Қызылордада ауа температурасы 50 градусқа жетті

4413

 Қызылордада ауа температурасы көлеңкеде 45 ашық далада 50 градусқа дейін жетуде.

Қызылордада ауа температурасы 50 градусқа жетті

Тұрғындар ресми орындардың ауа райы туралы мәліметтерді бес онға дейін төмендетіп көрсетіп отыр деген күмәнмен қарайды. Себебі, жүрек-қан тамырлары ауыратындар жедел жәрдемді жиі шақырса, еңбекпен қамтушылар жұмысын тоқтатуға тиіс. Осыған байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен мәслихатта  тиісті сала басшылары алдағы уақытта да ауа температурасының ыстық болатынын ескертеді.

"Қызылорда облысында ауа температурасы 40 градус болса қатты ыстық, ал 45 градустан жоғары болған жағдайда өте қатты ыстық болып саналады. Қазіргі таңда жұмысшыларға қатысты көп сұрақтар туындап жатыр. ҚР Еңбек кодексінің 23-бабында егер ауа райына байланысты жұмысты жалғастыру жұмыскердің өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін болса, жұмысты тоқтату жұмыс берушінің құқығы әрі міндеті деп жазылған", – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

Брифинг барысында "Казгидромет" РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының" бөлім бастығы Әйгерім Жүкелова облыс территориясына жоғары қысым алқабының енуіне байланысты қазіргі таңда жауын-шашынсыз ауа райы сақталатынын айтты.

"16 шілдеде ауа температурасы 39-40 градусқа дейін жоғарыласа, шілденің 17-20 аралығында ауа температурасы 41-46 градусқа дейін ысиды. Сонымен қатар, солтүстік пен солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін көтеріледі", – дейді Әйгерім Жүкелова.

Қызылордада аптап ыстықтың орын алуына байланысты суға  түсу кезінде сақтық шараларын күшейту туралы да айтылды.

"Ауа температурасының көтерілуіне байланысты адамдардың демалыстарын өзен мен көлдердің жағасында ұйымдастыруы көптеп кездесуде. Осыған орай, өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген жерлеріне суға түсу болмайтындығын ескертеміз", – деді мәслихатта облыстық ТЖД бастығының орынбасары С.Молдақараев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовтің айтуынша, ауа райының өзгерістері бірінші кезекте адамның денсаулығына әсер етуде. Өткен жылмен салыстырғанда жедел жәрдем станцияларына түсіп жатқан шақыртулар саны өсіп отыр.

"Аймағымыздағы күннің қатты ысуы тұрғындарға әсер етуде. Ең көп шақыртулар жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларына байланысты болып, екінші орында тыныс алу жолдарының ауаруларына байланысты болып отыр. Сонымен бірге балалар арасындағы шақыртулардың да саны көбейіп отыр, күн өту мәселесі де өзекті болып отыр. Осыған байланысты облыс тұрғындарын ұзақ сапарлардан, ашық күннің астында ұзақ болудан, тәуліктің ыстық мерзімінде сыртта ұзақ жүруден бас тартуға шақырамыз",– деді Ж.Абдусаметов.

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу