banner

"Қызыл-Жарға" жаңа бапкер тағайындалды

1246

Бұрынғы бапкер Андрей Карпович өз еркімен қызметінен кетті.

"Қызыл-Жарға" жаңа бапкер тағайындалды

Қазақстандық маман Әли Әлиев петропавлдық "Қызыл-Жардың" бас бапкері болып тағайындалды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді. Әли Әлиев 2015 жылы "Қызыл-Жар СК" командасына ауысып, футболшы ретінде қола және күміс жүлдегер атанды. 2017 жылғы маусымда команда араға 8 жыл салып, Премьер-лигада ойнау құқығын алды. Осы кезеңде Әли Әлиев 75 кездесу өткізіп, қарсыластарының қақпасына 6 гол соқты.

2019 жылы Әли Ханәліұлы "Қызыл-Жар СК" командасының бас бапкері болып тағайындалды. Оның жетекшілігімен петропавлдық команда Бірінші лигада топ жарып, Премьер-лигаға қайта оралды. Ал Әлиев 2019 жылғы маусымда турнирдің үздік жаттықтырушысы болып танылды. Өткен жылы Әлиев "Шахтерді" және "Астананың" екінші командасын жаттықтырған болатын. Ал биылғы маусымды "Жеңіс" сапында бастады.

Петропавлдық команданың бұрынғы бас бапкері Андрей Карпович қызметінен өз еркімен кетті.

"Достар, мен өзім үшін осындай шешім қабылдадым. "Қызыл-Жар" командасының бас бапкері қызметінен өз еркіммен кетемін. Менің жүрегім қиналғанымен, мұны дұрыс шешім деп ойлаймын.

Өткен маусым біз үшін тамаша және қызықты болды. Конференция лигасында Қазақстан атынан шығу құқығын жеңіп алдық. Жігіттер бұл тапсырманы да абыроймен орындайды деп үміттенемін және сенемін. Бұл өте жақсы және күшті команда, көп нәрсеге қабілетті, оған тек сәттілік керек. Менің кетуім "Қызыл-Жарға" сәттілік әкелетін шығар.

Бұл тек менің шешімім екенін тағы да атап өткім келеді. Осы керемет уақыт үшін барлығына – басшылыққа, әкімдікке, ойыншыларға, қызметкерлерге, жаттықтырушылар штабына және жанкүйерлерге алғыс айтамын! "Қызыл-Жарды" әрқашан қолдайтын боламын. Барлығына үлкен рахмет!", – деп жазды 41 жастағы маман өзінің Instagram парақшасында.

Карпович петропавлдық клубты 2021 жылдың қаңтарынан бері жаттықтырды. Оның жетекшілігімен "Қызыл-Жар" 26 кездесуде 39 ұпай жинап, 4-орынға ие болды және Конференция лигасына жолдама алды.

Айта кетейік, биылғы маусымда петропавлдықтар 8 ойында 6 ұпай жинап, турнирлік кестенің соңғы сатысында тұр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу