Қыздарды үлкен сын күтіп тұр

754

Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова мен команда мүшесі Юлия Путинцева Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу кезеңі аясында Польшамен өтетін матч қарсаңында өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Қыздарды үлкен сын күтіп тұр

Ярославаның айтуынша, 14-15 сәуірде Астанада болатын Қазақстан – Польша матчының маңызы зор.

"Ел намысын қорғау үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдын ала жеңеміз деп болжам жасау мүмкін емес. Қарсылас команданың құрамы қандай болатынына қарамастан, тастүйін әзірленудеміз. Екі жыл қатарынан елордада өнер көрсететінімізге қуаныштымыз және өткен жылғы нәтижені қайталағымыз келеді. Қыздардың көңіл-күйі көтеріңкі, кортқа үйреніп, ойындарға дайындалуда. Жас теннисшілер ойнайды ма? деген сауалға келсек, ең алдымен күштілерді қосамыз, егер үш бәсекенің қорытындысы бойынша мәселе шешілсе, онда олардың бабына қараймыз. Бізде бәрі де жекелей және жұптық сында кортқа шығуға әзірленуде", деді Шведова.

Путинцева топырақ төсенішіндегі маусымның басталғанын жеткізді.

"Төсенішті таңдаған кезде бізге қайсысы көбірек қолайлы, соған сүйендік. Негізі қандай төсеніш, қандай корт болса да, біз әр жарысқа тезірек бейімделуге тырысамыз. Дайындық ойдағыдай. Кеше және бүгін екі сағаттай ойнадым, жаттығу кешке де жалғасады. Өз ойынын табу үшін біреуге бір, екіншісіне екі немесе үш сағат жеткілікті болуы мүмкін. Әркімнің қарым-қабілеті әр түрлі. Ең бастысы, жеңіс үшін барымызды саламыз", деді Путинцева.

Польша капитаны Давид Цельт Қазақстан командасының шеберлігін бағалап, құрамада Ига Швентек пен Магда Фрехтің жоқтығын айтты.

"Біз Қазақстан құрамасын жақсы білеміз. Елена Рыбакинаның бабы тамаша, шеберлігі өсіп келеді. Маған оның ойыны өте ұнайды. Юлия Путинцева – күш-жігері мықты теннисші, әсіресе, топырақ төсенішінде. Анна Данилина жұптық сында өткен жылы Аустралия чемпионатының финалына дейін жетті. Дегенмен бұл командалық жарыс болғандықтан, бәрі де болуы ықтимал. Құрамда Ига мен Магданың жарақатына байланысты болмауы бізге мәселе емес. Біз бұл жұптың фавориті емеспіз, сондықтан қысым көрсетілмейді. Осы басымдықты пайдаланып қалуға тырысамыз", деді Цельт.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу