Сондай-ақ өңірде қыз-келіншектерге қарағанда ер-азаматтардың саны көп екен. Нақтырақ айтсақ, ерлердің саны 421 мыңнан асса, әйелдердің саны 418 мыңға жуықтаған. Ал халықтың 53 пайызы ауылда тұрып жатқан көрінеді.
Осы орайда, "840 мыңға жуық тұрғыны бар Қызылорда қашан миллионер қалаға айналады?" деген заңды сұрақ туындайды. Inbusiness.kz тілшісі дәл осы сауалға жауап іздеп көрді.
Жалпы 2023 жылдың 1 шілдесіне дейінгі облыстағы халық саны 838 860 адамды құрап отыр, оның ішінде қалалықтар – 393,7 мың (46,9%), ауылдықтар – 445,2 мың адам (53,1%). Өткен жылмен салыстырғанда халық саны 5,3 мың адамға өскен.
"2023 жылғы қаңтар-маусым айларында облыс халқының табиғи өсімі өткен жылмен салыстырғанда 1,2%-ға кеміп, 7 526 адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 18,09 адам болып тұр. АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2023 жылғы қаңтар-маусымда дүниеге келгендер саны 9 664 адам болса, былтырғыға қарағанда 2,8%-ға аз. Туудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға 23,23 туғандарды құрады. Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны – 2 138 адам, өткен жылмен салыстырғанда 8,2%-ға аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға 5,14 қайтыс болғандарды құрады", – деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Нұрқабылова.
2023 жылғы қаңтар-маусым айларында облыста 1 жасқа дейінгі шетінеген 76 нәресте тіркелген. Өткен жылы 116 нәресте шетінеген еді. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1 000 туғандарға шаққанда 7,86 оқиғаны құраған.
Жыл басынан бері Қызылорда облысына алыс және жақын шетелдерден 13, республиканың басқа облыстарынан 3 094 адам келген. Сондай-ақ алыс және жақын шетелдерге 31 адам көшсе, облыстың 6 808 тұрғыны Қызылорда аумағынан тұрғылықты орнын ауыстырған.
"Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2023 жылғы қаңтар-маусымда облысымызға тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 9 915 адамды, облыстан кеткендердің саны 12 247 адамды, көші-қонның айырымы – 2 332 адамды құрады. 2022 жылдың қаңтар-маусымымен салыстырғанда облысқа келгендер саны 3,9%, ал облыстан кеткендер саны 1,3%-ға көбейген", - дейді Гүлмира Жеткергенқызы.
Сонымен 1 000 тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы Шымкент қаласы, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан кейінгі төртінші орында келеді. Облыста күніне орташа есеппен 55, айына 1 600 сәби дүние есігін ашады. Ал, облыстағы туу көрсеткіш пен өлім-жітімді салыстыра келе, математикалық есеп бойынша миллион тұрғынға жету үшін әлі 15-20 жыл керек екенін байқаймыз. Әрине, бұл тек математикалық болжам ғана.