Қытайлық компания Ерейментаудағы жел паркін кеңейтуге қатысады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3392

Елімізде қайта қалпына келетін көздерден электр энергиясын өндіру қуатын арттыру мүмкіндіктері Қытаймен бірлескен энергия жобалары шеңберінде талқыланбақ.

Қытайлық компания Ерейментаудағы жел паркін кеңейтуге қатысады

Қытайлық корпорация Астанадан 130 шақырым жерде жатқан Ерейментау ауданындағы жел паркін 45МВт-тан 300-ге дейін ұлғайту жобасына қатысуға, сондай-ақ еліміздің оңтүстік-шығысындағы Шелек дәлізінде жел электр станциясын салуға ниетті.

"Бүгін China Datang Corporation корпорациясымен Ерейментау ауданындағы жел паркін 45 МВ-т-тан 300-ге дейін кеңейту жөнінде, сондай-ақ Шелек дәлізінде қуаты 300 МВт-ға дейін жететін шағын ГЭС салу жөнінде Hydrochina Corporation корпорациясымен меморандумға қол қою көзделуде", – деп мәлім етті Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің төртінші отырысы барысында "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев.

China Datang Corporation Ерейментау ауданында жұмыс істеп тұрған жел паркіне қаржы құюға және капиталға үлестес болу жөнінде шешім қабылдағанын кейін журналистерге "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтып берді. "Самұрық-Энергоның" 100 пайыз еншілес кәсіпорны болып табылатын, 2012 жылы құрылған "Samruk-GreenEnergy" ЖШС электр энергиясын өндіру, жобалау және қайта қалпына келетін энергия көздерін пайдалану арқылы нысандар құрылысын жүргізумен айналысады.

"Бұл тікелей инвестициялар, біз жел паркінің қуатын 300 МВт-ға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл жолы тікелей инвестиция шартымен алғаш рет жобаны жүзеге асырмақшымыз, яғни қытайлық серіктестеріміз компанияның жарғылық капиталына үлестес болады, демек олар бізбен бірге тәуекелге барып, аса маңызды жобаларды жүзеге асырады. Қаржының көлемі 70 млрд теңге, 350 млрд теңгеге дейін қосымша қаржыландыру мүмкіндігі тағы бар. Аталған жобалар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік стратегиясына сай және "Нұрлы жол" және "Бір белдеу, бір жол" бағдарламаларының талабы мен сипатына толықтай сәйкес келеді", – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ оның айтуынша, компанияның жобаларында қытайлық серіктестер пайда болғаннан кейін, электр энергиясын Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанға ғана емес, Қытайға да экспорттау мүмкіндіктері қарастырылатын болады.

"Сағатына қосымша бес миллиард кВт электр энергиясын өндіру көзделеді. Сонымен қатар зиянды қалдықтар бөлудің, қоршаған ортаға зияны, антропогендік әсердің төмендеуін ескерсек, бұл жерде тиімділік зор болмақ. Электр энергиясы еліміз аумағына жеткізіледі, сондай-ақ өзіміздің қалыптасқан бағыттарымызға, яғни Ресейге, Орталық Азия елдеріне экспорттау мүмкіндіктерін қарастырып отырмыз. Сондай-ақ электр энергиясын Қытай экспорттау жағы да қарастырылуда", – деді Сәтқалиев мырза.

Оның айтуынша, электр энергиясының құны ТЭН әзірленген соң белгілі болмақ.

"Электр энергиясының құны қаржыландырудың талаптарына тікелей байланысты. Ал қаржыландыру қаржы институттарымен бірлесіп белгіленген тәртіпте қарастырылатын болады. Маңыздысы сол, халықаралық қаржы институттары "жасыл" энергетика жобаларын қаржыландырудың тәуекелі аз деп санайды. Өйткені онда қаржыландырудың мөлшерлемесі айтарлықтай жоғары емес, яғни осыған байланысты соңғы тұтынушыға арналған бағаға әсер ететін тиімді шарттарға қол жеткізе аламыз деп ойлаймын", – деді "Самұрық-Энерго" басшысы.

Қытайлық серіктестер сонымен бірге Алматы облысында қуаты 60 МВт болатын жел паркін салуға дайын.

"Бұл жобаны 300 МВт-қа дейін кеңейте отырып Шелек дәлізінің жел әлеуетін кәдеге жаратсақ дейміз. Сондай-ақ Жетісу судан энергия алу әлеуеттін 61 МВт-қа дейін дамыту үшін шағын және орта төрт ГЭС салуға келістік", – деп мәлім етті Сәтқалиев мырза.

"Даму перспективалары туралы айтар болсақ, Hydro China компаниясы алдын-ала техникалық-экономикалық зерттеу жүргізген және терең талдау ұсынып отыр. Бұл Hydro China-мен тек "Самұрық-Қазына" ғана емес, басқар да ықтимал инвесторларға да еліміздің оңтүстігінде 870 МВт-қа дейін жететін шағын және орта су электр станцияларын салу жобаларын іске асыруға мүмкіндік береді.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу