Қыздар кортқа шығады

871

Бүгін Шотландияның Глазго қаласында теннистен командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлыбританиямен кездеседі.

Қыздар кортқа шығады

Матч алдында өткен баспасөз мәслихатында құрама капитаны Ярослава Шведова қазақстандық қыздардың мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысатынына қарамастан, оларға сенетінін мәлімдеді.

"Біздің команда мықты, тек Зарина Дияс жетіспейді, дегенмен Жібек Құламбаева қосылды. Қыздар бар ықыласымен дайындалып жатыр, қарсыласты да зерттеудеміз. Әдеттегідей матчқа әзірленудеміз. Азия – Тынық мұхиты аймағында осындай тұрпатта ойнағандықтан, бұл бізге таңсық емес. Жеңіс үшін бар күшімізді саламыз", - деді Я.Шведова.

Құрама көшбасшысы Елена Рыбакина Глазгоға әлемнің мықты командаларының жиналғанын, олардың әрқайсысының жеңістен үмітті екендігін жеткізді.

"Қазақстан құрамасы үшін бұл әлем чемпионатының алғашқы финалы болмақ. Әр құрама күшті болғандықтан, бәсеке оңайға түспейді. Жылдың аяғы болғанына қарамастан, қай-қайсысы да ел намысы үшін аянбайды", - деді 23 жастағы спортшы.

Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева мұндай додаларда рейтингтің пәлендей рөл атқармайтынын айтты.

"Билли Джин Кинг кубогында рейтинг ештеңені шешпейді. Кейде үшінші немесе төртінші жүздікке кіретін ойыншы үздік 20, 50 немесе 100 теннисшінің деңгейінде өнер көрсетіп, қарсыласын жеңіп кетіп жатады. Сондай-ақ кейде рейтингісі жоғары спортшылар ұлттық құрама үшін бәсекеде жоғары нәтиже көрсете алмайды. Тек мұнда кортқа шығып, бар шеберлігіңді сарп етіп, өз командаңа ұпай алып беруді ғана ойлау керек", - деді Ю.Путинцева.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина АҚШ-та өткен WTA қорытынды турниріне қатысқандықтан, Глазгоға кейін ұшып келді. Ол мұндағы ауа райы мен кортқа тез бейімделу қажеттігін айтты.

"Ұлттық құраманың турнирдің финалдық кезеңіне өткеніне қуаныштымын. Мен екінші рет ел намысын қорғамақшымын. Командаға көмектесемін деп үміттенемін", - деді құраманың ең жас ойыншысы Жібек Құламбаева.

Команданы әлем чемпионатында қолдау үшін Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов арнайы келді.

Билли Джин Кинг кубогының Глазгодағы финалдық кезеңі 8-13 қараша аралығында өтеді. Қазақстан бүгін Ұлыбританиямен, ертең Испания құрамасымен сынға түседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу