Абай облысының әкімі Берік Уәли "Xinjiang Huayuan Holding Group Co. Ltd" корпорациясының бас директоры Ли Цзюнь бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесу барысында екі жақты инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, бірлескен жобаларды іске асыру және жаңа өндіріс алаңдарын дамыту мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы Абай облысы делегациясының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапары барысында нәтижелі келіссөздер жүргізіп, көптеген меморандумдарға қол қойғанын атап өтті.
Корпорацияның бас директоры Ли Цзюнь Абай облысымен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
"Біздің делегация Семей қаласында бой көтеретін жаңа ықшам ауданның жобасымен танысты. Қытайға барған соң арнайы жұмыс тобын құрып, нақты жобаларды ұсынамыз. Инфрақұрылым мәселесі шешілсе, жұмысқа кірісуге дайынбыз", – деді ол.
Облыс әкімі жаңа ықшам ауданның инфрақұрылым мәселесі жақын арада шешілетін, құрылыс жұмыстарын бастауға ешқандай кедергі болмайтынын айтты.
"Семей қаласында салынатын жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты кеше арнайы барып, көрдіңіздер. Аумағы 1000 гектарды қамтитын, жаңа әкімшілік-іскерлік аумақтың ұзақ мерзімді тұжырымдамасы әзірленіп, техникалық экономикалық негіздемесі жасалуда. Семей қаласына көп функциялы, заманауи қонақүй қажет. Жаңа ықшам ауданға жаңа жылу қазандығы, көп қабатты тұрғын үйлер керек. Сіздерді "Smart City" жобасына серіктес ретінде қатысуға, жаңа қаланы бірге салуға шақырамыз. Сіз басқаратын корпорацияның заманауи тұрғын үй құрылысы, жылумен жабдықтау саласында тәжірибесі мол. Сондықтан нақты ұсыныстар күтеміз", – деді аймақ басшысы.
"Xinjiang Huayuan Holding Group Co.Ltd" корпорациясы – тұрғын үй құрылысымен, Шығыс медицинасында қолданылатын дәрі-дәрмек өндірумен және жылумен қамтамасыз ету нысандарын салумен айналысатын Қытайдағы жетекші компаниялардың бірі.
Бұған дейін аймақ басшысы Берік Уәли Қытайға жасаған сапары барысында инвесторлармен 1,57 млрд доллардың келісіміне қол қойған.