Қызылорда қаласына 202 жыл

Жыл басында шаһар бюджеті 69 млрд. теңгеге жуық болса, бүгінде 100 млрд. теңгеге жеткен.  

Қызылорда қаласына 202 жыл

Қызылорда қаласының құрылғанына 202 жыл. Бір аптаға созылған қала күні кеше қорытындыланды. Бірқатар жаңа ғимараттар ел игілігіне ұсынылса, елге еңбегі сіңген бірнеше азаматқа "Қызылорда қаласының құрметті азаматы" атағы берілді.

Жылжыған жылдармен қатар Қызылорда қаласы дамудың жаңа сатысына көтеріліп келеді. Жыл сайын соны үдеріспен келе жатқан облыс орталығы биылда қалыпты қарекеттен қалтарыс қалмай игі дәстүрін жалғастырды.

Биылғы тартудың негізгі сүйектілеріне келсек, шаһардың мерейтойына арналып ең үлкен саябақ ашылды. 30 гектар аумақты алып жатқан "Денсаулық және демалыс саябағы" енді келушілердің көзайымына айналмақ. Жаңа саябақ Сырдарияның жағасында, әуежайға барар жолдың бойында орын тепкен. Нулы жер болашақта қаланың жасыл белдеуіне өз үлесін қоспақ. Өйткені, қазірдің өзінде мұнда 20 мыңнан астам көшет отырғызылған. Атшаптырым аумақты саялы жерге айналдырған "Бақ-береке 2030" ЖШС.

"Бұл жерге ұзындығы 2 шақырым су жүретін арна мен тал-дарақтарға су баратын 12 арық салынды. Сондай-ақ, балалар мен ересектерге арналған 6 спорттық және ойын алаңы бар", – деді серіктестік директоры Айбек Ерназаров.

Мерекеге орай, дария бойындағы "Сыр Ана" монументі де қайта жаңғыртудан өтті. Демалыс аймағына жаяу жүргіншілер жолы салынып, айналасы көзтартардай абаттандырылған. "Жұмыспен қамту жол картасына" аясында монумент аумағында көгалдандырылып, 2 спорттық ойын алаңы салынған. Заманауи үлгідегі 2 субұрқақ 2012 жылы бой көтерген әсем ғимараттың ажарын аша түсті.

Елдегі карантинге қарамастан аймақта құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Оның бір айғағы, мереке күнінде 200 қызылордалық отбасы жаңа пәтер кілтін алды. Сол жағалаудан берген тұрғын үйдің жалпы ауданы 12 мың 619 шаршы метр. Жалпы, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада соңғы екі жылда республикалық, облыстық бюджеттерден 620 пәтерлік 13 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 240 пәтерлік 4 көпқабатты несиелік үйлер берілген. Биылғы жылдың соңына дейін 680 пәтерлік арендалық 14 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Айшықты жаңалықтың бірі жаңа мөлтек ауданда жаңа білім ошағы ашылды. Заманауи үлгідегі №282 білім ұясы Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан. Теміржолдың арғы бетінен қатынап оқитын оқушылар үшін бұл үлкен иіг іс болды. Халқы тығыз орналасқан КБИ ауданының балалары жаңа мектеп табалдырығын аттады. 600 орынды мектеп лицей жаратылыстану бағытында терең білім беруге негізделген. Материалдық базасы заман ағымына сай жабдықталған.

"Бұл маңайдың оқушылары қала орталығына қатынап оқитын. Ата-аналар балаларын әкеліп орналастырып жатыр. Бұл мектептің ерекшелігі сол, басымдық жаратылыстану бағытында болады. Оның ішінде биология, физика, химия пәндері бойынша жаңа үлгідегі кабинеттер оқушылардың ынтасын ашып, зеректігін арттыратын болады", –  деді мектеп директоры Толқын Жұмағұлова.

"Біздің облысымызда үш ауысымдық оқу жүйесіне көшу қаупі бар 7 мкектеп болса, осы олқылықты жою мақсатында ашылған білім ошағының бірі. Енді бала саны көп мектептердің балалары да осында оқитын болады", –  деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Осылайша жаңа мөлтек ауданда көптен күткен мектеп пайдалануға берілді. Бұл қала күнінде ел қуанышын еселеген байырқалы бастамалардың бір парасы ғана.

Мерекелік шаралар легінде қаланың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан 17 азаматқа Қызылорда қаласының "Құрметті азаматы" атағы берілді.

Биылғы жылдың несібесі мол болды. Яғни, Қызылорда қаласының тайқазанына тартылған қаржы қомақты. Жыл басында шаһар бюджеті 69 млрд. теңгеге жуық болса, бүгінде 100 млрд. теңгеге жеткен.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу