ҚПЛ-2023 алтыншы турындағы матчта петропавлдық "Қызыл-Жар" жеңіске жетті. Әли Әлиев шәкірттері сырт алаңда "Ақсуды" 2:0 есебімен жеңді. Хосе Витор Родригес пен Марат Шахметов бір голдан соқты. Бір қызығы, "Ақсу" Родригес гол соққанша 78-минутқа дейін қорғаныста мықты ойнады. Екінші гол 81-минутта соғылды. Енді "Қызыл-Жарда" мүмкін болатын 18 ұпайдың 18-і бар. Келесі турда 22 сәуірде петропавлдық команда өз алаңында "Каспийді" қабылдайды.
Сондай-ақ алтыншы турда "Ордабасы" "Тобылды" жеңді. Шымкентте өткен кездесу 4:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. "Ордабасы" 21-минутта Асхат Тағыбергеннің күшімен есеп ашты. Дегенмен, бір минуттан кейін Серж Дебле қарымта голды соқты. Келесі гол матчтың екінші жартысында соғылды. 72-минутта Бобыр Абдулхоликов "Ордабасы" командасын алға шығарды. Арада төрт минут өткенде Сергей Малый шымкенттіктердің басымдығын арттырса, 86-шы минутта Всеволод Садовский төртінші голды соғып, қорытынды есепті орнатты.
Алматылық "Қайрат" ҚПЛ-2023 алтыншы турындағы ойында сырт алаңда "Астананы" ұтты. Елордада өткен кездесу 3:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Алматылықтар Жоао Пауло гол соққан соң үшінші минутта-ақ алға шықты. Бірінші таймда Марин Томасовтың таразы басын теңестіруге мүмкіндігі болды. Бірақ, хорватиялық бір-екі метрден бос қақпаға гол соға алмай, мүлт кетті. Ал 56-минутта "Қайрат" қарымта шабуылды тиімді пайдаланды – 2:0. 86-минутта "Астана" қақпасына үшінші голды "Зениттің" тәрбиеленушісі Дмитрий Сергеев соқты. Ресейлік жартылай қорғаушы үшін бұл Қазақстан чемпионатындағы дебюттік гол болды.
Осылайша тартысқа толы 6-тур ойындарынан кейін де петропавлдық "Қызыл-Жар" командасы 18 ұпаймен көшбасшылығын сақтап қалды. 13 ұпайдан жинаған "Ақтөбе" турнирлік кестеде екінші, "Ордабасы" үшінші орынға жайғасты.