Қытаймен шекаралас Қазақстанда коронавирус неге жоқ?

20307

Әлемді дүрліктірген індеттің таралуы төмендей бастаған.  

Қытаймен шекаралас Қазақстанда коронавирус неге жоқ?

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері,  Денсаулық сақтау министрлігі, қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин әлемді дүрліктірген індеттің таралу динамикасы төмендей бастағанын хабарлады.

"Қытайда жағдай тұрақталып, коронавирустың таралуы азайып жатыр. Өткен аптада 0,5% болған еді. Ал өткен тәулікте 0,28%-ды көрсетті. Бұл өте қуанышты жаңалық! Алайда індеттің басқа елдер арқылы келу қаупі бар. Оңтүстік Корея, Италия, Малазия, Ветьнам, Иран, Тайланд, Сингапур елдерінде жағдай аса күрделі. Сол себепті аталған елдерге аса қажет болмаса, барудан бас тарқан абзал", – деді бас санитарлық дәрігер.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Зайсандағы барлық қытай азаматы медицина қызметкерлерінің бақылауында.

"Бүгінгі күні Зайсан ауданында коронавируспен ауырған бірде-бір адам жоқ. Ол жерде жол салумен айналысатын Қытай азаматтарын карантиннен өткіздік. Вирус анықталған жоқ. Олар жергілікті халықпен араласуы өте сирек. Мүлдем араласпайды деуге болады. Олар елдеріне қайтқан кезде карантиннен өтеді. Ол азаматтардың қай мекемелерде істейтінін білеміз әрі профилактикалық жұмыс жасап жатырмыз. Зайсанда ғана емес, еліміздегі барлық қытайлықтар медициналық бақылаусыз қалған жоқ", – деді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ ол басқа мемлекеттерде коронавирус тарап, Қытаймен шекаралас Қазақстанда бұл індеттің болмауының себебін түсіндіріп өтті.

"Өткен аптада шекараны қарап шықтым. Автокөлік өткелдерін күшейтіп жатырмыз. Қытай Халық Республикасынан біздің елге ауырып келген адам жоқ. Басқа мемлекеттерден келетін шетел азаматтарын да қатаң медициналық бақылауға алудамыз. Егер ауру байқалса, дереу емдеуге жатқызамыз. Қазақстанда бұл індеттің жайылмауы, менің ойымша, басқа елдермен салыстырғанда дер кезінде әрекет еттік. Желтоқсанның аяғында Қытай вирустың тарағанын хабарлаған кезде, ел ішіне ауру тарап кетпеуі үшін қаңтар айының 6-сы күні алдын алу шараларын бастап кеттік. Шекараға, әуежайға тепловизорлар орнаттық, қатаң медициналық бақылау жүргізе бастадық. Еуропадан келген кейбір адамдар "не үшін дүрбелең салып жатырсыздар?" деп түсінбестік танытты. Нәтижесінде, осындай үлкен шекараны індеттің енуінен сақтап отырмыз", – деп ағынан жарылды қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, коронавирус тарап, екі апталық карантинде тұрған Diamond Princess круиз лайнеріне болған 4 азаматымыз елге қайтып келген. Олар 8 экипаж мүшесімен бірге оқшаулауға алынып, тексеріліп жатыр.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Диас Ахметшәріп әлеуметтік желілер мен месенжерлерде тараған қауесеттерге сенбеуге шақырды.

"Қауесеттерге сенбеңіздер. Қауесет тарату заңмен жазаланады. Бізде коронавирус жұқтырған ешқандай адам жоқ. Қытайдан келген ауырмаған адамдарды да тексеру үшін 14 күнге оқшаулауға аламыз", – деді Диас Ахметшәріп.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу