Қытайлық коронавирус: әлем бойынша 16 наурыздағы ең соңғы жаңалықтар

6283

Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 153 мыңнан асты.Оның жартысынан көбі ем-дом қабылдап жазылып шықты. Індетке қарсы вакцина әзірге жасалған жоқ. Бірақ оны емдейтін дәрі-дәрмектер бар.  

Қытайлық коронавирус: әлем бойынша 16 наурыздағы ең соңғы жаңалықтар

Қаза тапқандар мен жұқтырғандар

Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының соңғы мәліметіне сүйенсек, осы күнге дейін 81077 қытайлық вирус жұқтырыпты. Оның 3218-і қаза тапқан (төртеуі Гонконгта, біреуі Тайваньда). 67893 кісі жазылған.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, басқа елдерде жұқтырғандардың саны 72649-ға жеткен. Оның 2531-і ажал құшыпты. Вирус әлемнің 143 елінде тіркелді.

Қазақстандағы жағдай

Елімізде 10 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Науқастардың 7-еуі Алматыда, қалғаны Нұр-Сұлтанда. Қазір стационарлық карантинде 1641 кісі, ал үй карантинінде 981 адам бар. Ал басқа 2123 тұрғын мамандардың бақылауында. Бүгіннен бастап елімізде төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол бір айға созылмақ.

Басқа елдердегі жағдай

АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығының дерегі бойынша, коронавирус жұқтырғандардың саны 3 мыңнан асты. 65 кісі көз жұмған. Бұл елде індетке қарсы вакцинаны сынақтан өткізу дүйсенбіде басталады. Тағы бір жайт, елдегі Федералды қор жүйесі пандемияға байланысты пайыздық мөлшерлемені 0-0,25 %-ға дейін төмендетті.

Ресей президенті Владимир Путин коронавируспен күрес жөніндегі Мемлекеттік кеңес құрды. Оны Мәскеу мэрі Сергей Собянин басқармақ. Вирус жұқтырған ресейліктердің саны 63-ке жеткен. Елдегі ірі тасымалдаушы "Аэрофлот" компаниясы Франкфурт, Прага, Осло, Вильнюс, Кишинев, Ташкент, Самарқан қалаларына бағытталған рейстерді тоқтатты.

Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 8236-ға жеткен, оның 1137-сі жазылған. Ел билігі Еуропадан келетіндер үшін карантиндік шаралардың кеңейтілетінін хабарлады. Осы орайда жергілікті әуежайларда жолаушылар арнайы тексерістен өткізіліп жатыр.

Италияда науқастардың саны 24747 болса, оның 1809-ы қаза тапқан. Шамамен 2000 кісі жазылған. Бұл елде тұрғындарға басқа елдімекен тұрмақ, көшеге шығуға тыйым салынып, карантин жарияланған: мектептер, жоғарғы оқу орындары, кинотеатр, музей, мейрамханалар және тағы да басқа адам көп жиналатын қоғамдық орындар уақытша жабылды.

Германияда аурулардың саны 4838-ге жетіп, оның 12-сі ажал құшты. Бүгін жергілікті билік Франция, Аустрия, Швейцария, Дания және Люксембург елдерімен арадағы шекараларын жауып тастады.

Ливанда жаңа коронавирусты 100-ге жуық кісі жұқтырған. Оның 3-еуі ажал құшқан. Билік 15 наурыздан бастап әуежай мен порттардың қызметін тоқтатып, шекараны жауып тастады.

Ливияға коронавирус жеткен жоқ. Дегенмен билік пандемияға байланысты төтенше жағдай жариялап, әуе қатынасы мен порттардың жұмысын тоқтатты. Ел премьер-министрі Файех әл-Серраждың айтуынша, егер вирус елге кірсе, онымен күреске қазынадан 360 млн доллар бөлінеді.

Мексикада бүгін 71 жастағы ер адам аурудың асқынуынан қаза тапты. Оның вирусты АҚШ-та жұқтырғаны анықталды. Жалпы, елдегі науқастардың саны 50-ден асты. Осы орайда кеше Мексика билігі 20 наурыздан бастап 20 сәуірге дейін мектептер мен басқа да оқу орындарында сабақ болмайтынын мәлім етті.

Еске сала кетсек, New York Post басылымы АИВ-ке (ВИЧ) қарсы дәрімен жаңа коронавирусты емдеуге болады деп жариялаған болатын. Оның дерегі бойынша, Нью-Джерси тұрғыны осындай дәрі қолданғаннан кейін жазылыпты. Қытай, Таиланд және Жапония елдерінің дәрігерлері науқастарды АИВ-ке қарсы қолданылып жүрген лопинавир және ритонавир деп аталатын препараттармен емдеп шығарған.

Бірақ бұл дәрі-дәрмектер коронавирусты емдеуге арналған препарат деп ресми түрде мақұлданбады. Вакцина да әзірге жасалмады. 

Қытайлық мамандар малярияға қарсы препарат – хлорохин мен АИВ-ке қарсы Kaletra деп аталатын дәрімен де емдеген. Бұл препараттар протеаз ингибиторлары санатына жататын – дәрілер. Олар вирустың көбеюін тежейді екен. Бұған дейінгі зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Kaletra атипиялық пневмонияның қабынуын тоқтатып, коронавирустың көбеюін тежейді.  Испанияның El Pais басылымының мәліметіне сүйенсек, елде бірінші болып коронавирус жұқтырған 62 жастағы Мигель Анхель Бенитес Kaletra-ны қолданғаннан кейін жазылған екен.

Таиланд пен Жапонияның дәрігерлері де COVID-19 вирусымен күресте осы препаратты қолданғанын жариялаған болатын. Таиланд елінің медициналық қызметкерлері Kaletra-мен қатар тұмауға қарсы осельтамивирді науқастарға беріп, екі күннен кейін ауруға шалдыққандар құлантаза жазылған екен.

Ескере кететін жайт, қазір Қытайда лопинавир мен ритонавирдің коронавирусты емдеудегі тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталып жатыр. Ал АҚШ-тың кейбір фармацевтикалық компаниялары бұларды ем ретінде қолдануды бастап кеткен.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу