Қызмет көрсету саласында тұтынушылар құқығы жиі бұзылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
18840

Салалық комитет ұйымдастырған сауалнаманың қорытындысы осыны көрсетті.

Қызмет көрсету саласында тұтынушылар құқығы жиі бұзылады

Елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында халық арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнама табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысымен ұйымдастырылған. Мақсат – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласының қазіргі ахуалын бағамдау. Оған еліміздің 14 облысынан және Астана мен Алматы қалаларынан 2500 адам қатысқан.

Сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, Қазақстанда тұтынушылардың құқығы негізінен қызмет көрсету саласында жиі бұзылады екен – 73%. Әсіресе мұндай жағдай Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жиі орын алады (85%). Ал ең төмен көрсеткіш Астана қаласында тіркелген (70%).

Сапасыз тауарлар көп жағдайда өнеркәсіптік өнімдерден (киім, техника) гөрі, азық-түлік тауарларында жиі кездеседі екен (78%). Өңірлер арасында сапасыз азық-түлік тауарларды тұтыну бойынша Маңғыстау және Қостанай облыстары көштің алдын берер емес – 84%. Ал сапасыз азық-түлікті ең аз тұтынатын өңір – Жамбыл облысы (67%).  

Қазақстандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоры таратқан хабарламаға сүйенсек, елімізде жиі кездесетін заң бұзушылық – чек пен бағаның сәйкессіздігі (34%). Сондай-ақ бұл қатарда қызмет көрсетушілердің дөрекілігі (25%), тауар сапасы мен көрсетілген қызметтің сәйкессіздігі (24%) және сатып алушыларға қосымша тауарларды тықпалау (28%) секілді заң бұзушылықтар бар.

Тұтыншулардың құқығы жиі бұзылатын ұйымдар да анықталды. Бұл тұрғыдан дүкендер мен бөлшек сауда желілері "көш бастап" тұр – 14%. Одан кейінгі "сатыға" қоғамдық тамақтану орындары (12%) жайғасқан. Тұтынушылардың құқығы жиі бұзылатын ұйымдардың үштігін қоғамдық көлік, базарлар және пәтер иелерінің кооперативтері "түйіндеп" тұр – 9%.    

Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі (35%) өзінің тұтынушылық құқығы бұзылса да, ешқайда шағымданбай, жағдайды дабыра етпей, жылы жауып қоя салған. Ал 25%-ы орын алған олқылыққа байланысты ортақ келісімге келіп, өзара тіл табысуға тырысқан.

Сонымен қатар, сауалнамаға пікір білдіргендердің көп бөлігі, яғни 58%-ы мемлекетке деген сенімінің артқанын мәлімдеген.

Пікір білдірген сарапшылар мен тұтынушылар тарапынан ұсыныстар да айтылды. Мәселен, сауалнама қатысушыларының 36%-ы тұтынушылардың сауаттылығын арттыруды, оларды телекоммуникациялық арналар (интернет, әлеуметтік желі) арқылы оқытып, ақпараттандырып отыру керек деген бастама көтерген. 14%-ы баспа өнімдері мен әлеуметтік жарнамалар арқылы насихаттап, ақпараттандыруды құп көрген. Енді біреулері қоғамдық орындарда түрлі акциялар пен таныстырылымдар, тегін семинарлар ұйымдастырылса деген тілек білдірген.  

Экономиканы дамытуды ынталандырудың маңызды қадамдарының бірі – тұтынушылардың құқығын қорғау. Осы орайда соңғы жылдарда ҚР "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" заңына елеулі өзгерістер енгізілгенін атап өткен абзал. Енгізілген нормалар сатушылардың, қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу