Қытаймен арадағы сауда статистикасында айырмашылық көп

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3909

Алдағы үш жылда "көлеңкелі" ақша айналымы 40 пайызға қысқаруға тиіс.

Қытаймен арадағы сауда статистикасында айырмашылық көп

Ел президенті алдағы үш жылда "көлеңкелі" ақша айналымын 40 пайызға қысқарту туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, үкімет тиісті жоспарды бекітті. Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта салықтық және кедендік әкімшілендіру жетілдіріліп, "көлеңкелі" сауда айналымы қысқармақ. Сондай-ақ жоспарда қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды ынталандыру да қамтылған.

Бұл ретте, Қытайдан келетін "көлеңкелі" импортты азайтуға басымдық берілмек. Өйткені, Қытаймен арадағы сауда статистикасында айырмашылықтар көп. Егер тиісті жоспар ойдағыдай жүзеге асса, ел бюджеті 200 млрд теңге көлеміндегі қосымша салықтық түсіммен толығады деп күтілуде.

"Осыған орай кедендік бақылау шеңберінде жүргізілетін тексерулер күшейтілді. Қытаймен арадағы сауда статистикасы бойынша айырмашылықтар табылған нарық қатысушыларына қатысты тиісті тәуекелдер профилі әзірленуде. Сондай-ақ қытайлық тараппен бірлесіп "Ақылды құлып" пилоттық жобасын жүзеге асырамыз. Қытайдан шығарылған тауардың экспорттық декларациясы "Ақылды құлып"-тың чипіне енгізіледі. Осы орайда мемлекеттік кірістер комитеті мен бас кеден басқармасының ақпараттық жүйелерін өзара әрекеттестіру керек", – деді қаржы министрі Әлихан Смайылов министрліктің алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, бұл қадамдар импортталатын тауарлардың декларациясының дұрыстығын арттырады.

Сондай-ақ биыл банкроттық және оңалту шаралары жеңілдетілмек.

"Бүгінде қолданыстағы заңнама шығынды кәсіпорындарды тездетіп жауып тастауға мүмкіндік бермейді. Оған субъектінің қауқарсыздығын белгілеудің нақты критерийлерінің жоқтығы себеп болып отыр. Осыған орай банкроттық және оңалтау жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Қазір заң жобасы мәжілістің қарауында жатыр. Бұл жұмысты осы жылы аяқтауымыз керек", – деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек, экономикалық тергеу қызметін қайта құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте, қаржылық қылмыстардың алдын алуға, шетелге заңсыз ақша шығарудың жолын кесуге және "көлеңкелі" экономикаға қарсы күреске басымдық беріледі. Сондай-ақ экономикалық тергеу қызметінің штатын 40 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Ал үнемделген қаражат аталған қызмет өкілдерінің еңбекақысын арттыруға жұмсалады деп күтілуде.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу