Қытайлықтар Қазақстанның банктеріне де жармасып жатыр

17355

Халық банк Altyn Bank-тың үлесін сатуға қатысты келісімге қол қойды.

Қытайлықтар Қазақстанның банктеріне де жармасып жатыр

"Қазақстанның жинақтаушы халық банкі" АҚ (Қазақстан Халық банкі, ҚХБ) China CITIC Bank Corporation Limited (CITIC Bank) және China Shuangwei Investment Co-мен (Shuangwei) Altyn Bank-тың 60% акциясын сату туралы келісімге қол қойды деп хабарлады ҚХБ баспасөз қызметі.

Транзакция жасалып болғаннан кейін ҚХБ өзінің еншілесінің қалған 40%-на ие болып, компанияға қатысты сатып алушылармен жасалған акционерлік келісімге сай оны басқару және басқа да шарттарға қатысты белгілі бір құқықтарды өзіне қалдырды.

Altyn Bank директорлары кеңесінің төрағасы Арман Дунаевтың abctv. kz-ке хабарлауынша, акциялардың бақылау пакетін беру банктің басқару командасын өзгертпейді.

"Алдағы үш жылда банк қазіргі менеджмент арқылы басқарылатын болады деген алдын-ала келісім бар. Менің ойымша, бұл дұрыс. Банк қазір жұмыс істеп тұр, оның өз тарихы мен жетістіктері бар. Басшылыққа жаңа адамның келуі тек мақұлдауды ғана емес, сонымен бірге жергілікті ерекшелікке үйренуді қажет етеді", – деп түсіндірді банкир.

Сондай-ақ стратегиялық инвестордың келуі Altyn Bank стратегиясына еш әсер етпейді деп есептейді Арман Дунаев.

"Қазіргі менеджмент акционерлердің сатып алғанға дейін талап еткен барлық стратегиялық міндетін іске асыра алды. Біріншіден, бұл - клиенттердің тұрақты бөлігін жоғалтпау. Екіншіден, менің ойымша, бұл - қолда бар IT-жүйенің негізінде сандық платформа құрып, оны толық аяқтау.  Даму стратегиясын қайта қарау бойынша айтарлықтай өзгеріс болады деп ойламаймын", – деді ол.

Келісімнің негізгі өзегі – Altyn Bank бизнесін дамыту үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ашу.

"Келісім банктің ірі және орта инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына үлкен инвестициялық мүмкіндік береді", – деп есептейді Altyn Bank директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаев.

Қазақстандық компаниялардың қытайлық "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында  өз бизнестерін Қытайда дамытқылары келетінін көріп отырмыз, сондықтан өз клиенттеріміздің сұранысын қанағаттандырмақпыз. Қытай – Қазақстан бизнесі үшін әлеуеті бар нарық, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді өткізу нарығы ретінде үлкен мүмкіндікке жол ашады. Ал Altyn Bank болса өзінің қазақстандық клиенттеріне қажетті банктік қолдау ұсына алады, мысалы, теңгені юаньға айналдыру, сауданы қаржыландыру, қазынашылық операциялар және несие беру", – дейді ҚХБ басқарамасының төрағасы Үміт Шаяхметова таратылған баспасөз хабарламасында.

Арман Дунаевтың айтуынша, "Жібек жолы" экономикалық жобасы арқылы Қазақстанда іске асып жатқан инвестициялық мазмұндағы барлық жоба, сондай-ақ ірі және орта инфрақұрылымдық жобалар Altyn Bank-ті олардың қаржылық операторы етуге мүмкіндік береді.

ҚХБ баспасөз қызметінде көрсетілгендей, келісім  2017 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетсек, аbctv.kz-тің бұдан бұрын хабарлағанындай, ҚХБ 2016 жылдың қараша айында CITIC-Bank-пен өзінің еншілес компаниясы Altyn Bank-тің 60% акциясын сату туралы уағдаластыққа қол жеткізген болатын.

Altyn Bank – активтерінің көлемі бойынша еліміздің банктері арасында 17-орында тұр. Нарықта 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Корпоративті және бөлшектік клиенттер үшін әр түрлі өнім мен қызмет түрін ұсынатын әмбебеап банк, филиалдары Алматы, Астана, Атырау және Ақтау қалаларында орналасқан.  

2017 жылдың басынан бастап еліміздің ірі банкіне айналған Қазақстанның Халық банкіне "Алмэкс" холдингтік тобы" АҚ арқылы Тимур және Динара Құлыбаевтар ірі акционерлері болып отыр. CITIC (China International Trust and Investment Corporation) – Қытайдың ірі ұлттық инвестициялық корпорацияларының бірі. Оның басты мақсаты – шетелдік капиталды тарту мен пайдалану, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу және өзінің басқару және операциялық қызметінде озық халықаралық тәжірибені қолдану. CITIC Bank - ті қоса алғанда CITIC Group-тің 44 еншілес ұйымы бар. CITIC Bank 1987 жылы құрылған.

Аталмыш компания энергетика, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, білім беру, медициналық қызмет көрсету, логистика, инффрақұрылым, мәдениет, желілік ақпарат, қаржылық өнім саласында бірқатар негізгі стратегиялық жобаларға қаржы салу мен  басқаруға жауап береді.   

Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу