Қызыл астық қыр асты

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2542

Жыл басынан бері темір жол көлігімен тасымалданған астық көлемі 17%-ға өскен.

Қызыл астық қыр асты

Осы жылдың тоғыз айында елдегі темір жол арқылы тасымалданған жүк көлемі былтырғы жылдың осындай кезеңімен  салыстырғанда 11%-ға артқан.

Қаңтар мен қыркүйек аралығында барлық негізгі номенклатуралық жүкті тиеу көлемінің өскені байқалады, оның ішінде астық тасымалдау 17%-ға, ұн тасымалдау 16%-ға өскен. Экспортқа жөнелтілетін астықты тиеу – 7%-ға, ұн 32%-ға өскен деп атап кетті "ҚТЖ – Жүк тасымалдау" АҚ.

ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметі бойынша, қаңтар-тамызында (бұдан басқа жаңа мәлімет әзірге жоқ) Қазақстаннан Тәжікстанға экспортталған бидай мен бидай қоспасы, қарабидайдың көлемі 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға, яғни 581,4 мың тоннаға өскен.  Ал Өзбекстанға шығарылған экспорт 8,7%-ға, яғни 954,8 мың тоннаға ( ақшамен есептейтін болсақ 2,7%-ға, 112,6 млн долларға дейін), Ауғанстанға экспортталған өнім – 26,2%-ға, яғни 147,1 мың тоннаға (ақшамен есептейтін болсақ–  36,6%-ға, 23,9 млн долларға) артқан. Сондай-ақ Ауғанстанға экспортталған ұнның көлемі де 12,6%-ға, яғни 912 мың тоннаға (ақшамен есептейтін болсақ 5,1%-ға, 196,6 млн долларға) дейін өскен.

"Қазақстан темір жолы" акционерлік қоғамы былтырғы жылғымен салыстырғанда биыл экспорттық тасымалдау 12%-ға өскенін айтады. Әсіресе, Қырғызстан (24%), Қытай (19%)  және Ресей (12%) темір жолына жіберілген жүк көлемі артқан.

Сонымен қатар импорттың көлемі одан да жылдам өсуде,тасымалданған импорт  көлемі былтырғы жылғымен салыстырғанда  19%-ға артқан. Импорттық тасымал Қытаймен (26%), Ресеймен (19%) және Өзбекстанмен (16%) шекаралас темір жолда айтарлықтай өскен. Осы жылдың тоғыз айында қазақстандық теңіз қақпасы арқылы халықаралық транскаспий көлік бағдары бойынша тасымалданған жүк көлемі былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 62%-ға артық болып отыр. Болашақ шекаралық темір жол стансасы бойынша Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі шығыс тармағында 85% өсу байқалады.

Осы жылдың тоғыз айында Еуропа-Қытай бағыты бойынша жүретін контейнерлік пойыздар екі есе өскен. Сондай-ақ Қазақстан арқылы ҚХР-Еуропа бағытына контейнерлік жүкті тасымалдау транзиті 1,6 есе өскен. Транзиттік тасымалдаудың ең үлкен көлемі Ченду–Достық– Лодзь бағыты арқылы өткен.

Жұмыс істеп тұрған вагондардың айналымы, өнімділігі және вагондарды түсіру көлемі бойынша жоспар 100%-дан асыра орындалып отыр. "ҚТЖ – Жүк тасымалдау"  компаниясы қосымша жүк ағындарын тарту үшін ҚР аумағы бойынша транзиттік жүк тасымалдау саласында икемді тарифтік саясат жүзеге асырылмақшы, сондай-ақ қара металл, тыңайтқыш, мақта, қант шикізаты, глинозем, түсті металл, жеміс-көкөніс өнімдері, мұнай өнімдерін  тасымалдауға қолайлы тарифтік жағдай жасалған.

Бұнымен қоса, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның хабарлауынша, осы жылдың 3 қазанында ҚР парламент сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Құрық порты паром кешенінің жұмысымен танысып қайтқан. Комитет төрайымы Дариға Назарбаева бастаған сенаторларға паром кешенінің инфрақұрылымы мен мүмкіндіктері таныстырылды.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ инфрақұрылым жобалары жөніндегі вице-президент Бауыржан Орынбасаров депутаттарды "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан порттың болашағы туралы тың мәліметтермен таныстырды.

Өткен жылдың желтоқсанында жылына 4 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алатын паромның бірінші өткізу кешені пайдалануға берілген болатын. Осы жылдың тоғыз айында  914 мың тонна жүк өткізілген. Тасымалданатын негізгі тауарлар қатарында мұнай өнімдері, контейнерлер, химиялық тыңайтқыштар, халықтың тұтынатын тауарлары, құрылыс материалдары бар.

Биылғы жылы 1 миллион 200 мың тонна жүк тасымалданса, келесі жылы оны 3 миллион тоннаға жеткізу көзделуде.
Қазіргі таңда  жобаның екінші өткізу кешенінің автокөлік қатынасы салынуда. Сенаторлар осы жобаның орындалу барысымен танысты.
Теңіз айдыны жағалауындағы айлақтың табанын қазып тереңдету  үшін 730 мың текше метр топырақ сыртқа шығарылды. Қазіргі таңда портқа жүк жеткізетін автокөлік жолы, батыс және шығыс жағалауындағы тосқауылдарды қоршау жұмыстары, бір мезгілде екі паромға қызмет көрсете алатын автокөліктер тұрақтай алатын айлақ жасалуда. Портқа тиесілі ғимараттар мен инфрақұрылымдық жасанды имараттар салынып жатыр. Сонымен қатар Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрық селосы мен осы Құрық порты арасында 21,7 шақырымдық автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Құрық порты паромының екінші өткізу кешенін салуға  186 мамандық бойынша мыңдаған адам жұмысқа тартылған.

"Жобаны жүзеге асыру өңірдің дамуына қарқын береді. Сол арқылы жаңа өндірістік кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары ашылады. Транзиттік жүк тасымалы тасқындай түседі", – деп атап өтті Бауыржан  Орынбасаров.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу