Қыздарымыз әупіріммен үшінші дивизионда қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3169

Шайбалы хоккейден әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы биылғы әлем чемпионатында төрт рет ұтылып, бір ойында ғана жеңіске жетті.

Қыздарымыз әупіріммен үшінші дивизионда қалды Фото: icehockey.kz

Қазақстан қыздары биыл Қытайда өткен бүкіләлемдік біріншілікте бақ сынады. Ресми тілде, бұл – әлем чемпионатының 1-дивизионындағы "В" тобы. Ал ауызекі тілмен айтқанда, дүниежүзілік мұзайдын додасының үшінші деңгейлі тобы болатын. Бұдан жоғарылары – Жоғарғы дивизион және 1-дивизионынның "А" тобы.

Өкінішке қарай, Александр Мальцев жаттықтыратын қыздарымыз бастапқы ойындарында жеңілістен көз ашпай, жанкүйерлерін әбден қобалжытты. Польша құрамасынан 3:5 есебімен ұтылып, Нидерланд аруларына 1:3 есебімен есе жіберіп алды. Латвия қыздарымен өткен матч та, овертаймда да тең аяқталғанымен, буллитте бақтары жанбады. Жалпы есеп – 1:2. Бұйырғаны бір ұпай ғана болды.

Бұдан кейін Қазақстан құрамасы Корея қыздарынан 1:5 есебімен ойсырай ұтылып, жағдайлары қыл үстінде тұрды. Бұлай дейтін себебіміз, соңғы ойында ұтылса, төменгі дивизионға түсіп қалар еді. Абырой болғанда, дәл осы маңызды матчта хоккейші аруларымыз жүлделі орыннан үмітті Қытай құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Осы ойында үш ұпай еншілеген қыздарымыз Латвия құрамасынан асып түсіп, 1-дивизионындағы "В" тобында қалды. Ал соңғы орынға табан тіреген команда келесі жылы 2-дивизионындағы "А" тобында ойнайтын болады. Нидерланд қыздары болса, шайбалы хоккей мамандарын тәнті қылып, жоғары өрлеп келеді. Олар бұған дейінгі әлем чемпионатында төменгі дивизионда топ жарған.

Енді, Бейжің мұзайдынында еліміздің намысын қорғаған құрама командамыздың сапына тоқталып өтейік:

қақпашылар: Дарья Дмитриева ("Торпедо", Өскемен)

Арина Щеколова ("Айсұлу", Алматы)

қорғаушылар: Аида Олжабаева ("Айсұлу", Алматы)

Ғалия Нұрғалиева ("Томирис", Астана) – 1 гол соқты

Фатима Қытайбекова ("Томирис", Астана)

Ольга Конышева ("Айсұлу", Алматы)

Анна Пяткова ("Торпедо", Өскемен)

Татьяна Шахматова ("Торпедо", Өскемен)

Алина Иванченко ("Айсұлу", Алматы)

Светлана Устименко ("Айсұлу", Алматы)

шабуылшылар: Бұлбұл Қартаңбаева ("Миннесота", АҚШ)

Малика Алдабергенова ("Айсұлу", Алматы) – 2 гол

Мадина Тұрсынова ("Айсұлу", Алматы)

Дария Молдабай ("Томирис", Астана) – 1 гол

Арай Шегебаева ("Томирис", Астана)

Пернеш Әшімова ("Томирис", Астана)

Анастасия Оразбаева ("Томирис", Астана) – 2 гол

Тахмина Зарипова ("Айсұлу", Алматы)

Татьяна Королева ("Айсұлу", Алматы) – 1 гол

Лариса Свиридова ("Айсұлу", Алматы) – 1 гол

Дарья Кузьмина ("Айсұлу", Алматы)

Екатерина Куценко ("Торпедо", Өскемен)

Бас бапкер – А.Мальцев ("Айсұлу", Алматы)

Жаттықтырушы – С.Соловьев ("Айсұлу", Алматы)

Жаттықтырушы – А.Тебеньков ("Томирис", Астана)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу