстан автобизнес қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Анар Мақашеваның мәлімдеуінше, 2017 жылы ресми сатылған жаңа көліктердің көрсеткіші 75%-ды құрады.

"Жағдайдың жақсаруына үкіметтің жеңілдетілген бағамен отандық автокөлік сатып алуға мүмкіндік бергені бірден бір себеп болды. Бұған қоса трансформацияланған жаңа салық кодексі автоөндірушілерге жайлы жағдай туғызып отыр. Сәйкесінше 2018 жылғы көрсеткіш те жақсы болады деп болжап отырмыз", – деді Анар Мақашева.

Оның сөзінше, 2018 жылы еліміздегі автоөндіріс көрсеткіші 1,4-1,6 есеге ұлғайып, бір жылда 70 мың көлік сатылуы мүмкін.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу