Қыздарымыз қайран қалдырды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3031

Бірнеше қызымыз халықаралық дүбірлі додаларда жеңіс тұғырына көтеріліп, көпшілікті сүйсіндірді. 

Қыздарымыз қайран қалдырды Фото: isu.org

Галышева – әлем чемпионы!
Фристайл мен сноубордтан Американың Дир-Вэлли шипажайында өтіп жатқан әлем чемпионаты қазақ елі үшін өте сәтті басталды. Әйелдер арасындағы могул сайысында Юлия Галышева теңдессіз танылып, тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Ол осыдан екі жыл бұрын параллель-могул сайысында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.

Дир-Вэллиде Юлия Галышева 79.14 ұпаймен бірінші орынға ие болды. Күміс медаль Аустралия аруы Энтони Джакараға (78.99 ұпай), ал қола жүлде Олимпиада чемпионы, Франция қызы Перрин Ляффонға (78.70 ұпай) бұйырды. Өкінішке қарай, екінші қызымыз, яғни Аяулым Әмренова іріктеу сынынан өте алмады.

Жалпы, бұл Юлияның ғана емес, Қазақстан фристайлының әлем чемпионаттарындағы – алғашқы алтыны. Фристайл тұрмақ, шаңғы спорты түрлерінен соңғы рет алтын медальға 1995 жылы қол жеткізгенбіз. Иә, осыдан 24 жыл бұрын даңқты шаңғышымыз Владимир Смирнов әлем чемпионатарындағы соңғы алтынын өңірінде жарқыратқан болатын...  

Тұрсынбаева – күміс жүлдегер
Мәнерлеп сырғанаудан Американың Анахайм қаласында өтіп жатқан "Төрт құрлық турнирінде" Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанды. Ол қысқа бағдарламадан кейін 6-орында тұрса да, еркін бағдарламада 139.37 ұпай жинап, қос бағдарлама қорытындысы бойынша 207.46 ұпаймен екінші орынға көтерілді.

Оның алдын тек жапон қызы Рика Кихира орап кетті (221.99 ұпай). Қола жүлде тағы бір Күншығыс елі аруына бұйырды. Атап айтқанда, Маи Михара үшінші орынға ие болды. Сөйтіп, Элизабет те еліміздің әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанау спорты тарихына соны жетістік енгізді.

Галбадрах Отцгонцэцэг – қола жүлдегер
Дзюдодан Парижде өткен Grand Slam турнирінде Галбадрах Отцгонцэцэг қола жүлдеге қол жеткізді. Әйелдер арасындағы 48 келі салмақ дәрежесінде белдескен қызымыз сенімді ақтап, үшінші орынға ие болды. Ол алғашқы белдесуінде түрік қызы Тукче Бедерден басым түсті. Одан кейін Жапония аруы Хироми Эндоны жолынан тайдырды.

Ширек финалда Франция аруы Мелание Клементке есе жіберіп алды. Әйтсе де, қола жүлде үшін белдесу құқығына ие болып, әуелі Оңтүстік Корея қызы Ю Чжон Канды жеңіп, шешуші белдесуде Моңғолия балуаны Наранцецег Ганбаатармен кездесті. Аса тартысты өткен белдесуде Галбадрах Отцгонцэцэгтің бағы жанды.

Теннисші қыздарымыз екінші әлемдік топқа шықты
Теннистен әйелдер арасындағы Федерация кубогының (FedCup) Азия және Мұхит жағалаулары тобының додасы Астанада өткен. Оған жеті елдің ең үздік теннисші қыздары қатысты. Әуелі олар екі топқа бөлініп, додаға түсті. Диас Досараев жетекшілік ететін Қазақстан құрамасы "В" тобына түскен болатын.

Қыздырамыз өз тобында Таиланд және Үндістан құрамаларын 3:0 есебімен ұтып, бірінші орынға ие болды. Финалда "А" тобында үздік шыққан Қытай құрамасымен кездесті. Өте тартысты өткен кездесуде Қазақ елі қыздары 2:1 есебімен жеңіске жетіп, ІІ Әлемдік топта бақ сынау құқығына қол жеткізді.

FedCup додасының Азия және Мұхит жағалаулары тобында біздің елдің намысын жекелей сында Зарина Диас мен Юлия Путинцева қорғады. Ал Галина Воскобоева мен Анна Данилина жұптасып өнер көрсетуде бақ сынады. Зарина мен жұптасып ойнаған қыздарымыз үш кездесуде де жеңіске жетті. Ал Юлия тек Қытай қызына есе жіберіп алды.

P.S.

Негізі, жігіттерімізде жанкешті қыздарымыздан қалмауға тырысты. Мәселен, Елдос Сметов Париждегі Grand Slam турнирінде күміс медаль олжалады. Ол 60 келі салмақта бақ сынап, финалда жапон жігіті Наохис Такатоға есе жіберіп алды.

Ал ауыратлет Нұрлыбек Сәменов Таиландта өтіп жатқан "EGATs cup" халықаралық турнирде топ жарды. Ол 81 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап қоссайыс қорытындысы бойынша 333 (153+180) келіні еңсерді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу