Қызылорда облысы елімізде инвестиция көлемі бойынша көш бастады

Аймақта Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы жасақталып, құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба әзірленді.  

Қызылорда облысы елімізде инвестиция көлемі бойынша көш бастады Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

Сыр өңірінде шикізатқа тәуелділікті төмендету мақсатында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобалар қолға алынды. Индустрияландыру аясында өңірде құны 607 млрд 700 млн теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. 

Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Фото: ortcom.kz

Өңір басшысының айтуынша, бұл – 6 мың 300 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. 

"2022 жылдың қазан айынан бастап облыста өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауыты нақты жұмысын бастады. Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам, жалпы сомасы 4,5 млрд теңге  өніммен қамтамасыз етті", – деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Осылайша зауыт 2023 жылдың 4 айында 3,5 млн текше метр шыны бұйымдарын өндірген. Зауыт өнімі республикамызбен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда. 

Қызылорда облысының әкімінің айтуынша, қазір шыны зауытының жанынан 32 млрд 800 млн теңгені құрайтын 3 ілеспе кәсіпорын ашылады. Бұл жобалар жаңа жұмыс көзін құруға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Өңірде қолға алынған ірі жобалардың бірі – биыл құны 235 млрд теңге болатын "Шалқия" кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы.

Фото: syrboyi.kz

"Оның құрылысы басталды. Бүгінде Еуропалық Даму және Қайта Құру Банкі платформасында тендер өткізілуде", – деп атап өтті аймақ басшысы. 

Сыр елі бүгінде жыр елі ғана емес, нағыз өндіріс ошағына айналып, инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Мәселен, "Бала-Сауысқандық" кен орнында қара тақта тасты автоклавты өңдеу бойынша тәжірибелік-өндірістік кешен жұмыс жасауда. 2022 жылы кешенде 454 тонна, ал биылғы 4 айда 81 тонна өнім өндіріліп, кен орнынан алынған аммоний метаванадаты мен ферромолибден Ұлыбритания, Ресей елдеріне экспортталды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілді. Өткен жылы құны 5 млрд 100 млн теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Мәселен олардың қатарында "Үй құрылысы комбинаты", "350 орындық мектепті кеңейту",

"Балық өңдеу цехы", "Көкөніс сақтау қоймасы" бар. Биыл құны 13 млрд 400 млн теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады", – деген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев инвестиция тарту мәселесіне тоқталды. 

Айтуынша, ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді. 

"Атап өту қажет, аймағымыз республикада инвестиция тарту қарқыны бойынша бірінші орында. Өңір экономикасына салынған қаржы 409,5 млрд теңгеге жетті.  Биыл өңірге 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады", – деп нақтылады аймақ басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу