Қытайлық АЭС Қазақстаннан отын таблеткаларын сатып алады

3882

Қазатомөнеркәсіп қаржыландырып отырған ЖБҚ зауытының құрылысына 49 млрд теңге жұмсалады.

Қытайлық АЭС Қазақстаннан отын таблеткаларын сатып алады

Еліміздегі атом электр станциялары үшін жылу бөлгіш құрмалар (ЖБҚ) шығаратын зауыт құрылысы "Қазатомөнеркәсіп" ҰАҚ және China General Nuclear Power Corporation  компаниясының үлесіне сай қаржыландырылады.   

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясы General Nuclear Power Corporation-мен (CGNPC) бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысының Үлбі металлургиялық зауыты базасында атом электр станцияларына арналған жылу бөлгіш құрмалар шығаратын зауыт құрылысын бастады. Құрылтайшылары "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ ("Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ еншілес кәсіпорны, 51%) мен CGN-URC компаниясы (CGNPC еншілес кәсіпорны, 49%) болып табылатын "Үлбі-ЖБҚ" бірлескен кәсіпорны құрылған. "Атамекен" КҰП мәліметі бойынша, жобаның құны 49 млрд теңге.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев abctv.kz-ке берген сұхбатында: "Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен кәсіпорын олардың үлестеріне сай қаржыландырылды. Бұл жобаға қарыз ақша да салынған", – деді.

Жылына 200 тонна жылу бөлгіш құрамалар шығаратын қуатқа ие заманауи, толық автоматтандырылған өндіріс орны 2018 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Алдын ала жасалған келісім бойынша, 2020 -2038 жылдар аралығында қытайлық АЭС Қазақстаннан отын таблеткаларын сатып алады.  

"Шығарылатын отын таблеткаларының көлемі де белгіленіп қойған. Яғни алғашқы өндірістік жылы 50 тU шығарады, ал ЖБҚ шығаратын зауытты пайдалануға берудің соңғы кезеңінде  225 тU шығаратын болады.  Тапсырыстарды орындау барысында "Үлбі металлургиялық зауыты" АҚ төмен байытылған уранның (ТБУ) гексафторидін уран диоксидіне дейін конверсиялап, отын таблеткаларын дайындап және қадағалайтын болады. ТБУ қазақстандық кен орнының табиғи уранынан дайындалады", – деп  Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығы хабарлады.

"ЖБҚ шығаруға арналған лицензия мен технология француздың Areva компаниясынан "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясына тікелей берілді", – деп атап кетті Қанат Бозымбаев. "Интерфакс-Қазақстан" мәліметі бойынша, Areva NP компаниясы және "Үлбі-ЖБҚ" ЖШС арасында тиісті келісімшарт жасалған. Жасалған келісім отын шығару технологиясына арналған лицензияны, инженерлік құжат, негізгі өндірістік жабдықты жеткізу, қызметкерлерді оқытуды қарастырады. Кәсіпорын өз өнімін өткізудің 20 жылдық кепілдендірілген нарығына ие болады. ЖБҚ өндірісі 2020 жылы іске қосылады.

Үлбі металлургиялық зауыты "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясның құрамына кіреді. Компания атом электр станцияларына арналған отын таблеткаларын шығарумен айналысады. Кәсіпорын Өскемен қаласында орналасқан.

"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" – уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын Қазақстанның ұлттық операторы. Қазатомөнеркәсіп әлемнің алдыңғы қатарлы уран өндіруші компанияларының құрамына кіреді.

Гүлназ Ермағанбетова, Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу