“Қызметкерлердің өзара бәсекесі кіріс пен қызмет сапасын арттырады”

3731

31 мамыр күні Атырауда Qazaq oil компаниясы "Чемпиондар лигасы" байқауының алғашқы кезеңінің жеңімпаз командаларын салтанатты түрде марапаттады.

“Қызметкерлердің өзара бәсекесі кіріс пен қызмет сапасын арттырады”

Бұл ерекше байқау биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Оған өңірдегі жанар-жағармай құю бекеттерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің барлығы да қатысты. Бұл кассирлер, операторлар және менеджерлер.

Жалпы, елімізде 380 жанар-жағармай бекеті болса, сонда барлығы 4000-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Ал Атырау облысында 34 бекет бар, соның 12-сі Qazaq oil компаниясына тиесілі. 

Ұжымның бірлігі – ұйымның табыс кілті екенін жақсы түсінген компания басшылары бұл байқауды өз қызметкерлерін ынталандыру мақсатында ойлап тапты.

Еліміздің әнұраны орындалуымен басталған марапаттау салтанаты әдемі әуендерге ұласты. Байқаудың алғашқы кезеңінде үш ай бойы - ақпан, наурыз, сәуір айларында облыстағы жанармай құю бекеттерінде сату жоспарын сәтті орындаған үздік үш команда жеңімпаз деп танылды.

- Біздің алдымызда жанар-жағармай бекеттерінде жұмыс істейтін 4000-ға жуық қызметкерді қайтсек ынталандырамыз деген мақсат тұрды. Сөйтіп, біз осындай корпоративтік бағдарлама ойлап таптық. Әр бекет премьер-лига, А лигасы, В лигасы, С лигасы, D лигасы және тағы басқа болып түрлі лигаларға бөлінеді. Мысалы, премьер-лигаға мұнай өнімдері мен халық тұтынатын тауарлары кіретін ірі жанармай құю бекеттері кіреді. Ал, D лигасы тек мұнай өнімдерін сатады. Осы байқау кезінде олар бір-бірімен бәсекелеседі. Біз бұл байқау үшін арнайы IT бағдарлама әзірледік. Әріптестер күнде таңертең осы бағдарламаны қарап, өз рейтингтерін тексеріп тұра алады. Яғни, қанша сатқанын көріп отырады, - дейді компанияның PR-директоры Әсел Әлімханова.  

Бірінші орын С лигасына кіретін Доссор поселкесінде орналасқан жанар-жағармай бекетіне бұйырды. Бекет менеджері Гүлжанат Исанова мұнай өнімдері мен халық тұтынатын тауарларды көбірек сатып, белгіленген жоспарды асыра орындағанын айтады.

- Мен бұл бекетте он жылдан астам уақыт жұмыс істеймін. Кассир болып бастадым. Ұжымымды жеңіспен құттықтаймын. Біз байқаудың екінші кезеңінде де жеңіске жеткіміз келеді. Егер жеңсек, кубок өзімізде қалады, - дейді ол. 

Байқаудың екінші кезеңі шілде, тамыз, қыркүйек айларында өтеді. Оған да барлық бекеттің қызметкерлері қатысады. Ал суперфиналда жеңімпаз командалар ғана қатысады. Суперфинал қазан айының соңы мен желтоқсан айының соңына дейін өтеді.

Осы шешуші кезеңде жанар-жағармай бекеттерінде клиенттерге қызмет көрсету стандарттары тексеріледі. Сервис деңгейі әр бекетке баратын құпия сатып алушы арқылы бағаланады.

Үшінші орын алған бекет қызметкерлеріне 2 млн теңгеге дейін тұрмыстық техника сыйлыққа беріледі. Ал екінші орынға Қазақстанда қымбат қонақ үйлердің бірінде демалуға, ал бірінші орын жеңімпаз командасына шетелде теңіз жағасында демалуға жолдама табыс етіледі. 

Айнұр Сапарова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу